Әзіреті Омардың өлімі және елге басшы сайлаудың кеңес арқылы жүзеге асырылуы
Әзіреті Омардың өлімі және елге басшы сайлаудың кеңес арқылы жүзеге асырылуы
16 күн бұрын 2718

Әзіреті Омар қастандыққа ұшырағаннан кейін, өзінен кейінгі басшыны тағайындау ісін алты сахабаға тапсырады.

Әзіреті Омардың ұлы Абдулла былай әңгімелейді:

«Әбу Лулу хазірет Омарды екі жерінен қанжармен ауыр жарақаттайды. Омар осы оқиғадан соң «білместікпен халыққа қиянат жасап қойған жоқ па екенмін» деп уайымдап, дереу Ибн Аббасты шақыртады. Әкем Омар Ибн Аббасты жақсы көретін, оны өзіне жақын тұтып, сөздеріне әрдайым құлақ асатын. Оған: «Бұл істің мәнісін білгім келеді, бұл арнайы топтың ісі ме? Осыны біліп берші», – деп өтінеді. Ибн Аббас көше-көшені аралап, елдің аңысын аңдайды. Қайда барса да, халықтың қайғырып, қан жұтып жатқанын көреді. Көреді де: «Уа, мүміндердің әмірі! Қайда барсам да, олар сен үшін шаранасынан айырылған кейуанадай егілуде», – дейді. Омар: «Мақұл, сонда маған қастандық жасаған кім болды екен?» – деп сұрайды. Оны жасаған Муғира ибн Шұғбаның құлы, мәжуси (отқа табынушы) Әбу Лулу екені айтылады. Ибн Аббас айтады: «Мұны естіген Омар қуанды. «Маған «Лә иләһә илләллаһ» деген мұсылман қастандық жасамағаны үшін, Аллаға мадақ айтамын», – деп, Аллаға шүкіршілік айтады. Сосын: «Тұтқынға түскен араб емес кәпірлерді Мәдинға әкелмеңдер деп тыйым салған едім, алайда айтқандарыма құлақ аспадыңдар. Маған енді бауырларымды шақырыңдар», – деп бұйырады. Бауырларың кімдер?» – деп сұрағанда «Осман, Али, Талха, Зубәйр, Абдуррахман ибн Ауф және Сағыд ибн Әбу Уаққас» дейді ол. Сөйтті де басын кеудеме қойды.

Омар жанына келген алтауына:

«Мұсылмандарды кім және қандай адам басқаруы тиіс деп көп ойландым. Сендерді халықтың көшбасшылары және жетекшілері деп санаймын. Бұл міндетті абыроймен атқару сендердің ғана қолдарыңнан келеді. Сендер әділетті болсаңдар, халықтың да ісі оңғарылады. Егер бір келіспеушілік орын алатын болса, біліңдер, ол сендердің алауыздықтарыңның кесірі», – деді. «Әкемнің аузынан «Келіспеушілік, алауыздық» деген сөздерді естіген кезде, олар міндетті түрде рын алатын шығар деп ойладым. Өйткені оның болашақ туралы айтқандарының бәрінің дәл келетінін байқайтынмын. Сол кезде әкемнің жарасынан қан тоқтамай аға бастады. Келгендер өзара сыбырласып сөйлесе бастады.

Араларынан біреуіне серт бере ме деп алаңдап өз-өзіме «Мүміндердің әміршісі әлі тірі, бір жерде екі халифа болмайды» дедім.

Омар: «Мені тұрғызыңдар», – деді. Оны сүйемелдеп тұрғызған болдық. Ол келгендерге: «Үш күн ақылдасыңдар. Осы уақыт ішінде жамағатқа намазды Сухәйб оқытсын», – деді. «Уа, мүміндердің әміршісі, кіммен ақылдасамыз?» – деп сұрағандарында, Омар: «Мұһажырлармен, ансарлармен, осы жердегі қолбасшылармен кеңесіңдер», – деді.

Сосын Омар сүт сұрады. Әкелген сүттен ішкен кезде, сүт екі жарасынан да сол күйі сыртқа ағып кетті. Өзінің мына дүниенің адамы емес екенін түсініп (уақыты жақындағанын түсініп): «Күллі дүние менің иелігімде болса, қиямет күнінің азабынан құтылу үшін соның барлығын ойланбай тәрк етер едім. Аллаға шүкіршілік, менің осы жағдайым да өзім үшін қайырлы деп білемін», – деді.

