Қазақстан мұсылмандарының Кеңес кезіндегі “мүфтиі” кім болғанын білесіз бе?
Қазақстан мұсылмандарының Кеңес кезіндегі “мүфтиі” кім болғанын білесіз бе?
7 жыл бұрын 10054
Марфуға ШАПИЯН
(Әмина Сәдуақасқызының әке туралы әңгімелері)

Осыдан екі жылдай бұрын Кеңестік кезеңде Ислам дінін насихаттап, Қазақстан мұсылмандарының қазиы, көрнекті қоғам және дін қайраткері, аудармашы, хадисші, ақын, ел арасында “Сәкен Қалпе” атанған Сәдуақас Ғылмани туралы жазбақ болып, оның қызы, сол кездері жетпісті алқымдап қалған Әмина апаға хабарластым. Апа бірден үйіне шақырып, әкеден қалған мұраны алдымызға жайып салды. Естеліктерімен бөлісті, сұхбатын берді. Соңында Әмина апамен Кеңсайды бетке алып, Сәдуақас Ғылмани атамыздың қабіріне барып Құран бағыштадық.

Ал кеше қаралы хабар жетті, 11-қаңтар күні Әмина апамыз да 78 жасқа қараған шағында бұл дүниені артқа тастапты. Әке мұрасына өмірбойы адал болып, оның кітаптарын көзінің қарашығындай сақтап, кейінгі ұрпаққа табыстаған, жарық көруіне себепші болған Әмина апамыздың Алланың мейіріміне бөленіп, жанының жәннатта болуын тілейміз.

Төменде Сәдуақас Ғылмани туралы Әмина апа айтқан естеліктерді аманат деп ұғып, барша оқырман қауымға ұсынып отырмыз.

 

Анасының басында 40 күн бойы Құран оқыған бала Сәдуақас

Сәдуақас Ғылмани 1890 жылы Ақмола облысы, Ерейментау ауданы, Малтабар ауылында дүниеге келген. Арғы аталары “Сары молда” атанған Мұхамедияр, өз атасы Сәлмен діни сауатты, Құран ілімін терең меңгерген указной молда болған. Сәдуақас араб тілін Сәлмен атасынан үйренгеннен кейін Шарықты жайлауында Байдүйсен қазіреттен сабақ алып, алғашқы діни сауатын ашады. 11 жасында анасы Ұрқия өмірден өтіп, әкесі Ғылманның қолқалауымен 40 күн бойы анасының басында Құран оқиды. 14 жасқа келгенде “Бала молда” атанып, Тасбақа, Өмірзақ ауылдарында шәкірт тәрбиелейді. Білімін ары қарай жетілдірмек оймен, Тоқмағамбет хазіреттің дарынды шәкірті Айтмағамбет Исаұлынан “Бұхар Зада”, “Фиқһ Акбар”, “Тухфа” деген кітаптардан сабақ алады. 1907 жылы медресе ашып, шәкірт жинаған ел ішінде Ақтамақ халпе атанған Ахмет Ғұсмани медресесінде алты жарым жыл білім алып, 1912 жылы Қайлан байдың ауылында бала оқытып, қыста қайта медресеге келеді. Өмірінің осы сәтін ақын “Өмір тарихында” былай жырлайды:

Хекмет ғайын, молла Жәлел алдым сабақ,

Ұстазым ехлас берді аянбай-ақ.

Көп шәкірттің ішінде атым шықты,

Тілегін ата, ұстаздың Тәңірім қалап.

Келер жаз ұстазымнан алдым дұға,

Қанша шәкірт ішінен мен аққұла.

Шапан, сәлде сыйлады белгі қылып,

“Зор болсын” деп бақытың” жұрт алдында.

Дұға алып, хош айтыстым ұстазбенен,

Осы еді қызық дәурен көзім көрген.

Қаратон, Баспан, Төлеңгіт маңайдағы,

Ауылбасы бір саба қой келтірген.

