Исламның туын көтерген – Берке хан
Исламның туын көтерген – Берке хан
10 жыл бұрын 8905
Мұхан Исахан

Ордадағы алғашқы бұлғақ

Алтын Орданың негізін қалаған Бату хан 1256 жылы қайтыс болып, орнына үлкен ұлы Сартақ таққа отырды. Бірақ, Сартақ тақта ұзақ отыра алмады. Ол 1258 жылы кенеттен қайтыс болады. Сартақтың өлімі және Берке ханның билікке келуіне қатысты тарихи деректерді саралайтын болсақ, Жошы ұлысында осы кезден бастап саяси һәм діни жікшілдіктің орын алғанын аңғарамыз. «Алтын Орда тарихына қатысты материалдар жинағында»[1] Сартақтың өлімінің немере ағасы Беркемен арадағы діни дүрдараздықтан болғандығы айтылады. Сартақ Қарақорымнан оралғанда Берке Алтын Орда тағынан дәмелі екенін ашық білдіреді. Бұны естіп-білген Сартақ Беркеден теріс айналады. Жасы үлкен ағаға сәлем бермегеніне наразы болған Берке араға адам салып, Сартаққа өкпесін жеткізгенде, ол Беркенің мұсылман, ал, өзінің христиан екенін айтып, жолығудан бас тартады. Оған қатты күйінген Берке: «Өз іс-әрекетімнің хақ екендігін дәлелдей көр», - деп Аллаға жалбарынады. Үш күннен соң Сартақ хан ауырып қайтыс болады.

Ал, Бартольдің айтуынша, Сартақ Бату ханның көзі тірісінде-ақ христиандардың ықпалында болып, Еділдің төменгі жағында шіркеу салдырған. Зерттеушілердің көпшілігі осы діни қарама-қайшылық аға мен інінің арасына жарықшақ түсірді деп біледі. Әсілі, бұл кикілжің Шыңғысханның өз ұрпақтарына нақты діни ұстанымды айқындап бермегендігінен орын алды деп тұжырымдауға болады.

Сартақ қайтыс болған соң Батудың тағы бір ұлы Ұлақшы Алтын Орда тағына отырады. Ол тым жас болғандықтан, Батудың үлкен әйелдерінің бірі Боракчинге мемлекетті басқаруды тапсырады. Бірақ, Ұлақшы да көп ұзамай-ақ қайтыс болады да, Ордадағы Беркенің жақтаушылары басымдық танытып, оны билікке алып келді.  

Ал, Берке хан Шыңғыс ұрпақтарының ішінде алғашқылардың бірі болып Ислам дінінің жоқтаушысына айналды. Араб зерттеушісі Әмин әл-Холидің жеткізуіне қарағанда, Берке хан Кувравия тарихатының шейхі Әл-Бахарзиге мүрит болып, Ислам дінін қабылдаған. Берке ханның Шыңғыс ұрпақтарынан саяқ кетіп, дербес саяси әрекет етуіне оның діни көзқарасы әсер етті деуге болады. 

Алтын Орданы Ислам мемлекетіне айналдырды

Жалпы, Берке ханның Алтын Орданы Қарақорымнан бөліп, дербес мемлекет етуіне мынадай факторлар әсер етті:

Біріншіден, ұлы қаған Мөңке қайтыс болып, Құбылай мен Арықбұға арасында таққа талас өрбігенде, Берке хан Арықбұғаның билікке келуін жақтады. Алайда, 1260 жылы Құбылай Арықбұғаны жеңіп, ұлы қаған тағын иемденді. Жеңілген Арықбұғаға төрелік айтуға Берке хан шақырылғанда, ол өз ұлысында қауырт шаруалардың көп екенін айтып, Арықбұға ісіне төрелік айтудан бас тартады. Беркенің бұлайша жақауратуы, Құбылайдың ұлы қағандығын мойындағысы келмегенінің белгісі еді.

