Хамзаны өлтірген Уахши есімді бір құл Пайғамбарға: "Мұсылман болайын десем бір аят кедергі" дейді. Сонда Алла елшісі оған...
Хамзаны өлтірген Уахши есімді бір құл Пайғамбарға: "Мұсылман болайын десем бір аят кедергі" дейді. Сонда Алла елшісі оған...
1 жыл бұрын 12543
Абдусамат Қасым

Ғұлама Имам Әбу Ләйс әс-Сәмарқанди мынадай бір оқиғаны баяндайды. Имамның айтысы бойынша бұл уақиға оған сахаба Абдулла ибн Аббастан сенімді сәнәдпен жеткен. (Сәнәд – хадисті жеткізуші риуаятшылардың тізімі).

Пайғамбарымыздың көкесі, "Алланың арыстаны" Хамзаны (Алла оған разы болсын) шейіт еткен Уахши есімді құл азаттығын алғаннан соң, Мекке қаласында тұрақтайды. Бірнеше жылдан кейін Мекке қаласы мұсылмандардың билігіне өткеннен соң Алла елшісі оған "мұсылман бол" деп ұсыныс жасап елші жібереді. Сонда ол Меккеден Пайғамбарымызға (с.а.у.) былай деп жазады:

- Мен мұсылман болғым келеді, бірақ сізге түскен мына бір аят маған кедергі болып тұр. Ол Құдайдың мына бір сөзі: «Олар - Алламен қоса басқа құдайға сыйынбайтындар, Алланың харам еткен бір жанды нақақтан-нақақ өлтірмейтіндер және зина жасамайтындар. Кім бұл істерді істейтін болса, Әсәмға (тозақ шұңқырына) жолығады». («Фурқан», 68). Мен аталмыш үш күнәнің үшеуін де істедім. Менің тәубе етуіме рұқсат бар ма? – дейді.

Сол кезде мына бір аят түседі: «... Тек кім тәубе етіп өкініп, иман етсе және ізгі істер істесе, міне солардың жаманшылықтарын Алла Тағала жақсылықтарға ауыстырады». («Фұрқан», 70 аят). Пайғамбарымыз (с.а.у.) осы аятты Уахшиге жазып, хатында: «аяттың шарты бар, ол – ізгі амал істеу» дейді. Яғни, иман етіп ізгі амал істеген мұсылманның бұрынғы күнәлары жуылады дегенді білдіреді. Сонда Уахши:

-  Уа, Мұхаммед! Бұл шарт маған ауыр келетін сияқты. Иман етіп ізгі іс істеуге шамам келе ме, жоқ па, білмеймін, - дейді.

Сол кезде Алла Тағаланың мына бір аяты да түскен еді: «Алла Тағала өзіне серік қосқанды ғана кешірмейді, одан басқа қалаған пендесінің күнәсін кешіреді». («Ниса» сүресі, 48 аят). Алла елшісі (с.а.у.) Уахшиге осы аятты жазып жібереді. Уахши аятты оқып, аяттың мазмұнында күнәнің кешірілуі үшін ешқандай қосымша шарт жоқ екенін көреді де, мұсылман болуға бекінеді. Медине қаласына келіп, Алла елшісіне мұсылман болғандығын жариялайды[1].  

Уахшидің мұсылман болмай тұрып сахаба Хамзаны шейіт етуі

Жұрт «Алланың арыстаны» деген лақап ат таққан Хамза (р.а.) Мекке арабтарының арасындағы ең жау жүрегі, ең мықтысы еді. Ол Ислам дінін қабылдап, мұсылман болғандығын жария қылғаннан кейін інісі Мұхаммед пайғамбар мен қасындағы санаулы сахабалары рухтанып, көңілдері марқайған болатын. Меккелік мүшріктердің көбі Хамза мұсылман болғаннан соң, мұсылмандарға ашықтан-ашық дұшпандық қылуға бата алмайтын болды. Кейіннен Мекке мүшріктері «Хамзаны» өлтіруді жоспарлайды. Ол үшін «Уахши» есімді құлды жалдайды. Егер Хамзаны өлтірсе, азаттық беретіндіктерін уәде етеді. Уахши ол кезде әлі мұсылман болмаған еді.

Содан не керек, "Ухуд" шайқасында Уахши тасадан найзасын лақтырып, Хамзаны шейіт етеді. Арқа сүйер көкесінің көз жұмғаны Мұхаммед пайғамбардың жанына қатты батқан еді. Жүрегінде терең жараның ізін қалдырды. Жүрегіндегі бұл жараны, кейіннен Уахшидің тәубе етіп, мұсылман болуы да жаза алмады. Уахши Медине қаласына келіп, Мұхаммед пайғамбардың алдында мұсылмандығын жариялағаннан кейін, Алла елшісі (с.а.у.) оған:

- «Менің көзімнен ғайып болсаң, мүмкін болса?!» деген болатын. Сол шыққаннан Уахши Алла елшісінің көзіне көрінбеген. 

Мұхаммед пайғамбар (с.а.у.) дүние салғаннан соң, «Мүсәйләмәтуль Кәззәб» есімді жалғаншы пайғамбармен болған соғыста, Уахши «Мүсәйләмәны» өлтіреді, (Уахшидің өз сөзімен айтқанда) ол осылайша Хамзаны өлтіргендегі кінәсін жуған болды.

Сахабаның толық аты-жөні: Уахши ибн Харб әл-Хәбәший Әбу Дәсәмә. Мәліметтерге қарағанда ардақты сахабаның соңғы тұрағы "Хумус" қаласы болған (Сирия). Сонда қайтыс болып, сол қалада жерленген. Алла одан разы болсын.


[1] «Тәнбиһуль Ғофилин», «Тәубә». Осыған мазмұндас риуаят хадисші Һәйсәмидің «Мәжмәъуз Зәуәид» хадистер жинағында орын алған. Риуаятшыларының арасында Әбян ибн Суфян деген кісі бар, мұны Зәһәби «Әлсіз риуаятшы» деген.

0 пікір