Атақты Жүсіп Баласағұни Мәтуриди ақидасында болған. Оны "Құтты біліктегі" өлең жолдарынан түсінеміз
Атақты Жүсіп Баласағұни Мәтуриди ақидасында болған. Оны "Құтты біліктегі" өлең жолдарынан түсінеміз
1 жыл бұрын 3395
Дайындаған Абдусамат Қасым

Атақты ғалым, ойшыл, ақын, мемлекет қайраткері Жүсіп Баласағұниді білмейтін қазақ жоқ шығар (1017-1077 ж). Жүсіп Баласағұни бір тек қазақ ұлты үшін ғана емес, күллі түркі халықтарына қымбат тұлға. Оның «Құтты білік» атты саяси-әлеуметтік жыр-дастаны бүткіл түркі әлемінің ортақ қазынасы. 6520 бәйттен (екі жолдық өлең) және 85 тараудан тұратын Құтты білік кітабы мұсылманшылық құндылықтары негізінде жазылып, Жаратушыны мадақтау және Мұхаммед пайғамбар мен оның төрт шадияры Әзіреті Әбу Бәкір, Әзіреті Омар, Әзіреті Осман, Әзіреті Әлилерді дәріптеумен басталады. Бұл еңбек - бүкіл түркі тайпаларының салт-санасын, әдет-ғұрпын, мәдениетін таныстырумен қатар, ізгілікке баулу, басшы мен халықтың ара-қатынасы, ел басқару, білімді сүю, ғалымдарды сыйлау сияқты әлеуметтік салалар мен құндылықтарды да қамтыған. Осы жөнінен алғанда Жүсіп Баласағұнның одан үш ғасыр кейін өмір кешкен әлеуметтану ғылымының негізін қалаушы, тарихшы әрі философ Ибн Халдунмен1 ұқсастығы бар.

Жүсіп Баласағұни өзінің "Құтты білігін" жаратушы Құдай Тағалаға арнап жазған мадақтау өлеңімен бастайды. Бұл өлеңінде ол Құдай Тағаланы танытып, оның сипаттамасын береді. Сондағы сипаттама сөздерінен Ислам дініміздің сенім-негіздеріне және Исламдық дүниетанымына әбден қанық екендігін ұғынамыз. Және маңыздысы - Исламның «сунниттік» бағытының өкілі болғандығын да сол өлеңінен түсіну қиын емес. Әсіресе, сунниттік мектебіндегі «Алланың мекені жоқ», «Алланың тарапы жоқ» деген сияқты, тарихта Кәррамия-Мүжәссима, ал бүгінде сәләфизм өкілдері бір жақта, Мәтуриди және Әшғари мектебінің өкілдері екінші жақта болып, пікірталастың жандануына себеп болған тақырыптарға да нақты жауап беріп өткен.

Жүсіп Баласағұни (рахимаһуллаһ) Құтты білігінде «Алланың мекені жоқ, оның тарапы жоқ» екендігін айта келе өзін, өзінен бір ғасырға жуық уақыт бұрын өмір кешкен Имам Мәтуридидің ақида мектебіне тән екендігін көрсеткен. Ал, кітапта төрт шадияр сахабаны мадақтақтаған дастанында әуелі Әзіреті Әбу Бәкірдің есімін атап, артынан кезегімен - Әзіреті Омар, Әзіреті Осман және Әзіреті Әлидің есімдерін білдірген. Мұнысынан, оның «Шиизм» бағытынан ұзақ, ал «суннит» жолына жақын болғандығын нақты ұғынамыз. Осы айтқандарымызға жеке-жеке ғалымның өлеңдерінен үзінді беріп, оны Имам Мәтуридидің (р.а.) сөздерімен салыстыралық.

1). Тәнзиһ (Алланы еш нәрсеге ұқсатпау) сенімі.

Юсуф Баласағұни Құтты біліктегі «Жаратушыға мадақ» өлеңінде Құдай Тағаланың теңдесіз, дара екендігін айта келе, оның теңдесі жоқ және ешбір жаратылысқа ұқсамайтындығын білдірген. Бұл, ең әуелі, Құран Кәрімдегі «Алла Тағалаға еш нәрсе ұқсамайды»2дейтін аяттың түсіндірмесі іспетті, екіншіден, «Суннит» ұстанымындағы Мәтуриди мәзхабы мен Әшғари мәзхабтарының «тәнзиһ», яғни, «Құдай Тағаланы жаратылыстарға ұқсатпау» қағидаты. Осы айтқандарымызға ұлы қазақ ғалымының өлеңдерінен дәйексөздер келтіре отырып, оны Имам Мәтуридидің сөздерімен салыстыралық. Жүсіп Баласағұни былай дейді:

«(Алланың) Ұқсасы жоқ, десең, ойлап қарайық,
Қандайлығын біліп болмас, халайық»3.

(Аталмыш өлең жолдары Түрікше аудармасында: «Оның теңі де, ұқсасы да жоқ. Қандайлығына жаратылғанның ақылы жетпейді» деп келтірілген)4.

