Қыдыр ата кім?
Қыдыр ата кім?
9 жыл бұрын 12432
Құдайберді БАҒАШАР

Қыдыр немесе Қызыр – Мұса пайғамбардың дәуірінде өмір сүрген, пайғамбар болуы мүмкін, хикмет пен ілім иесі. 

«Қызыр» аталу себебін Мұхаммед пайғамбарымыз (с.а.у.) жүрген жері гүлденіп, көгеріп, көктеп сала беретін ерекше қасиетімен түсіндірген (Ахмед ибн Ханбәл, 2 т. 312 б.) Қазақтың құт қонған, береке дарыған деген мәнді Қыдырмен байланыстыратыны осыдан. 

Құранда Қызыр туралы ашық айтылмайды. Алайда «Кәһф» сүресінің 60-82 аяттарындағы: «Өз тарапымыздан оған рақым берген және ілім үйреткен құлдарымыздың бірі» (18/65) деп тілге тиек етілетін кісінің Қызыр (а.с.) екені білінуде. Өйткені тіке пайғамбарымыздан жеткен сахих хадистерде бұл кісінің Қызыр екені анық айтылған (Бұһари, Илм, 16, 44).

Бірде Мұса пайғамбар Исрайылұлдары арасында уағыз айтып тұрғанда: «Сізден де асқан хикмет пен ілім иесі бар ма?» деген сұрақ қойылады. Мұса пайғамбар оған: «Білмедім, жоқ шығар», - деп жауап қатқанда, көктен уахи түсіп, бір ізгі жанның (Қызырдың) ілім жағынан артық екені әрі оның Мәжмаул-баһрайнда (екі теңіздің қосылған жерінде) екені білдірілген. Бұны естігенде, хазірет Мұса қызметіндегі жас жігітті (Юша) ертіп, Қызырмен жолығуға сапарға шығады. Екеуі екі теңіздің қосылған жеріне жеткенде, өздерімен азық ретінде алып шыққан балық тіріліп, шоршып теңізге түсіп, жүзіп кете барды. Бұл Қызырмен жолығатын жердің белгісі еді. Балық жоғын кейін барып аңғарғанда, екеуі балықты жоғалтып алған жерге қайтты. Айтқандай, барғанында Қызырмен сол жерде жолықты. Осыдан кейін Мұса пайғамбардың «Кәһф» сүресінде баяндалатын Қызырға ерген әйгілі сапары басталды.

Қызырға (а.с.) берілген ілімнің сипатын ұғыну үшін Мұсамен (а.с.) болған сапарын Құран қысқаша былай деп баяндайды: Қызыр (a.с.) сапар кезінде кездескен оқиғаларға Мұса пайғамбардың шыдай алмайтынын еске салып, одан сабыр етем деген уәде алған (Кәһф, 66-70). Әуелі теңіз жағалауына барып сапарлау үшін бір кемеге мінеді. Қызыр (а.с.) дереу бір балта тауып, әлгі кемені зақымдайды. Кеменің тесілгенін байқағанда, кеме иесі оны жөндеу үшін кері қайтуға мәжбүр болды. Мұса (a.с.) бұған шыдай алмай: «Кемені жолаушылар суға батсын деп тестің бе? Бұл ісің жөн емес қой» (Кәһф, 71) деді. Сырттай қастандық секілді көрінген бұл ісінің астарын Қызыр (а.с.): «Ол кеме теңізден балық аулап күнелтетін кедей шаруалардікі еді. Әдейі зақымдадым, егер бұлар сау кемемен сапарын жалғастырса, арғы бетте сау кемені тартып алатын патша (теңіз қарақшылары) бар» деп түсіндірді (Кәһф, 79). Сапар кезінде ойнап жүрген бір баланы өлтіргенін көріп, Мұса тағы да шыдай алмай: «Қысас болса бір сәрі, жазықсыз біреудің баласын қалай өлтірдің? Бұның жақсы іс емес қой» деп қарсылық танытты (Кәһф,18/74). Ол ісін Қызыр былай деп түсіндірді: «Мен өлтірген ұл балаға келсек, оның әке-шешесі мүмин еді. Болашақта ата-анасын күпірге, Құдайға қарсы келуге мәжбүрлей ме деп қорықтық. Алла оларға бұл баланың орнына пәк әрі мейірімді басқа бала береді» (Kәһф, 18/80,81).

