Намазы бетіне ұрылатын адам
Намазы бетіне ұрылатын адам
30 күн бұрын 4094
А. Қасым

«Намаз көзімнің нұры» деп намазды махаббатпен оқитындарға бұл жазбаның қатысы жоқ, бұл жазба, дәлірек айтқанда, төмендегі хадис намазды немқұрайлы оқитын, намазды "жатып, тұрсам болды" деп есептейтін біздерге қатысты.

Рас, намаз оқыған кісінің екі дүниеде де жүзі жарқын. Намаз мұсылманның о дүниеде алдынан шығар серігі, амал таразысында ауыр басар жақсылығы. Десе де, кей намаздар бар екен, кісінің жүзіне ұрылады екен. Ол қандай намаз?

Имам Суютидің хадистер жинағында орын алған бұл риуаятта былай делінеді:

 إذا أحسن الرجل الصلاة؛ فأتم ركوعها وسجودها؛ قالت الصلاة: حفظك الله كما حفظتني؛ فترفع؛ وإذا أساء الصلاة؛ فلم يتم ركوعها وسجودها؛ قالت الصلاة: ضيعك الله كما ضيعتني؛ فتلف كما يلف الثوب الخلق؛ فيضرب بها وجهه " ؛ الطيالسي ؛ عن عبادة بن الصامت

 «Егер ер адам (немесе кісі) намазын көркем түрде оқыса - рүкуғын толық орындап, сәждесін толық жасаса (яғни, намаз шарттарына мән беріп, парызын, уәжібін, сүннетін кем-кетіксіз орындаса),

Намаз ол адамға:

حفظك الله كما حفظتني؛ فترفع؛ 

- Мені қорғағаның сияқты, Алла да сені қорғасын,- деп, намазы биікке көтеріледі (қабыл болады).

Ал егер кісі намазын жаман оқыса - рүкуғын толық орындамаса, сәждесін толық жасамаса (жем шоқыған тауықтай тез-тез жасаса),

Намазы оған:

 ضيعك الله كما ضيعتني

- Мені шығындағаның секілді, Алла да сені шығындасын» - дейді. Сөйтеді де, намазы ескі көйлектің түрілгені сияқты түріліп, әлгі адамның бетіне ұрылады»1. 

Осыдан келіп әр намаздан кейін дұға еткенімізде «намазымызды жүзімізге ұра гөрме!» - деп тілейміз.


1Имам Суюти: «Жәмиъ». №364.

0 пікір