Қызыл сәлделі батыр сахаба
Қызыл сәлделі батыр сахаба
9 ай бұрын 4000
Сахабалар тарихы

Әбу Дүжәнә Симәк ибн Хараша (Һижри 12 жылы\ миләди 633 жылы қайтысы болды) – құрметті сахаба, қызыл сәлделі батыр. Мединелік Аңсарлардан болып табылады. Пайғамбарымызбен бірге Бәдр, Ухуд, Хайбар және Хунәйн соғыстарына қатысқан. Пайғамбарымыз (с.а.у.) қайтыс болғаннан кейін «Діннен бет бұрғандарға» қарсы жорыққа қатысады. Сосын һижри он екінші жылы өзін пайғамбармын деп әйгілеген Мүсәйләмәтуль Кәззәбқа қарсы ұйымдастырылған «Ямама» соғысында шейіт болады.

Әбу Дүжәнә өте батыл, қаймықпайтын батыр еді. Ол шайқастың алдында басына қызыл таңғыш байлап алушы еді. Басына таңғышын байлады дегенше, бітті дей беріңіз, кездескен жауды жер жастандыра беретін болған. Шайқастарда басындағы қызыл таңғышымен ерекшеленіп тұратын.

Әбу Дүжәнә мұсылман болғаннан кейін Алла елшісі (с.а.у.) оны Ұтба ибн Ғазуанмен бауырластырды. Әбу Дүжәна Алла елшісімен бірге Ислам тарихындағы ерекше орны бар «Бәдр» соғысына қатысты. Бәдр соғысында да басында қызыл таңғышы бар болатын. Ухуд соғысында да қызыл таңғышты батыр сахаба батылдығымен жұрт есінде қалған еді. 

Сол бір соғыста («Ухуд» соғысында) Пайғамбарымыз (с.а.у.) өзінің қылышын сахабаларына көрсетіп:

- «Кім мына қылыштың ақысын беруге әзір?!» - деп жар салды. Көбі қабыл алуға жүрексінеді. Сонда Әбу Дүжәна:

- «Оның ақысы қандай, уа, Расулалла?» - деп сұрайды. 

- «Алла жеңіс сыйлағанға дейін немесе шейіт болғаныңа дейін Алла жолында шайқасуың!» - деп жауап берді Пайғамбар (с.а.у.).

- «Олай болса оны, мен алайын да ақысын берейін, уа Расулалла!» - деп, Әбу Дүжәна қылышты қабыл алады. Сөйтеді де, қылышты қынабынан шығарып, тәкәппарлана жаудың алдына шығады да былай деп өлеңдетеді:

إني امرؤ عاهدني خليلي
إذ نحن بالسفح لدى النخيل
أن لا أقيم الدهر في الكبول
أضرب بسيف الله والرسول

Мен – досымның менен серт алған адаммын,
Құрма ағаштың түбінде тұрғанда.
Өмір бақи бұғауда болмас үшін,
Шабамын Алла мен Оның елшісінің қылышымен» - деп жырлап соғыс алаңына шығады.

Оның теңселіп, тәкәппарлана жүріп бара жатқанына қарап Алла елшісі (с.а.у.):

«Оның жүрісіндей жүріс Алла мен Оның елшісі ұнатпайтын жүріс, алайда, бұл мекенде емес» - дей келе, Әбу Дүжәнаның жауға қарсы айбат шегіп жүрген жүрісін құп көрген екен. Сол күні Әбу Дүжәна Алла елшісімен бірге алдыңғы шептен орын алып, өлсе де Алла елшісін жалғыз қалдырмауға бекінеді.

Кейіннен Әбу Дүжәнаның Ухуд соғысындағы көрсеткен жан пидалығы мен батырлығын Алла елшісі (с.а.у.) тілге алып:

«Ухуд күні жер бетіндегі бір жан жанымда болмағанда, оң жағымда Жебірейіл періште, сол жағымда Талха тұрды және Әбу Дүжәнәның қылышы ұялтпады» - деп оның қаһармандығын мақтаған екен.

Сол шайқасқа қатысқан Аңсарлық сахабалардың бірі Әбу Дүжәнаның ерлігін былай әңгімелейді:

«Әбу Дүжәнә "өлім таңғышын" шығарды (басына орайтын қызыл таңғыш). Ол оны байлар кезде солай атаушы еді. Сөйтті де, қарсы келкен жау әскерін шауып жатты. Екі жақ шайқасып жатқан тұста мүшріктердің әскерлерінің ішінен біреуі ешкімге дес бермей, кездескенін құлатып жатты. Біз оны Әбу Дүжәнаға кезіксе екен деп тіледік. 

Тілеуіміз беріліп, қан майданда екеуі ұшырасып қалды. Мүшрик Әбу Дүжәнаға қылыш сермеді. Әбу Дүжәна қалқанымен қағып жіберіп, артынша қылышымен шауып кеп қалып, оны омырам қатырды. Содан тағы біразда Әбу Дүжәнаны тағы көріп қалдым. Ол өзінің қылышын Әбу Суфиянның әйелі Ұтбаның қызы Һиндттің басына төндіріп тұр екен. Алайда, қылышын кейін алып, шаппай бұрылып кетіп қалды. Кейіннен оның себебін сұрағандарға ол: «Біреудің тырналап жатқанын көрдім. Кейін қылышымды көтеріп шаппақшы болдым да, артынан: «Алланың қылышын әйелдің қанына былғамайын!» - деп райымнан қайттым» деген еді».

Пайғамбарымыз қайтыс болғаннан кейін Әбу Дүжәна "діннен қайтушыларға" қарсы жорыққа қатысты. Ол жорықта Халид ибн Уәлидтің туының астында әскер қатарында болған еді. Халид ибн Уәлидтің бастауымен Ямамаға аттанады. Ол жақта Мүсәйләмәтуль Кәззәбтың әскерімен соғысады. Ямама шайқасында соғыстың ырығы жау жаққа бұрылып, мұсылман әскерлерінің тынысы тарыла бастады. Сол тұста, Әбу Дәжәна өзін Мүсәйлама жасырынып жатқан қорғанның төбесінен төмен секіріп, тіке қорғанның бақшасына енбек болды. Биіктен секірген тұста, аяғы сынады. Алайда, сынған аяқпен шайқасты жалғастыра береді. Ақыры, ол және қасындағы басқа да мұсылман жауынгерлері Мүсәләйманы тауып, оны өлтіреді. Бірақ өзі де сол жерде шейіт болады.

Әбу Дүжананың жүзі жарқын, нұрлы адам болған екен. Бір күні сырқаттанып қалғанын естіген жолдастары, көңіл сұрап барады. Үйіне кірсе Әбу Дүжананың жүзі нұрланып отыр екен. Сонда келгендер одан:

- Осы сіздің жүзіңіз неге нұрлы? - деп сұрайды.

- Менің ең жақсы істей алатын екі амалым бар. Бірі – өзіме қатысы жоқ нәрселерді сөз етпеймін. Екіншісі – жүрегім мұсылмандарға таза, - деп, жүзінің нұрлы, жарқын боп жүретіндігінің себебін осы екі қасиеттің арқасы дегенді ұқтырыпты. Алла одан разы болғай!

Дайындаған А. Қасым

 

0 пікір