Күнәнің салдары
Күнәнің салдары
1 ай бұрын 2511
Мұса Жамал

Күнәнің жүрекке және денеге тигізер залалы баршылық. Оның саны қаншалықты екені бір Аллаға аян. Біз мұнда күнәнің тигізер кесірлерінің бірсыпырасымен таныстыра өтсек. Кітаптарда күнәнің келесідегідей зардаптары аталып өтіледі:

1. Ілім-білім қонбайды. Ілім - нұр. Оны Алла Тағала жүрекке салады, бірақ күнә ол нұрды өшіреді. Имам Шәфиғи (рахимаһуллаһ) Имам Мәліктің алдында оқып отырғанда, Имам Мәлікке оның ұшқыр ақылы мен зеректігі және терең түсінігі таң қалдырады. Сонда Имам Мәлік оған: «Мен Алла Тағаланың сенің жүрегіңе нұр салғандығын көріп тұрмын. Оны күнәнің қараңғылығымен өшіріп алма» деп өсиет айтыпты.

2. Несібеден қағылу. Бір хадисте: «Пенде істеген күнәсі себепті ризықтан қағылады» делінеді. Өйткені, тақуалық (Алладан қорқу, харамнан ұзақ тұру) ризықты шақырады, ал тақуалықты тәрк қылу - кедейлікті шақырады. Күнәні тәрк қылған адам Алланың ризық-несібесін өзіне тартады.

3. Күнә істеуші кісінің жүрегінде Алла мен оның орасында бейнебір жаттық сезімі пайда бола бастайды.

4. Оны мен адам арасында бейнебір жаттық сезімі пайда болады. Әсіресе, адамдардың арасындағы қайырымды, салиқалы адамдар мен оның арасында бейнебір алыстық, бөтендік сезімі пайда болады. Оның жүрегіндегі жаттық сезімі артқан сайын, салиқалы кісілердің мәжілісінен ұзақтай береді. Осылайша, олардың берекетінен мақұрым қалады. Рахманның жігінен алыстаған сайын, шайтанның жігіне жақындай түседі. Ақырында жүрегіндегі жаттық сезімі күшейіп, отбасы мен туған-туыстарынан безетін күйге кешеді. Жабайы біреу болып қалады. Сахаба Әбу Дәрданың (радияллаһу анһ) мынадай бір сөзі риуаят етіледі: «Кісі мүминдердің жүректері оған қарғыс айтып тұруынан сақтансын. Ол не себепті боларын білесің бе? Пенде Аллаға қарсы келіп, күнә істеуін қоймаса, Алла Тағала күтпеген жерден оған деген жеккөрінішті мүміндердің жүректеріне салып қояды» деген екен. Ертеректегі алдыңғы буын дін ғалымдарының бірі айтқан: «Егер, бір күнә жасасам, оның салдары мінген атым мен әйелімнің мінезінен байқалатын».

5. Ісі алға баспай, жолы болмай қояды. Бір іс істеуге ұмтылса, әйтеуір жолы жабылып, жолы болмай қояды, болса да, өте қиындықпен шығынмен болады. Кім Аллаға тақуалық қылса, оның ісі жеңілдейді. Ал кім тақуалық пердесін жыртса, жолы ауырлайды.

6. Жүрегінде қараңғылық пайда болады. Күнә - қараңғылық. Қараңғылығы артқан сайын, адаса береді, құдды қараңғы түнде көшеге шыққан соқыр адам секілді. Жүрегіндегі қараңғылық артқаннан кейін онысы көзінде көріледі, одан кейін уақыт өте келе жүрегіндегі қараңғылығы жүзіне шығады, жүзі қарайып, адамдарға байқала бастайды. Cахаба Абдулла ибн Аббас былай деген: «Сауапты істер - бетке жарық, жүрекке нұр, несібеге кеңшілік, денеге қуат береді және адамдардың жүрегінде оған деген сүйіспеншілік пайда болады. Ал күнә іс - бетке қаралық, жүрекке, (кейіннен қабіріне) қараңғылық, денеге әлсіздік, ризықта кемдік береді және адамдардың жүрегінде оған деген жеккөрініштік пайда болады".

7. Денеге әлсіздік береді. Күнә кісінің жүрегін әлсіретумен қоймай денесін де әлсіретеді. Күнәһар адам қуатты болса да, ең шешуші сәтте қуаты қашып, жеңіліс табады. Мүминнің қуаты жүрегінен. Жүрегі қуаттанған сайын денесі қуаттанады. Ислам тарихына қарасақ қаншама күшті-қуатты әскер, сахабалардың қауқарына төтеп бере алмаған еді.

8. Итағаты (Аллаға бойсұнуы) әлсірейді.

9. Өмірі қысқарады. Күнә істер адамның ғұмырын қысқартып, өмірінің берекесін қашырады. Сауапты істер ғұмырды арттырса, күнә істер керісінше қысқартады.

0 пікір