Әмина Сәдуақасқызы ата-анасының ортасында 

Түрмеге түскен Сәдуақасқа келген Алланың көмегі

Қасиетті Құран Кәрімнің алты жүзден астам жерінде білім алудың абзалдығы жөнінде айтылады. “Зүмәр” сүресінің 9-аятында Раббымыз «Білетіндер мен білмейтіндер тең бе?» деп білім иелерінің жоғары құрметке ие екенін меңзейді. Міне, Исламдағы ілімнің маңызын жастайынан түсініп, білім соңына түскен Сәдуақас Ғылмани білгенін өзгеге үйретуді де ұмытпады. 24 жасында ауыл-аймақ ақсақалдарынан бата алып, Аққозы ауылында 3 жыл бала оқытады. 1916 жылғы ел ішіндегі дүрбелең жылдары, Сәкен қалпенің ұстаздық қызметі екі жарым жылдай үзіліп қалады. Рухани ұстазы Ахмет қалпе 1918 жылы Уфа қаласынан білім алып келіп, шәкірті Сәдуақасқа: “Өз заманының ғылымын білмей өлген кісі надан болып өледі” деп діни біліммен қатар дүниетану ғылымдарын да үйренуге үндейді. Ол ұстазының жол сілтеуімен болашақ ғалым тарих, ғылымхал, жағрафия секілді пәндерді оқуға ден қояды.

Кеңес үкіметі орнап, имандылық кетіп, имансыздық жайлаған заман келеді. Орыс солдаттары туған ағасы Мұқанды атып өлтіріп, туған апайы Мәпен аурудан қайтыс болады. 1922 жылдан бастап медресе-мешіттер жабылып, Сәдуақас Ғылмани қуғынға ұшырайды. Қолында қарт әкесі, екі інісі қалып, өмірінің ең ауыр кезеңдері басталады. Ел ішінде қашып-пысып өмір сүреді. 1929 жылы ғалымның өзі мекен еткен Төре ауылындағы мешіт-медресесін жауып, кітаптарын ішіне қойып, отбасын аман алып қалу мақсатымен Ақмоладағы жолдасының үйіне бас сауғалап баруға мәжбүр болады. Үлкен қызы Үкіжан апамыздың естелігінде ол туралы былай делінеді: “Әкемді екінті намазын оқып отырған жерінен үй иесімен қос түрмеге алып кетеді. Атымызды, ішіп-жеп отырған тамағымызды да алып кетті. Өзі аштықтың басталған кезі еді”.

Алла жолында адал қызмет еткен құлдарына Алланың көмегі бірден келетінін Раббымыз Қасиетті Құран Кәрімнің Әнфәл сүресінің  45-ші аятында “Әй, мүміндер! Қашан бір топ жаумен қарсылассаңыздар мықты болыңдар да, Алланы көп еске алыңдар, әрине құтыларсыңдар” деген еді. Сәдуақас Ғылмани да тағдырға толық иман келтірушілерден болатын. Түрменің қапас бөлмесінде де бес уақыт намазын, дұғасын үзбеген, сабыр мен көркем мінез танытқан Сәдуақас Ғылманиға түрме күзетшілерінің өзі таңғалып, еріксіз құрмет тұтқан. Түрме күзетшілері нұр жүзді имамды өлімге қимай: “Молдеке, сіз Алла тағалаға шын берілген адам екенсіз, дін Исламға пайдаңыз тисін, біз сізді өліп қалды деп қағаз толтырамыз да, мына адамның құжатын сізге беріп, түрмеден шығарып жібереміз” деп, молданы Мусимов Әбдікәрім деген атпен босатып жібереді. Бұл да болса Алла тағала “қабыл етемін” деп уәде еткеніндей, зұлымдық көрген адамның дұғасына жауап болғанының көрінісі. Сәдуақас Ғылмани түрмеден шыққанынан кейін отбасымен қауышады, Ерейментау маңындағы Еңбек деген жерге қоныстанып, ұста болып қызмет етеді. 