«Ұқсасы жоқ...», яғни, ешбір жаратылыс ешбір жөнінен Алла Тағалаға ұқсамайды деген сөз. Бұған қатысты Имам Мәтуриди (рахимаһуллаһ, 881-944 ж.) өзінің атақты «Тәухид» атты Ислам сенім-негіздеріне байланысты жазған ауқымды еңбегінде былай деп өтеді: «Алла - біреу. Оның ұқсасы жоқ. Әрдайым бар. Оның қарсыласы да, теңі де жоқ. Бұл айтылғандар - Алланың ««Алла Тағалаға еш нәрсе ұқсамайды» деген аятының түсіндірмесі болып табылады...»5.

Немесе Имам Ағзам Әбу Ханифаның (рахимаһуллаһ) мына сөзімен ұштастыруға болады:

«Алла жаратқандарының ешбіріне ешбір жөнінен ұқсамайды, сондай-ақ, жаратылыстарының ешбірі Оған (Аллаға) ұқсамайды»6.

Бұнымен қатар, Жүсіп Баласағұнидің Құдай Тағаланы таныта келе «ұқсасы жоқ...» деуі, Оның (Ю. Баласағұнидің) сол замандарда белең алған «мүшәббиһа», яғни, «Алланы жаратылыстарға ұқсатушы» антропоморфизм (мүшәббиһа) ағымынан жырақ болғандығын көрсетеді.

2) "Қандайсыз (билә кәйфия)". 

Ал, «Қандайлығын біліп болмас, халайық..» деген өлең жолындағы «қандайлық» сөзі - ақида сеніміндегі «билә кәйфия» терминінің дәл өзі. Ақида саласында жаратушы Алла Тағаланы таныту кезінде Оның кескін-кейіпсіз екендігін және оның заты мен сипаттарының «қандай» түсінігінен ада екендігін ұғындыру үшін «билә кәйфия» термині қолданып жатады. Өйткені қандайлық (кәйфият) тек бейнесі бар затқа айтылады. Алла Тағаланың бейнесі жоқ. Осы ұстанымды Баласағұни «Қандайлығы білінбес...» деп айтып отыр.

Имам Мәтуриди (рахимаһуллаһ) Алланың өзіне қатысты болсын, мейлі сипаттарына қатысты болсын «қандай?», «қалай?» деп сұрауға болмайтындығын білдірген кітабында. Егер Алланың өзіне қатысты «Қандай?», "Қалай?" деп сұрасақ, бұндай сұрақтың астарында - «Алланың ұқсасын» іздегендік жатыр. Ал, Алла Тағала - теңдесіз. Ұқсасы жоқ. Тура сол сияқты, Алланың сипаттарына қатысты да «Қандай?», «Қалай?» деп сұрақ қоюға болмайды дейді Ол (р.а.). Өйткені, Алла Тағаланың сипаттарына қатысты да «Қандай?» немесе «Қалай?» десек, бұның да астарында оған тең келер басқа бір затты іздеу жатыр. Алла Тағалаға заты тұрғысында да, сипаты тұрғысынан да ешкім тең келмейді7

Имам Ағзам Әбу Ханифа Алла Тағаланы таныта келе біраз жерінде осы «билә Кәйфия» сөзін қолданады. Мысалы, Алла Тағаланың пейіште көріну мәселесін айта келе былай деген:

«Жәннәт жұртшылығына Алла тағаланың көрінетіндігі шындық. Бірақ, кескін-кейіпсіз (билә кәйфия),  еш нәрсеге ұқсамайтын күйі және бағытсыз көрінеді (яғни, оң жақта, сол жақта, үстінде, астында деген сияқты бағытта емес)»8.

Имам Мәтуриди «Алла қалай көрінеді?» деген сауалға:

- «Билә кәйфия, қандайсыз (қандайлығы белгісіз немесе кескін-кейіпсіз) көрінеді. Өйткені, қандайлық (кәйфият) - бейнесі бар затта болады» - деп жауап берген9. 

3). Алла Тағала ешбір тарапта емес. Оны алты тарап қамтып тұрған жоқ.

Бұл сенім-негізін Жүсіп Баласағуни былай деп жырлайды:

«Кейінде-алда, не солыңда, оңда жоқ,
Асты, үстіде: отырар жай онда жоқ»10
.

(Мұның түрікше аудармасында былай деп келтірген (сөзбе-сөз аударма): «Артта, не алда емес, не солда, не оңда емес, Жайы не астыда емес, не үстіде емес, не ортада емес»).

Жүсіп Баласағұнидің осы өлең жолдарындағы Алла Тағалаға берген сипаттамасы Мәтуриди мәзхабындағы «Алла алты тұстан ада» деген сенімімен ұштасады. Алты тұс дегеніміз: алды, арты, үсті (жоғарысы), асты, оң, сол. Алла Тағала осы тұстардың ешбірінде емес: не алдыда емес, не артта емес, не астында емес, не жоғарыда емес. Осыны Жүсіп Баласағұни өлең жолдарымен әдемі жеткізген.

