Бейбарыстың Керек қамалын алуы және Хұлағумен ауыз жаласқан қала басшысын жазалауы
Бейбарыстың Керек қамалын алуы және Хұлағумен ауыз жаласқан қала басшысын жазалауы
9 сағаттан соң 125 islam.kz/
Ибн Кәсир әд-Димәшқидың (1300-1373 ж) тарих кітабынан үзінді

Хижри 661 жылы болған оқиғалар желісі (миләди 1262-1263 жылдар).

Сол жылы Мәлік әз-Заһир (Бейбарыс) Мысыр елінен салтанатты, жеңімпаз әскерімен аттанып, Керек аймағына бет түзеді. (Керек қамалына барысымен) Ол жердің иесін, яғни, Әділ Әбу Бәкірдің немересі - Кәміл Мұхаммедтің ұлы Мәлік әл-Мұғыс Омарды алдына шақырады. Мұғыс көп созбақтап, келгісі келмей, ақыры амалсыз келді. Ол келгенде Сұлтан (Бейбарыс) оны тұтқындап, Мысырға айдаумен жіберді. Ол бейбақтың соңғы сапары осы болды.

Мұғыстың жазаға тартылуының себебі:

Мұғыс астыртын Хұлағу ханға хат жазып, оны Шам өлкесіне (қазіргі Сирия, Палестина, Ливан, Йордания жерлер) қайта шабуыл жасауға азғырған еді. Татар (моңғол) билеушілерінен оған: "Берік бол, осы өлкелердің билігін саған береміз, Мысырды басып алу үшін жиырма мың әскер жібереміз" деген уәде хаттары да келген болатын.

Сұлтан Бейбарыс оның бұл сатқындығын әшкерелеп, фиқһ ғұламаларынан оны (Мұғысты) өлім жазасына кесу туралы пәтуа алды. Бұл үкімді Шамнан арнайы шақыртылған Ибн Халликанға және бір топ әмірлерге көрсетіп, олардың мақұлдауын алды. Осыдан кейін Сұлтан Бейбарыс «Керек» қамалын жұма күні, Жұмад-әл-улә айының он үшінші жұлдызында өз иелігіне өткізді. Қалаға үлкен айбынмен, салтанатпен кіріп, кейін Мысыр еліне мерейі үстем, жеңіспен оралды1.

1Ибн Кәсир әд-Димәшқи (м. 1300-1370 жыл): «әл-Бидаяту уән Ниһәяту» атты тарих кітабынан.

А. Қасым

 

0 пікір