Бір әйелге өлердей ғашық болған құлға Пайғамбарымыздың араша түсуі (сахабалар өмірінен)
Бір әйелге өлердей ғашық болған құлға Пайғамбарымыздың араша түсуі (сахабалар өмірінен)
7 ай бұрын 4924

Бұл оқиға Ислами әдебиеттерде «Мұғис пен Бәрираның қиссасы» деген атпен белгілі. Оқиға Мұғис есімді құлдың Бәрира деген әйелге ғашық болуы жайында әңгімеленеді. Сахаба Абдулла ибн Аббастан жеткен бұл оқиғаның нұсқалары «Сахих Бұхари» сияқты хадистер жинақтарында орын алған.

Оқиға былай өрбиді.

Пайғамбарымыздың (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) заманында Бәрира есімді күң және Мұғис есімді құл өмір кешкен. Екеуі де мұсылмандықты қабыл етеді. Екеуі ерлі-зайыпты болды. Бәрира Әзіреті Айша анамызға қызметшілік жасайтын. Кейіннен Айша анамыз оны сатып алып, азаттыққа қауыштырады.

Бәрираның күйеуі Мұғис еді. Мұғис ол уақытта құл болатын. Айша анамыз Бәрираға азаттығын бергеннен соң, әрі қарай Мұғистің некесінде қалуды, не, қалмай айырылысуды оның өз еркіне қалдырды. Бәрира күйеуінен айырылысуды таңдайды. Сөйтіп, азаттығын алған Бәрира некесін бұзып, ол сәтте құл саналатын күйеуінен бөлек кетеді.

Алайда, бұл жағдай Мұғисқа ауыр тиген еді. Өйткені ол қатты ғашық тұғын. Сонымен не керек, Мұғис сүйген жарының одан айырылысқанын көтере алмай, етегі жасқа толып, Мәдина қаласының көшелерінде Бәрираның соңынан қалмапты. Бәрира қайда барса ол да сонда барады екен. Сахаба Абдулла ибн Аббас осыны әңгімелей келе: «Мұғис жылап, көзінен аққан жасы сақалын жуған күйі Бәрираның соңынан қалмай Мәдинаның көшелері мен жолдарын кезді» деп суреттейді. Оның зар еңіреуі Бәрираға деген махаббатының көрінісі еді. Ғашығынан айырылғаны оның жүрегіне қатты батқан болатын.

Мұғистың бұл күйін Мұхаммед пайғамбарымыз да көреді (саллаллаһу алейһи уә сәлләм). Сөйтіп, Мұғистың таусылғанына шыдай алмай Бәрираға:

- Бәрира, Мұғисқа қайта оралсаң болмай ма? Егер оралсаң, сен үшін сауап болар еді, - деп айтады Пайғамбар (с.а.у.).

- Уа, Расулаллаһ! Маған оралуымды бұйрып тұрсыз ба? - деп сұрайды әйел.

- Жоқ, бұйырмаймын, мен жәй арашашымын, - деп жауап береді Алла елшісі (с.а.у.).

Сонда Бәрира:

- Олай болса, мен оған оралғым келмейді, - деп әйел шешімінде табанды екендігін ұқтырады.

Бұдан кейін Пайғамбарымыз (с.а.у.) көкесі Аббасқа:

- Уа, Аббас! Мұғистың Бәрираға деген махаббаты мен Бәрираның Мұғисқа деген жеккөрініші сені таң қалдырмай ма! Бәрира одан ажыраса да, Мұғис Бәрираға деген махаббатын жоққа шығармады! деп, Алла елшісі Мұғистың Бәрираға деген шексіз махаббатына таңданыпты. 

Аталмыш оқиғадан ұғарымыз, Ислам діні ер мен әйел арасындағы «махаббат» сезімін жоққа шығармайды. Ислам діні махаббаттың емі некелесу екендігін ұқтырып, махаббат сезімін дұрыс жолға қоюды көздейді. Сондықтан да, Ислам заңында бір-бірін сүйген екі жасты мүмкіндіктеріне қарай некелесіп, шаңырақ көтеруге шақырады.

Сондай-ақ, дінімізде неке өзара сүйіспеншілікке құрылған. Сол себепті, көңілі қаламай тұрса, ешкім оны үйленуге мәжбүрлей алмайды. 

Осы тұрғыда Бәрира өзінің азаттығын алғаннан соң күйеуінен ажырасуды таңдайды, бұл үкім күйеуі құл болған әйелдерге қатысты. Шариғат заңы бойынша, азаттығын алған әйел, егер күйеуі құл болса, некесін бұзуына, не, сол некесінде қалуында ерікті.

 А. Қасым

 

0 пікір