 

Ақмола мешітінің алғашқы имамы Сәкен қалпе

         1936 жылы байлар мен молдаларды қудалау күшейіп, Сәдуақас Ғылмани Новосібірден бірақ шығады. Бұған себеп газет бетінде жарияланған “Сәкен Ғылмани Барлыбай Олжабайдың молласы болған, тамырына балта шабылсын” деген мақала еді. Ол жақта жүріп кіші қызы Әминаның анасы Жәмиламен танысып, шаңырақ көтереді. Бірақ мұнда да қуғын-сүргін толастамай, Омбыға қоныс аударады. Осы жерде 1946 жылға дейін Мусинов Әбдікәрім атымен ағаш ұстасы болып жұмыс істейді. Сол жылдары Қазақстанда дінге рұқсат беріліп, артынша Сәдуақас Ғылманиды елден “Өзіміздің арамызда бол, елге дін үйрет” деп Мұстафа мен Сәдуақас атты екі ақсақал іздеп келеді. 1946 жыл Сәдуақас Ғылмани өміріндегі құтты жылдардың бірі болды. Дәл осы жылы Ақмолаға қайтып келген Ғылмани өз аты-жөнін қайта жариялап, жаңа құжат алады. Қуаныш үстіне қуаныш орнап, Ақмола қаласының тұңғыш мешіті бой көтереді. Оның алғашқы имамы Сәкен қалпе еді. Алла тағаланың «Тәубе» сүресінің, 17-аятында: «Алланың мешіттерін шынымен Аллаға және ақырет күніне сенген, намазды толық өтеген, зекет берген, тек қана Алладан қорыққан адамдар ғана ұстайды. Міне, солардың тура жол табушылардан болуы үміт етіледі» дегені тегін болмаса керек.  Ал бүгінде Сәкен Ғылманидың 2014 жылы ашылған мұражайы кезіндегі өзі имамдық еткен мешіттің орнында тұр. Сәкен қалпенің Ақмола өңіріне Ислам дінін жайып, мешіт ашқанын жоғары бағалаған тәуелсіз ұрпақ 2005 жылы мешітке Сәдуақас қажы Ғылмани есімін берді. Іргесі сонау Кеңес заманында қаланса да, Астана жұртшылығы үшін бұл мешіттің алар орны әрқашан ерекше.

 

Қазақстанның қазиы Сәдуақас Ғылмани

         1947 жылы Ташкент қаласында алғашқы дін құрылтайы өтіп, оған еліміздің атынан Қазақстан қазиы Қабдығаппар Шамсудинов пен Ақмола мешітінің имамы Сәдуақас Ғылмани барады. 1948 жылы Сәдуақас қажы Орта Азия мұсылмандар діни басқармасының мүшелігіне өтіп, Қазақстанның екінші қазиы болып тағайындалады.

Бұл туралы бізге Әмина апа былай әңгімелеп берген еді:

