"Құдадан ұят болғаны маңызды ма, әлде Құдайдан ұят болғаны маңызды ма?"
"Құдадан ұят болғаны маңызды ма, әлде Құдайдан ұят болғаны маңызды ма?"
2 жыл бұрын 5632
Асылбек Әуезханұлы

Құрметті ағайын! Құдай тойдан кенде қылмасын. Қазір жер-жерде тойдың қызу науқаны жүріп жатқаны аян. Біреулер қыз ұзатып, енді біреулер ұлын үйлендіруде. Бір қызығы, ата-ана оларға той жасап береді. Бұны ұл-қызын жақсы көргені ғой деп ойлаймыз. Ал, бірақ тойдың дастарханына қылтитып арақ-шарап қойғанын көргенде, олардың өз бауыр еті бала-шағасына қастандық ойлайтын неткен тасжүректер деген пікірге келесіз. Неге дейсіз бе? Оның себебі көп. Бір қатарына ғана тоқталайық. 

Біріншіден, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Арақтан сақтаныңдар, ол барлық жамандықтың кілті» деп ашық айтқан. Жер бетінде қанша жаманшылық болса, соның бәрінің бір шеті арақпен байланысып жатады. Ал енді сүйікті бала-шағамыздың өміріндегі ең үлкен қуанышына осынау жаманшылықтың көзін өзіміз әкеліп қоямыз. Бұның астарында көптеген жағымсыз мән жатқан жоқ па? Өз ұрпағымызға жаманшылық тілейтіндей бізге не болған, ағайын! Есі бар ата-ана «ұл-қызым бақытты болсын, өмірлері таза болсын» деп той дастарханын арам судан тазартуы керек емес пе? 

Екіншіден, Алла елшісі (с.ғ.с.): «Әрбір мас қылатын ішімдік – арам, мас қылатын нәрсені ішкен адамға Алланың уәде еткен «улы балшықты» ішкізетін жазасы бар» деді. «Улы балшық» не нәрсе деп сұралғанда, Пайғамбарымыз: «Ол тозақ отына жанғандардың үстінен ағатын тер мен ірің»,– деп жауап берді (Са-хих әл-Мүслим). Ал енді тойға келген қонақтардың тер аралас ірің ішуіне себеп болу қаншалықты орынды. Бүкіл меймандарға, құдаларға, соның ішінде екі жасқа «Алып қойыңдар» деп осындай жиіркенішті нәрсені ұсынатындай бізге не болған? Құдай бетін аулақ етсін, жаңа үйленгендер де арам судан ұрттап қойып, Қиямет күнінде әлгіндей азапқа ұшырап жатса, ол ата-ананың тойларына тартқан сыйы болғаны ма? Бұл қастандық емей не? 

Үшіншіден, ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) хадистерінің бірінде былай деген: «Кімде кім мас қылушы ішімдік ішсе, бірақ мас болмаса, ол (ішімдік) денесінен немесе қан тамырларынан толық ада болып, арылмайынша, (ол пенденің) бір де бір намазы қабыл болмайды. Ал егер де мас болса, онда Алла қырық күн бойы оның намаздарын қабыл етпейді. Осы күйде жан тапсырса, кәпір болып өледі». 

Бұл хадис тіпті ауыр. Адамның намазы қабыл болмаса, оның қай ісі оңады? Қай тірлігі берекелі болады? Ал жаман айтпай жақсы жоқ, күнделікті айналамыздан талай жағдайлар мен тағдырларды өз көзімізбен көріп жүрміз ғой. Ажал батыр адамдарды жас, кәрі деп талғап жатқан жоқ қой! Солар секілді жаңа үйленген жастардың бірі сол ішімдікті ішкен күні алда-жалда Алла құзырына қайтып кетсе, олардың ақыры не болмақ? Оның артынан «Балам, жаның жаннатта болсын» деп қанша тілегенмен, еңіреп жылағанмен пайда бола ма? Жоғарыдағы анық хадиске қарасақ, пайда болмайды. Сондықтан бұл да ата-ананың өз баласына жасаған қастандығы болып шыға келеді.

Міне, құрметті есі бар ата-аналар! Тойдың дастарханын даярларда осы мәселелерді ескерсеңіздер! Құдадан ұят болады дейміз ғой. Құдадан ұят болғаны ештеңе етпес, адал дастарханға арам суды араластырсақ, Құдайдан ұят болады. Құдайдан ұят болса, қалған істің бәрі бір-ақ тиын!


Автордың "Жанұя жарасымы" атты кітабынан. 

 

0 пікір