АШУ
АШУ
10 жыл бұрын 6648
Қайрат Жолдыбайұлы

Ашу Жаратқан тарапынан пендесіне тектен текке берілмеген. Ашу Ұлы Иеміздің Қаһһар есімінің бір сәулесінің көрінісі іспетті. Оны өз орнында, қажет мөлшерде қолдансаң жақсы қасиет, мұсылман сипаты. Мысалы, дұшпан елің мен жеріңнің намысын аяққа таптауға әрекет еткен сәтте сенің де қарап отырмай ашуға мініп, қам-қарекет жасауың, міне бұл ашудың нағыз қажет тұсы. Мұндай жерде мәймөңкілеп, боркеміктік танытуың немесе аяқ астынан кешірімді бола қалуың ынжықтыққа, намыссыздыққа жатады. Әрине ашу дегенде құр көкірек соғып, айқайға басу яки, алды-артын аңдамай парықсыз іс жасау деген сөз емес. Іштегі намыстың сыртқа пайдалы іс болып шыққан көрінісі. Бір сөзбен айтқанда "ақылды ашу", "белсенді ашу" десең де болғандай.

Ал әшейін күнделікті тіршіліктегі ұсақ-түйек нәрсеге бола ашу шақырып, шеке тырыстыру, гүжілдеп бақырып-шақыру сорақы қылық. Ондай адам үнемі айналасына жағымсыз жағдай қалыптастырып, өз жүйкесін өзі жұқартады. Қасықтап жиған абыройын әп-сәтте шелектеп төгеді де тастайды. Алла Елшісі бір хадисінде: "Ашулы адам ақылының үште екісі кем" деген. Рас. Ашуына ерік берген кісі кейде өмір бойы өкінетін іс жасайды. Абақтыда отырғандардың көпшілігі сол бір орынсыз һәм ақылсыз ашудың құрбаны. Пенде болған соң орынсыз да ашуланасың. Бірақ мұндайда мұсылман баласы ашуын тез тарқатқаны жөн. Ал сол ашуды тереңдетіп, оны кекке ұластырып, одан әрі көрге дейін жеткізу әсте мұсылманға жараспайтын жат қылық. Қазекемнің: "Жақсының ашуы жібек орамал кепкенше, жаманның ашуы басы жерге жеткенше" деген мақалы неткен мәні терең маржан сөз.

0 пікір