-       Әкем 1952 жылдың желтоқсанына дейін Ақмола мешітінде имам болып тұрды. Қайдаров деген азаншысы болды. 1952 жылы Алматыдағы Қазақстанның қазиы Қабдығаппар Шамсудинов сырқаттанғаннан кейін Ташкенттен “Жұмысын атқаруға қауқарсыз” деген  хабар келіп, әкемді Алматыға шақыртты. Жалғыз кетті. Бізді 1953 жылдың сәуір айында көшіріп алды. Бізге қазіргі Алматыдағы Орталық мешіттің астынан екі бөлмелі үй салып берді. Сонда 1956 жылға дейін тұрдық. Ол кезде мешіттің имамы Оралдан келген Тұрсынов деген кісі, азаншысы Байсейітов Имамбек, ал әкем Қазақстан бойынша қази қызметін атқарып тұрды. Шәкірттердің емтиханы болған кезде шақырады ғой деймін, жылына бір-екі мәрте Ташкент, Бұқараға барады. 1947 жылы менің ақыл тоқтатып қалған кезім болуы керек, бірінші құрылтайға барғаны да есімде. 1956 жылы маусым айында бізге жеке үй алып беріп, “Вишневая, 42” деген үйде өзі опат болғанға дейін тұрдық. Келген қонақтар да, қызметкерлер де, шәкірттер де сонда келіп, аласапыран болып жататынбыз. Үйімізді кіші қонақүй десек те болатындай еді. Ұлты түрлі молдалар іздеп келетін. Әкем бәрімен арабша сөйлесетін. Үйдің астындағы жертөледе шәкірттері Құран жаттап отыратын. Ешкімнің өміріне ұқсамайтын бір қызық өмірді басымнан кештім деп ойлаймын. Әкем 1953 жылы 17-маусым күні Кеңес үкіметінен 40 адам болып қажылыққа кетті. Олар Арабияға Иранды басып өткен екен. Соның арасынша мемлекетте төңкеріс болып, қайтарында басқалай жолмен 2-қыркүйек күні келді. Кеңес үкіметінен бірінші рет қажылыққа барған солар болатын. Оған дейін де бір рет “қажылыққа кеттік” деп, Мәскеуге дейін барып, кері қайтқан. 1953 жылғы қажылыққа сол сапары алғашқы және соңғысы болыпты. Одан кейін денсаулығы да сыр беріп қалды, жолы да түспеді. Негізінен таң намазынан кейін үстел басында сағат 11-12-ге дейін шоқиып отырып, жазу жазатын. Сосын бір сағат демалып алып, мешітке бесінге кететін. Өмір дегенің солай, өз кестесімен жүріп жатты. 1972 жылы 19 сәуірден ауырды, 24 сәуірде қайтыс болды. Өз аяғымен жүріп, өзі сөйлеп, еңбектеніп кетті. Ақырғы уақытқа дейін “Халыққа қалған еңбегім болсын” деп, кітабын жазды. Әкем қайтқанда мен 33 жаста екенмін. Одан кейін үш жарым жылдан соң анам қайтыс болды. Әкемнің соңғы өсиеті “Қайда болсаң да Алладан қорық, шырағым. Қайда болсаң да жақсылық жаса, мұқтаж жандарға көмектес. Жетім-жесірге қол ұшыңды бер. Құдайдан қорықпағаннан қорық. Менің жылым қоян ғой, сондықтан қорқақ адаммын” дейтін соңында әзілдеп. Бала демей, шаға демей бәрімен тең сөйлесетін. Өзі де мұқтаж жандарға мейірімді болатын. Есігіміздің алдындағы шағын үйде біреулер отбасымен жылдап тұрып жататын. Көшеден түрмеден шыққан біреулерді де ертіп келетін. Одан қорыққан апам екеуміз таңға дейін көзіміз алақандай болып, таң атырған күндеріміз де болды.

-       Сізге Құран үйретті ме?

-       Бір кішкентай қағазға сүрелерді жазып, менің қолыма ұстатып “Мынаны шешеңе үйрет” дейтін. Шешеме үйретем деп жүріп, өзім де соның бәрін жаттап алатынмын. Жас кезімде оның парқын білмеппін. Қазір ойлап отырсам, әкемнің даналығы екен, "апама үйрет" деу арқылы өзіме де үйретіпті. Үйдің жанындағы 7-жылдық орысша мектепте оқыдым. Әкем “Орыс тілінен көрген қорлығым-ай” деп орыс мектебіне берген. Сосын жанына аудармашы ретінде мені ертіп жүретін. Бірде мектеп директорымыз “Гилмани, сен неге комсомолдыққа өтпейсің?” – деп сұрады. Мен үндемей отырып қалдым. Үйге келген соң болған жайды әкеме айттым. “Өт десе өт, егер алса”, - деді әкем. “Барлығы маған өмірбаяныңды айт дейді ғой. Сізді не деп айтам?” – деп едім, “Әкем – молда” деп айт”, - деді. Кейін комсомол жиналысы болып, менің мәселем қаралып жатты. Өмірбаяннан бастадым. “Живу за забором, в мечети. Папа мой - молла” дедім. Барлығы үндемей, тым-тырыс болып қалды. Бір кезде басшылық “принять” деді. Солай комсомолға өттім. Үйге келіп әкеме: “Бір комсомол, бір молда. Екеуміз үйде идеологиялық күрес жүргіземіз, иә?” - деп күлдім. Сөйтсем ол кісі: “Оттаааапсың”, - деп қарап отыр. Комсомол болу тарихым осылай. Ал партияға өткен жоқпын. Кетерінде бар мұрасын бізге табыстап: “Кітапханам әйелім мен баламның қолында қалады. Ал пайдаланам деген адамға қарсылығым жоқ”, - деген өсиетін айтты. Келіп-кетіп жүрген адамдардың ішінде қиянат жасағандар да, жоғалған, кейін табылған кітаптары да болды.   

