«Бұғат» емес, «Бұғақ»!
«Бұғат» емес, «Бұғақ»!
9 ай бұрын 2558
Дулат ИСАБЕКОВ, Халық жазушысы

Соңғы кездерде қазақ журналистикасында тіл бұзушылық көбейіп барады. «Дүмше молда дін бұзар» деген мақалды «Дүмше тілші тіл бұзар» деп жалғастыруға тура келеді. Кейде ғасырлар бойы қалыптасқан мақал-мәтелдерді де өз білгенінше жаза салатын журналистер, тіпті сөз зергері деп жүрген ақын-жазушылар да кездесіп қалып жатады. Баяғыда «кепе» дегенді «жер төле» деп жазғаны үшін Тәкен Әлімқұлов Әбдіжәміл Нұрпейісовті «тіл білмейсің» деп қат­ты сынап еді. Орынсыз қолданған бір сөз үшін Ғабит Мүсірепов те Оралхан досымның шамына тиер біраз сөз айтып тастап еді. Қазақ сөзінің бір әріпі қате кеткен мақаланы оқи қалса Мұзафар Әлімбаев байбалам салып, мақала жазатын. Сол кісілер бүгінгі газет­тердегі жаппай тіл бұзушылықты көрсе естерінен танып қалатын шығар-ау деп ойлаймын. 

Қанша айтсаң да, қанша байбалам салсаң да жөнделмей келе жатқан бір сөз бар. Ол – Бұғат. Егер бір жемқордың үй-мүлкі тәркіленсе, барлық газет­тер «оның үй-мүлкі бұғат­талды» деп жазудан таймай келеді. Айналайындар-ау, оның дұрысы «Бұғат­талды» емес, «Бұғақталды». Бұғат – үйдің жоғарғы қабаты мен жабындының екі арасы. Сол бұғат­тың қуысына торғайлар ұя салатын. Ал Бұғақ – асау атқа салынатын шылбыр. Кейде оны «Бұғалық» деп те атайды. «Бұғалық түскен асаудай, жұлқынып үзіп қаша алмай» деп Нартай ақын да қартайған шағында атақты әнін қалдырмап па еді. «Бұғат» пен «Бұғақты» ажырата білмеу – сөз өнеріндегі білімсізідік.

Екінші бір даулы сөз – Сұңғыла. Бұл сөз кейінгі кезде ерекше дарынды адамға байланысты айтылып жүр. «Сұңғыла ақын» «Сұңғыла – ғалым», «Сұңғыла күйші», т.т. Ал егістікпен айналысатын Оңтүстік аймақтарда бұл сөз жаман мағынада қабылданады. Өйткені қауын, қарбыз және басқа да дақылдардың түбіне шығатын күлгін түсті жауыз өсімдік бар. Ол шыққан жердегі басқа дақылдардың сабағы, қауын-қарбыздың дәмі бұзылады. Жүрген жеріне шөп шықпайтын пиғылы арам адамдарды Оңтүстікте сұңғыла деп атайды. «Сұңғыла ақын», «Сұңғыла күйші» деген теңеуді Оңтүстік жұрты теріс мағынасында қабылдайды.

Тағы бір дұрыс айтылмай жүрген мақал бар. Ол – «Сенген қойым сен болсаң, күйсеген нақ аузыңды»… деп жиі қолданылады. Дұрысы – «Сенген өгізім сен болсаң…» деп жазылуға тиіс. Бұл – өзгеріске түспейтін ежелгі мақал. Малсақ шаруа бір қойға не үшін сенбек? Бір қой қорада тұр көзі бозарып. Көп болса биылы қысыр қалған шығар. Оған не деп сенім артпақ? Ал өгізге сенудің жөні бар.

Бір шаруаның бес қойы болған екен. Оған кеп бір «білгіш» «бес қойыңды менің өгізіме айырбаста. Көктемде өгізбен жер айдап егін ексең қыруар байлықтың астында қаласың» деген соң ол байғұс бес қойын әлгі «білгіштің» өгізіне айырбастап жіберген екен. Көктем шыққан соң өгізін жерағашқа жегіп, жер жыртуға кіріспей ме? Өгізі айдамақ болған жерді екі-үш рет айналған соң көктемнің көк өзек кезінде қалжыраған болуы керек, жата кетіпті де, сол бойы тұрмай қойыпты. Шаруа байғұс өгізінің мүйізінен сүйрейді, құйрығынан тартады, арқанмен сабайды. Ал, өгіз болса ондай жазаның біреуін де елең қылмай, жайбарақат күйсеп жата берсе керек. Күйіп кеткен шаруа сонда барып: «Сенген өгізім сен болсаң, күйсеген нақ аузыңды» деп боқтаған екен. Қойға емес, өгізге сену қисынды ма? Оған дау жоқ.  

Мен дәл осындай ескертпе мақаланы бұдан бұрын да жазып едім, бірақ оны елең қылған газет­тер жоқ, «Бәз баяғы баяғы, Байғожаның таяғы» дегендей сол сөз білместіктерін емін-еркін жалғастыруда. Өзің білме, білгеннің тілін алма» деген осы ғой.  

Дереккөз: qazaqadebieti.kz 

0 пікір