Сасаниттердің Ұлы патшасы ІІ Хосров Парвиздің Мұхаммед пайғамбарға (с.а.у.) көрсеткен дөңайбаты және Хосровтың ақыры
Сасаниттердің Ұлы патшасы ІІ Хосров Парвиздің Мұхаммед пайғамбарға (с.а.у.) көрсеткен дөңайбаты және Хосровтың ақыры
22 күн бұрын 4462
Дайындаған Абдусамат Қасым

Парсы империясының соңғы Ұлы патшасы ІІ (екінші) Хосров Парвиз өзінің алдыңғы патшалардың ішіндегі ең айбындысы, зерегі әрі қаһарлысы еді. Оны Иранның және Ираннан өзге аймақтардың «Шахиншахы» деп атайтын. Парсы империясын 591-628 жылдары аралығында басқарды.

Оның кезінде Хижаз аймағында хақ дін Ислам діні бой көрсетіп, хақ пен жалғанның арпалысы болып жатқан шақ тұғын. Қасиетті Медине қаласына Ислам туын тіккен Мұхаммед пайғамбарымыз (с.а.у.) Меккелік мүшріктермен бірнеше рет соғысқаннан соң, Хижреттің алтыншы жылы екі жақ он жылға бейбіт келісім жасасады. Бұл келісім Ислам тарихында «Худайбия» келісімі деген атпен белгілі.

Бейбіт келісім Мұхаммед пайғамбарымызға (с.а.у.) айналадағы тайпалар мен руларды және көршілес мемлекеттерді Ислам дініне шақыру мүмкіндігін берген еді. Алла елшісі (с.а.у.) айналадағы ру-тайпаларға насихатшы жіберіп, оларды Исламға шақырды. Және де Худайбия келісімінен бір жыл өткеннен соң, көршілес мемлекеттерге хат жолдап, көрші елдерге алты елші жіберді. Елшілер:

  • Сасаниттердің Ұлы патшасы Хосровқа (Кисра),
  • Византия патшасы Ираклиға,
  • Мыср патшасы Патриарх Александрийскиге,
  • Эфиопия патшасы Нәжәшиге,
  • Шам өңірінің билеушісі Гассанға,
  • Ямама жеріндегі Бәну Ханифаның басшысына жолданды. 

Сасаниттердің Ұлы патшасы Хосровқа Мұхаммед пайғамбарымыздың (с.а.у.) хатын жеткізген сахаба Абдулла ибн Хузәфә әс-Сәһми еді. Ол кезеңде екі үлкен империя бар болса, соның бірі Парсы империясы тұғын. Ал оның патшасы - «Жеңімпаз» деген атаққа ие ІІ Хосров Парвиз болатын, ол Ислами әдебиеттерде "Кисра" есімімен белгі.

Сахаба Иранның патшасы ІІ Хосров Парвиз (Кисра) патшаға хатты табыстайды. Хатта былай жазулы еді:

«Бисмилләһир рахманир рахим.

Алланың елшісінен - Ұлы Кисраға!

Алланың есендігі - тура жолға еріп, Аллаға және Оның расуліне сенгендерге, сондай-ақ, Алланың жалғыз, серігі жоқ екендігіне және Мұхаммедтің Алланың құлы әрі пайғамбары екендігіне куәлік етушілерге болсын!

Сені Алланың бұйрығымен шақырамын. Мен - бүкіл адамзатқа жолданған Алланың елшісімін. Бұл - тірілерге ескерту, кәпірлерге сөздің шындығын білдірер уағыз-насихат. Мұсылман бол! Сонда (ақыреттік азаптан) аман боласың. Егер бас тартсаң, бүкіл зәрдүштердің (отқа табынушылардың) күнәсі сенің мойныңда» - делінген еді.

Хатты оқыған Парсы патшасы ашуға бұлығып, хатты жыртып тастайды. Сөйтеді де:

- «Менің құлым бола тұра маған хат жолдайтындай, кім ол, соншама!» - деп ақырады.

Парсы патшасының жолданған хатты жыртып тастағанын естігенде Мұхаммед пайғамбарымыз (с.а.у.): «патшалығын бытшытын шығарды» деген екен.

Сонымен ашуға мінген Ұлы Кисра (Хосров) Йемен жеріндегі өкілі Бәзән ибн Сасанға хат жолдайды. Хатында: «Хижаз өңіріндегі Мұхаммед деген адамға екі мықты адамыңды жібер, олар оны менің алдыма әкелсін» деп пәрмен береді.

Бәзән өзінің «Нәбуһ» (نَابُوهْ) пен «Хуррахусраһ»(خُرَّخُسْرَهْ ) есімді екі ең сенімді адамдарын жібереді.

Екеуі жолға шығады. Жол-жөнекей Тайф қаласына келеді. Тайф қаласында біреулерді кездестіріп жөн сұрайды. Ол кезде Тайф халқы әлі мұсылман бола қоймаған кез еді. Кездескен адамдар Мұхаммед пайғамбардың Медине қаласында тұратынын айтып, жөн сілтейді. Парсылардан жаушы бара жатқандығын естіген Құрайш мүшріктері қуанысады.