Міне, Әмина апамыздың әңгімесінен түсінгеніміздей, Сәдуақас Ғылмани қазилық еткен 1953-1972 жылдар аралығында көптеген шәкірт тәрбиеледі, оларға дін ілімін үйретті. Пайғамбар хадисінде: “Сендердің ең абзалдарың Құранды үйреніп, оны өзгелерге үйреткендерің” делінсе, Сәдуақас қажыдан тәлім алған, Құран үйренген шәкірттер Қазақстанның түкпір-түкпірінде асыл дініміз – Исламның жолында қызмет етіп жатыр еді. Сондай Құран үйренген шәкірттердің арасында қажының екі қызы Үкіжан мен Әмина да бар болатын.

 Сәдуақас Ғылмани мұражайының ашылуына келген қажының қыздары. Ортада үлкен қызы Үкіжан апа, оң жақ шетте Әмина апа

Сәдуақас Ғылмани ақын, аудармашы

Сәдуақас қажы Ғылмани – дін қайраткері ғана емес, артына өлмес мұра қалдырған ғұлама ғалым, қара сөзден өлең өрген ақын, аудармашы.

Тілек қып мұң шағамын бір Құдайға,

Өзіме бос отыру тіпті ұнай ма?

Дедім де Мыңшұқырдың қақ басында,

Қолыма қағаз алдым ойлау сайда, - деп жырлауы соның айғағы.

Ғылманиды белгілі фарабитанушы ғалым Ақшан Машанидің өзі ұстаз тұтқан. Сәдуақас Ғылманидың “Діни педагогика”, “Құранға тәпсір жасау туралы”, “Мәуліт кітабы”, “Құран туралы жала мен өтіріктерге қарсы”, “Ел аузынан жинап-тергендері”, 108 мың сөзден тұратын “Арабша-қазақша сөздік”, “Қалила мен Димна кітабынан” аудармасы – бір ғылыми институттың біраз жыл жасайтын жұмысы.

Бар саналы ғұмырын қазақ жерінде Ислам дінінің кеңінен қанат жаюына Алла разылығы үшін өлшеусіз қызмет еткен Сәдуақас Ғылмани нағыз иманның дәмін татқан адам еді. Өйткені Пайғамбарымыздың мүбәрак хадистерінің бірінде “Алла және Алланың пайғамбарын бәрінен артық көрген адам иманның дәмін татады” делінген. Мұны Сәдуақас қажының өмірден өтер алдындағы өсиетінен байқауға болады. Онда қажы: “Аллаға көп құлшылық қылыңыздар. Шариғат үкімдерін толық атқарыңыздар. Алладан қорқыңыздар, РасулАлладан ұялыңыздар, шын мұсылман болыңыздар! Дініңізді дүниеге айырбастамаңыздар. Мақсаттарыңыз Алланың разылығы болсын”, - дейді.

Ғылманидың қос қызы Үкіжан апа мен Әмина апаның ортасында ғалым Қайрат Жолдыбайұлы

Өз өсиетінде айтқанындай ғұмыр кешкен, Алланың құдіретімен өлімнен аман қалып, артына мол еңбек қалдырған ғұлама ғалым Сәдуақас қажы Ғылманидың қызы Әмина да әке атына кір келтірмей, құлшылығын атқарып, бес уақыт намазын қаза қылмаған күйі дүниеден өтті. Осыдан бір айдай бұрын редакторымыз Қайрат Жолдыбайұлының тапсырмасымен апаға хабарласып, видеосұхбат жасамақ болғанымда ол кісі: “Қарағым, Мафуға. Қазір қатты науқаспын. Менен енді сендерге қайран жоқ шығар. Алай-бұлай болып кеткенімді естіп жатсаңдар “Күні Құдайға қараған осындай бір апамыз бар еді” деп артымнан дұға ете жүріңдерші”, - деген еді. Әрине, ол кезде бұл сәттің осылай тез келерін білмедік. Енді біздің қолдан келері, дұға ғана.

Мақаламен танысқан, оқырман! Әмина апа бізге тапсырғанындай, сіздерге де халық игілігіне қызмет еткен ата-апаларымыздың артынан дұға жасау аманат.

 

3 пікір