Хижри 661 жылы болған оқиғалар желісі (миләди 1262-1263 жылдар).
Сол жылы Береке (Берке) ханның елшілері Мәлік әз-Заһирге (Бейбарысқа) келіп, мынадай деп ханның сәлемін жеткізді:
"Менің Ислам дініне деген махаббатымды білесің және Хұлағудың мұсылмандарға жасаған зұлымдығын да білесің. Енді сен бір жағынан, мен бір жағынан атқа қонып, оның көзін жояйық немесе сол өлкеден қуып шығайық. Қай қаланы басып алсақ та, оның қолындағы барлық жерді саған беремін".
Сұлтан Бейбарыс бұл ұсынысты өте орынды деп тауып, алғысын білдірді. Елшілерге құрмет көрсетіп, иықтарына зерлі шапандар жапты.
Табиғат алапаты
Сол жылы Мосул шаһарында жойқын жер сілкінісі болып, қаладағы үйлердің көбі қирап қалды.
Береке ханның Хұлағу ханды күйретуі
Сол жылы Береке хан мен Хұлағу бет-бет келді.Екі жақтан да сансыз әскер қатысқан бұл сұрапыл шайқаста Хұлағу оңбай жеңіліп, масқарасы шықты. Оның әскерінің көбі қырылып, аман қалғандары суға батып кетті. Хұлағудың өзі қасындағы санаулы ғана нөкерлерімен басын сауғалап қашып құтылды. Аллаға сансыз шүкірлер болсын!
Береке хан майдан даласындағы үйілген мәйіттерді көріп:
"Моңғолдың бір-бірін қырғаны маған ауыр тиеді. Бірақ Шыңғыс ханның жолын (заңын) өзгерткенге (бұзғанға) не шара?!" – деп тебіренді.
Осыдан кейін Береке хан Константинополь (қазіргі Стамбұл, ол кезде византиялықтардың иелігінде тұғын) қаласына жорық жасады. Ол жердің билеушісі Береке ханмен мәмілеге келіп, тарту-таралғы ұсынуға мәжбүр болды. Ал Сұлтан Бейбарыс болса, өз кезегінде Береке ханға зор құрмет көрсетіп, баға жетпес сыйлықтар мен ғажайып тартулар жіберді.
Бейбарыстың Пайғамбар мешітін қайта қалпына келтіруі
Рамазан айында Мәлік әз-Заһир Бейбарыс өрттен зардап шеккен Алла Елшісінің (с.а.у.) мешітін қайта тұрғызу үшін көптеген шеберлерді, құрылысқа қажетті ағаштар мен құрал-саймандарды әзірледі. Бұл құралдар мен материалдар Мысыр елінің көшелерімен үлкен мақтанышпен, зор құрметпен жөнелтілді. Жұртшылық бұл игі іске қуанып, береке тіледі. Осыдан соң керуен Мәдіне шаһарына қарай жол тартты.
Шәууәл айында Сұлтан Бейбарыс Ескендірия (Александрия) қаласына барып, өлкедегі жағдайды өз көзімен көрді. Ондағы тәртіпті қадағалап, қаланың қазысы әрі хатибы болған Насыреддин Ахмет ибн әл-Мунирді қызметінен босатып, орнына жаңа басшы тағайындады1...
1Ибн Кәсир әд-Димәшқи (м. 1300-1370 жыл): «әл-Бидаяту уән Ниһәяту» атты тарих кітабынан.
А. Қасым