Бірнеше күннен кейін екеуі Медине қаласына да жетеді. Мединеге келіп, Мұхаммед пайғамбардың (с.а.у.) алдына шығады. Бірінші болып сөзді Нәбуһ бастайды:

- Патшалардың патшасы Шахиншах Кисра, Бәзән патшаға сені алдына алып келетін адам жібер деп тапсырды. Бәзән мені жіберді. Менімен бірге жүресің. Егер айтқанымды орындасаң, сен жайында оңды пікірлер айтып хат жазады, оны райынан қайтарады. Ал егер бас тартсаң, Кисраның кім екенін өзің жақсы білесің. Ол сені, қауымыңды және қалаңды тас-талқан етеді! - дейді.

Сонда Мұхаммед пайғамбар (с.а.у.) ол екеуіне:

- Әзірге барыңдар. Ертең келесіңдер, - деп жауабын айтпай, кейін қайтарып жібереді.

Сол түні Мұхаммед пайғамбарға көктен хабар келеді. Құдайдан келген хабарда Алла Тағаланың Парсы патшасы Кисраға қарсы оның ұлына үстемдік беріп, баласы әкесін мына айда, мына күні және мына уақытта өлтіргені білдіріледі.

Одан кейін, Мұхаммед пайғамбар (с.а.у.) екі парсылық жаушыны алдына шақырады. Оларға:

- «(Сендер бұл жаққа келем дегенше), патшаларыңды баласы Ширауәйһ мына айда, мына күні және түннің мынадай сәтінде өлтірді» - деп күні мен уақытына дейін айтып береді. Олар сенбей:

- Сен не деп тұрғаныңды білесің бе!? Біз саған жеңіл жолын айттық. Енді осылай деп жазып, осылай деп патшаға хабар жіберейік пе? - деп сұрайды олар.

Мұхаммед пайғамбарымыз (с.а.у.):

- Иә. Дәл солай деп менен хабар айтыңдар. Және былай деңдер: «Сөзсіз менің дінім және менің патшалығым Кисраның патшалығының деңгейіне жетіп, (оның шегі) - түйенің табаны мен жылқының тұяғы аяқталған жерде аяқталады» деп айтыңдар! - дейді. Әрі қарай сөзін жалғап: «Йемен патшасы Бәзәнға сәлем айтыңдар! Мұсылман болсын. Егер Исламға кіріп, мұсылман болса, қолындағы бар байлығы өзінде қалады. Әрідесе, оны қауымына патша қылып тағайындаймын» - дейді Мұхаммед пайғамбарымыз (с.а.у.).

Екі жаушы Йеменге оралады. Йеменнің басшысы Бәзәнға келіп, ол екеуі болған жайды баяндап береді. Адамдарының сөздерін түгел тыңдап болғаннан кейін Бәзән:

«Расында да, ол тегін адам емес секілді. Айтқандары жай патшаның сөзі емес. Пайғамбар болуы мүмкін. Дегенмен, әліптің артын бағайық. Егер айтқаны рас болса, ол - пайғамбар. Ал айтқаны өтірік болып шықса, оған не істейтінімізді сол кезде ойластырамыз» деп айтқаны сол еді, Парсы жерінен патшаның ұлы Ширауәйһтың хаты жетеді. Хатында ол парсы халқы үшін ашуланып, олардың мүддесі үшін әкесін, яғни, Кисра патшаны өлтіргенін жазады және Йемен билігін Бәзән өз қолына алып, оның атынан басқаруын бұйырады, сонымен бірге, әкесі әкел деп жіберген адамға, яғни, Мұхаммед пайғамбарға әзірге тиіспеуін тапсырады...

Орталықтан келген хабарды естіген Йемен билеушісі Бәзән, Мұхаммед пайғамбардың шынымен де пайғамбар екендігіне көзі жетіп, мұсылман болады. Онымен бірге Йемендік біраз парсы зиялылары да Исламға кіреді. Көп ұзамай Бәзән Мұхаммед пайғамбарға ресми делегация жібіреді. Йемендік парсы делегациясын Фәруз әд-Дәйләми есімді тегі парсы қолбасшы бастап барады. Делегация Мұхаммед пайғамбарға (с.а.у.) Йемен билеушісі Бәзән ибн Сасанның сәлемін жеткізіп, Бәзән мен Йемен ұлдарының мұсылман болғандығын сүйіншілейді1. Әлхамдулилләһи Раббиль аләмин!

(*Сасаниттер империясы, яғни, Парсы империясы, 224-652 жылдар аралығында бой көтерген алып держава. Сасаниттердің иелігіне - қазіргі Иран, Ирак, Армения, Грузия, Йемен, шығыс Арабия өңірлері, Өзбекстан, Ауғанстан мен Түркменістанның біраз бөліктері кірді. Шегарасы - Месопотамияның жартылай грек қалаларынан бастап, Орта Азияның жазық далаларына дейін созылып жатты. Сасаниттердің ең соңғы Ұлы патшасы ІІ Хосров (Кисро) Парвиз болды... 652 (651) жылы Әзіреті Омардың халифа болып тұрған шағында мұсылмандар мен сасаниттер арасында болған шешуші шайқаста парсылықтар жеңіліс тауып, қылышынан қан тамған Сасанит империясы біржолата келмеске кетеді).


1 Пайдаланған әдебиеттер:
1) Ибн Әсир: «Кәмиль фит Тәрих»; (Араб тілінде).
2) Имам Табари: «Тәрихут Табари»; (Араб тілінде).
3) Абдушшәфи Мұхаммед: "Китәбуссиротин-Нәбәуия". (Араб тілінде).

 

 

 

 

 

0 пікір