Имам Тәхауидің бұған қатысты: «Өзге жаратылыстар сияқты, Алла Тағаланы алты тарап қамтып тұрған жоқ!» -деген сөзі бар. Алты тарап дегені: алды, арты, үсті (жоғарысы), асты, оң, сол. (Ақидатут Тахауия).

Сондай-ақ, қазақтың алғашқы ұстаздарының бірі ағартушы Ыбырай Алтынсарин де өзінің «мұсылманшылықтың тұтқасы» атты кітабында Алла Тағаланың ешқандай тарапта, ешқандай тұста орын алмағанын былай деп ашық айтып өтеді:  

«Ол - «Жиһат сәттен» (жиһәту-ситтә), яғни алты түрлі тараптан: оңы, солы, алды, арты, асты, үсті болудан таза-дыр».

Ыбырай Алтынсаринның кітабында жазған бұл қағида - өзінен сегіз ғасыр бұрын өмір кешкен қандасы Жүсіп Баласағұнидің Алланы танытудағы айтқан жоғарыдағы өлең жолдарының дәл өзі. 

4. Алланың орны жоқ, мекені жоқ. Алла Тағала мекенсіз.

Алланың мекені жоқ деген сенімді Имам Мәтуриди өзінің кітабының бірнеше жерінде дәлелдеп өткен. Ол бір сөзінде былай дейді:

«Алла Тағала мекен-орын жоқ кезде бар еді. Әлі де өзгеріссіз солай. Алла Тағала заман және орыннан пәк...»11.

Бұл шындықты Жүсіп Баласағұны былай деп жырлайды:

«Өзі орынсыз, жаратқан сол орынды,
Онсыз орын болмас, білгін соныңды».

«Өзі орынсыз...», яғни, Алланың мекені жоқ, орны жоқ. «Жаратқан сол орынды...» деп отыр. Яғни, орындарды жоқтан бар еткен ол, енді, орындарды жоқтан бар етіп, кейін сол орынға орналасты деу абсурд. Олай десек, ол орындарды жаратпай тұрып қайда орналасқан еді? - деген заңды сауал туады, әлде орындар да мәңгі ме еді? Жүсіп Баласағұнидің бұл өлең жолдары Имам Ағзам Әбу Ханифаның мына бір сөзінің дәл өзі деуге болады:

«Ешбір орын, ешбір жаратылыстар жаратылмай тұрып Алла тағала (әзәлден) бар еді. «Қайда» жоқ кезде, Ол бар еді (яғни мекен, орын болмай тұрып бар еді). Ешбір жаратылыс, ешбір нәрсе болмай тұрып Алла бар еді. Және Ол барлық нәрсенің жаратушысы...». ("әл-Фиқһул Әбсат").

Өздеріңіз де көріп отырғандарыңыздай, бабамыз Жүсіп Баласағұни жоғарыда келтірілген өлең-жолдарымен Әһлу сунна уәл жамағат жолындағы «Алланың мекені жоқ» деген сенімін паш еткендігін түсініп отырмыз.

Қорыта келе айтарымыз, осыдан мың жыл бұрын өмір кешкен Жүсіп Баласағұнидің аталмыш өлең жолдары - қазақ халқының о бастан ұстанып келе жатқан ұстанымының Исламның сунниттік бағыты, Ханафи мәзхабы, Мәтуриди ақидасы екендігін тағы бір айқын дәлелі және ең бастысы қазақ халқының ел болып қалыптаспай тұрғанда-ақ мұсылман дінін дәріптеген халық болғандығының айғағы. "Мұнда ойланар адамдар үшін ғибрат бар". (аят). Әлхамдулилләһи Раббиль аләмин!


1 Ибн Халдун – Абдуррахман ибн Мұхамед әл-Хадрами (الخضرميّ). Тунистік тарихшы. Философ. Әлеуметтану ғылымының негізін қалаушы ғалым. Туған жылы – миләди 1332 жыл. Қайтыс болған жылы: миләди 1406 жыл. Қабірі – Каир қаласында (Мысыр).
2  (Құран Кәрім: «Шура» сүресі, 11 аят)
3  Асқар Егеубаев, «Құтты білік». Қазақша аудармасы.
4  Мұзаффар Түнжел, «Құтадғұ білік». Түрікше аудармасы.
5  Имам Мәтуриди (рахимаһуллаһ): «Китабут тәухид», 87 бет. (Араб тілінде).
6  Әбу Ханифа (рахимаһуллаһ): «әл-Фиқһуль Әкбәр».
7  Имам Мәтуриди: «Тәухид», 174 бет.
8  Әбу Ханифа: «әл-Уасия».
9  Имам Мәтуриди: «Тәуиләт», «Ағраф» сүресінің 143 аятының тәпсірі.
10  Асқар Егеубаев, «Құтты білік». Қазақша аудармасы.
11  Имам Мәтуриди: «Тәухид», 183 бет.

0 пікір