Екіншіден, Құбылай ханның Иран мен Бағдат халифатын жаулап алған Құлағуға Елхан атағын беруі де Беркенің мұсылмандық мүддесіне қайшы-тын. Жалпы, Берке хан әу-бастан Құлағудың  Парсы және Ислам халифатын жаулап алуына қарсы болған. Бірақ, ұлы құрылтай қабылдаған шешімнің негізінде Құлағу 1256 жылы өз әскерімен Аму-Дариядан өтіп, Ирандағы исмайлиттер билігін күйретіп, олардың 40-тан астам қамал-бекіністерін басып алады. Онымен шектелмей 1258 жылы Ислам халифатының орталығы Бағдатты шауып, халиф Мустасимнің байлығын талан-таражға түсіреді.

 Осы кезде Мысыр билеушісі мәмлүк Захир ад-дин Бейбарыс сұлтан Берке ханға өз елшілерін аттандырып, мұсылмандық мүддені бірге қорғауға шақырады. Берке хан да бұл ұсынысты қабыл алып, Құлағуға қарсы Бейбарыспен әскери һәм діни одақтастық құрды. Тіпті, қыз беріп, құдандалы болды. Алтын Орда билеушісінің бұл әрекеті оның Қарақорымнан еншісін бөлек әкеткенін анық аңғартатын еді. Яғни, Алтын Орданың тәуелсізденуіне діни фактордың әсер еткендігі күмәнсіз шындық.

Үшіншіден, Шыңғысханның «Ұлы Ясасы» бойынша соғыстан түскен олжаның бестен екі бөлігі Қарақорымдағы ұлы қағанға, екі бөлігі – жасаққа, қалған бір бөлігі – Батудың отбасына берілуі керек болатын. Құлағудың Бағдатты алғаннан кейін Беркеге тиесілі олжаны жібергенде, сыйлықтар Алтын Орда билеушісінің көңілінен шықпаған. Бұл Алтын Орда мен Құлағу Елхандығы арасының шиеленісуіне түрткі болған экономикалық себеп еді. Сонымен бірге, Иранды жаулап алуға Жошы ұлысынан жіберілген әскери қолбасшылар – Тұтар, Балақан, Құлидың кенеттен қайтыс болуы да Беркенің Құлуғаға деген өшпенділігін тудырды. Ал, Беркенің Елханға жіберген елшілерінің ішіндегі бақсылардың астыртын әрекеті әшкереленгенде, Құлағу оларды өлім жазасына кеседі. Екі билеушінің арасында орын алған бұл шым-шытырық оқиғалар, Шыңғыс ұрпақтарының бір-бірінен бөлінуіне, әрқайсысының жеке мүдделердің сойылын соғуына итермеледі.

Төртіншіден, Шыңғысханның бұйыруымен 1223 жылы Жебе мен Сүбітай баһадүр бағындырған Әзірбайжан мен Грузия жерлерін Берке хан Жошы ұлысына тиесілі деп білді. Ал, бұл жерлер осы кезде Құлағуың иелігінде еді. Оған қоса, Берке хан Құлағу өзінің бір атадан тараған туысы болса да күнгейде Алтын Ордамен бәсекелес күшті мемлекеттің болғанын қалаған жоқ. Яғни, Кавказ тауларының оңтүстік беткейіндегі екі мемлекеттің шекаралық аудандарға деген талас-тартысы һәм Шыңғыс ұрпақтарының арасындағы өзара саяси бәсекелестік Алтын Орданың дербес мемлекет болуына әсер етті.

Түйін

Сөйтіп, Шыңғысханның Бөртеден туған үлкен ұлы Жошының ұлысы, кейін Бату ханның Шығыс Еуропаны жаулап алуымен іргесін кеңейткен Алтын Орда - Берке ханның таққа отыруымен Қарақорымнан іргесін бөлек салып, тәуелсіз мемлекетке айналды. Тәуелсіз мемлекет қана емес, өз дәуірінде Хақ дін – Исламның жоқтаушысына айналған мәдениеті жоғары, руханияты толысқан, әскери һәм саяси-экономикалық қуаты артқан теңдессіз алып империя дәрежесіне көтерілді. 

(Мақаладағы деректер Мұхан Исахан мен Рүстем Сыздықовтың «Алтын Орда империясы һәм Ислам діні» атты зерттеу жұмысынан алынды).

[1] СМИЗО

0 пікір