Бұл жерде ата-анасы жақсы кісілер болғаны үшін болашақта олардың жанын түршіктіріп, налытатын ұлды ерте өлтіріп, оның орнына әлдеқайда мейірімді бала беру арқылы Алла тағаланың оларға жақсылық қалағаны білдірілген.

Сапардың үшінші сатысы Құранда былай баяндалады: «Мұса мен ізгі құл сапарын жалғастырды. Соңында бір ауылға жетіп, халықтан тамақ сұрады. Ешкім оларды қонақ еткісі келмеді. Мұса мен ізгі құл сол жерде жығылайын деп тұрған қабырғаны көрді. Ізгі құл дереу оны дұрыстады. Мұса оған: «Қаласаң, бұл көмегіңе ақы сұрауға болар еді» деді. Ізгі құл былай деді: «Міне, бұл осы жерде екеуміздің қош айтысатынымызды білдіреді. Өзің сабыр ете алмаған істердің себебін айтайын» (Кәһф, 77,78). Үйді ақысыз жөндегенін былай түсіндірді: «Бұл үй қаладағы екі жетім баланыкі еді. Қабырғаның астында өздеріне тиесілі қазына бар. Бұлардың әкесі жақсы кісі еді. Раббың олар есейгенде, қазынаны өздерінің қазып алуын қалады. Бұл Алланың жақсылығы. Мен бұларды өз бетімше емес, Алланың бұйрығымен атқардым. Міне, өзің сабыр сақтай алмаған істердің ақиқаты осы» (Kәһф, 82).

Бұл сапардан күнделікті өмірде кездесетін, сырттай келеңсіз көрінетін бірқатар оқиғалардың астарында жақсылық болатынын ұғынамыз. Бұл жағдай аятта да ескертілген: «Ұнамаса да сендерге соғыс парыз етілді. Ұнатпаған нәрсе өздеріңе қайырлы болуы мүмкін. Ұнатқандарың өздеріңе қайырсыз болуы мүмкін. Алла ғана біледі, сендер білмейсіңдер» (Бақара сүресі, 2/216).

Ғалымдардың айтуынша, Мұса пайғамбар (а.с.) захири ілімдерге қанық болса, Қызыр (а.с.) батини (құпия) ілімдерге жүйрік еді. Соған қарамастан Расулалла (с.а.у.) Қызырдың іліміне қатысты кемемен сапар кезін былай деп сипаттайды: «Бір құс тұмсығымен теңізден су іліп алып кеменің жақтауына қонды. Қызыр (а.с.) Мұсаға құсты көрсетіп былай деді: – Алланың ілімінің жанында сен екеуміздің білгеніміз теңізден құстың тұмсығына ілінген судай ғана» (Бұһари, Илм, 44).

Бұған қоса, Мұхаммед пайғамбарымыздың (с.а.у.): «Алла тағалам Мұсаны кешірсін. Әттең, тағы біраз сабыр етіп, Қызырдың хикметті істері бізге көбірек жеткенде ғой» дегені де бар (Бұһари, 100/2).

Хадисшілер кезеңінде Имам Бұһари секілді кейбір ғалымдар Қызырдың (а.с.) қайтыс болғанына сенсе де, ірі мүжтаһид төрт имамнан бастап, бірқатар фақиһтар оның тірі екенін мойындаған. Тіпті өмір сатыларының бірінде оның өзіне тән кейіпте өмір сүріп жатқанын, рухани жетілуде «Қызыр деңгейі» деген биік деңгей барын, сол деңгейге жеткендердің онымен кездесуі әрі тіке өзінен дәріс алуы мүмкін екенін де білдірген.

0 пікір