Бесігі қайда балаңның?!.
Бесігі қайда балаңның?!.
7 сағаттан соң 30
Берік БЕЙСЕНҰЛЫ

«Ел боламын десең, бесігіңді түзе». Заманымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезовтың бұл сөзі қанша заман өтсе де, көкейкестілігін жоғалтпайды.Өйткені ақпарат пен жаһандық қауіп-қатер өршіп, адамзатты қаумалап тұрған шақта ұлт өзіндік құндылықтары арқылы ғана өзін сақтап қала алады. Рас, дәстүрдің озығы бар, тозығы бар. Өркениет дамыған сайын кейбір наным-сенімдер құрдымға кетер. Алайда ұлтқа керекті жойылмайтын нағыз салт-дәстүр, әдет-ғұрып қана халықты сақтап қала алады.Қазақ жаһандық қауіп-қатерге қарсы тұра алуы керек. Ұлттық құндылықтар ғана ұлттың көкжиегін кеңейтеді.

Ал бұл мақаланы жазуға не себеп болды? Жақында Алматы қаласының Желтоқсан-Маметова көшесінің қиылысынан өтіп бара жатып, қоқыста жатқан бесікті көрдім. Кәдімгі бесік. Қазақтың бесігі. Жаным түршікті. Сәбиді қоқысқа тастағандай күй кештім. Қай қазақ бесігін керексіз етіп еді?! Ұрпақ азды ма, дәстүр тозды ма? Кінә кімнен? Үлкеннен бе, кішіден бе? Енді қоқыста жатқан бесікті жас бала көтеріп әкеліп тастамаған шығар. Мәселе – үлкенде. Біз жас ұрпақты тәрбиелеуіміз керек деп жиі айтамыз. Бірақ өсіп келе келе жатқан жас ең алдымен, үлкеннің әрекетінен үлгі алады ғой. Демек, өзіміз жиі айтатын жас ұрпақты тәрбиелеуде олқылық үлкеннен кетіп жатыр. Әйтпесе, қоқыста жатқан бесікті бестегі бала немесе он бестегі жас өскін әкеліп тастаған жоқ қой.

Қазақтың батыр ұлы Бауыржан Момышұлының дана сөзі бар: «Жаудан да, даудан да қорықпаған қазақ едім. Енді қорқынышым көбейіп тұр. Балаларын бесікке бөлемеген бесігі жоқ елден қорқамын. Екіншісі, немересіне ертегі айтып бермейтін әженің азаюынан қорқамын. Үшіншісі, дәмді, дәстүрлі сыйламайтын балалар өсіп келеді, оның қолына қылыш берсе кімді болса шауып тастауға даяр. Солардан қорқамын».

Жалпы қазақтың дәстүрінде ықылым заманнан келе жатқан  әдет, сенім бар. Бесікті базардан, не дүкеннен алғанда сатушы мен сатып алушы бір-бірімен көп саудаласпайды. Бесікті жасаған немесе сататын адам бағасын аспандатып, жоғары қоймайды. Ал қазақ бесікті ешқашан керексіз етіп қоқысқа тастаған емес. Тіпті халқымыз баласының бесігін біреу сұраса, арнайы жоралғысын жасап, жақсылыққа балап, тек содан кейін ғана жақын туыстарына ғана беретін болған. Қазақ халқы үш нәрсені қасиетті санаған: шаңырақты, бесікті, табалдырықты. Бұл үшеуін ешқашан аяқасты етпеген. Қасиетті үш зат тозып, тым жарамсыз болып қалған жағдайда ғана «аяқ астында жатпасын» деп, өртеп жіберетін болған немесе күлін адам баспайтын жерге апарып көміп тастаған. «Шаңырақты сыйла», «бос бесікті тербетпе». «бесікті жалаңаш қойма», «Табалдырықты керме», «Табалдырықта тұрма». Қанатты сөздер ғана емес, бұл ұлттың бойына сінген қасиетті құндылықтар. 

Ал бесік қашан пайда болған? «Салт-дәстүр сөйлейді» жинағында бесіктің алғаш пайда болуы туралы тарихи аңыз-әфсана бар. 

«Бесіктің алғаш жасалуы Айдаһар би заманында орын алған деседі. Ол кезде ұлан-байтақ даланы Мизам баб қорғаса керек. Мизам баб Айдаһардың әкесі, ағаш егіп, бау-бақша салуды кәсіп етеді. «Салт-дәстүр сөйлейді» жинағының жазуын­ша, «ағаштың пірі – Мизам баб» деген осыдан қалса керек. Жетісу мен Алтай аумағын мекен еткен Мизам Сарыарқаға көз салған қара қытайларды елге жолатпаған. Жүз жыл жасаған Мизам дүниеден өткен соң, қытайлар бір-ақ күнде бау-бақшаны тегіс өртеп жібереді. Жорықта жүрген баласы Айдаһарға әкесі аян беріп, «Пейілі тар қаскүнем менің орманымды өртеді» дейді. Баласы келсе, орман түгелімен жанып кеткен. Тек бірлі-жарым тобылғының қисық бұтақтары қалыпты. Осыны алып, аттанып кетеді. Бір күні Айдаһардың баласы тоқтамай, жылай берсе керек. Баласының жылағанына шыдамай, Құдайдан медет тілейді. Осы кезде қызының үні басылып, тыныштала қалады. Қараса, бір адам баланы тобылғының бұтағына салып, әлдилеп отыр екен. Бұл «көктен келген ишарат» деп ұққан би дереу тобылғының бұтақтарынан бесік жасайды. Бесіктің пайда болуы туралы аңыздың түбірі осыған келіп тіреледі. Содан бері қазақ үшін тобылғы қасиетті, киелі ағаш саналады. «Бесікті отқа жақпа», «аяқасты етпе», «қадірлеп ұста» деген ырымдар осыдан кейін айтылған. Тобылғы бесікте тербелген сәби «арыстандай топ жарады, жолбарыстай жол тосады» деп ырымдайды. Ықылым заманнан жеткен аңыз осылай сыр шетеді...


Толығырақ: anatili.kazgazeta.kz 

 

 

0 пікір