Ибн Аббас: «Сен не десең де жарасады, өйткені мұсылмандар Меккеде үрей ішінде өмір сүрген кезде, Алла расулы осы дінді және мұсылмандарды сен арқылы қуаттап-қолдауы үшін Аллаға дұға еткен жоқ па? Сенің Исламға кіруіңмен Исламға күш бітті. Алла расулы мен сахабалары Исламды сенің арқаңда ашық насихаттай бастады. Мәдинаға һижретің ерлікпен пара-пар іс болды. Пайғамбарымыз (саллАллаһу аләйһи уә сәллам)  қатысқан соғыстардың ешқайсысынан шет қалмадың, Пайғамбарымыз дүние салардан бұрын саған ризашылығын білдіріп кетті. Алла расулынан кейін оның жолындағы Әбу Бәкірге де қолдау көрсеттің. Мұсылмандармен бірге мүртәдтарға (діннен шыққандар) қарсы жан аямай шайқастың. Санасынан күдік арылмай жүргендердің де Исламға кіруіне себепші болдың. Алла расулының халифасы Әбу Бәкір де қайтыс болған кезінде саған риза болып кетті. Одан кейін елді жақсы басқара білдің. Алла сені жаңа қалалардың бой көтеруіне себепкер етті. Сенің тұсыңда ел тарықпай, еңсесін тіктеді. Исламға қаны қас қаскүнемдердің қылтасы қиылып, мысы басылды. Мұсылмандар еркін құлшылық ететін болды. Алла сенің өміріңді шейіттікпен мөрледі. Шейіттігің құтты болсын, уа, Омар!» – деді.

Омар (р.а.): «УАллаи, сендердің мынадай сөздеріңнен соң масайрап кетермін», – дейді де, Ибн Аббасқа қарап: «Уа, Абдуллаһ! Қиямет күні Алланың құзырында маған куәгер боласың ба?» – деп сұрады. Ибн Аббас «Иә» деді.

Сосын Ибн Омарға (баласына): «Абдуллаһ ибн Омар, мені жатқыз», – деді. Ибн Омар хазірет Омарды абайлап жатқызады. Омар өз-өзіне: «Ей, Омар! Егер сені Алла кешірмесе, жағдайың қандай қиын!» – деді. Сонан соң сәл жатты да, көз жұмды.

Сахабалар Омардың (р.а.) қайтыс болғаны жөнінде Абдуллаһ ибн Омарға хабар жіберіп, оны кеңеске шақырды. Абдуллаһ: «Әкемнің айтқанындай мұһажырлар, ансарлар және осы жердегі қолбасшылармен кеңеспесеңдер, сендерге аттап аяқ баспаймын», – деп жауап жібереді.

 Әзіреті Омардың қарыздары және Әзіреті Османның басшылыққа сайлануы

Амр ибн Мәймун айтады: «Әбу Лулудың қолынан жарақаттанған Омар (р.а.) төсек тартып жатқанда, баласы Абдуллаһқа қарыздарын есептеуді тапсырады. Ол есептің қорытындысы сексен алты мың болғанын айтады. Омар: «Егер Омар отбасының дүние-мүлкі осы қарыздарды жабатын болса, солардан төле. Жетпесе, Адый ибн Кағыбұлдарынан сұра. Олардың да малы жетпесе, Құрайыштардан сұра. Басқа ешкімге барма. Дереу қарыздарымды төлеп құтыл. Мүміндердің анасы Айшаға (р.а.) сәлемімді айт: «Хаттабұлы Омар екі жолдасының қасына жерленуге сізден рұқсат сұрайды» де. «Мүміндердің әмірі сұрап жатыр» деуші болма. Енді бұдан былай мен мүміндердің әмірі емеспін», – деп ескертеді.

Абдуллаһ ибн Омар әкесінің тілегін жеткізбек боп келген кезде Айша жылап отыр екен. Абдуллаһ Айшаға сәлем бергеннен кейін: «Хаттабұлы Омар сәлем айтты, өзін екі жолдасының қасына жерлеуге сенен рұқсат сұрайды», – дейді. Айша (р.а.): «Уаллаһи, ол жерді өзіме сақтап жүр едім. Алайда, бүгін өз қалауымнан гөрі Омардың қалауының орындалғанын жөн көрдім», – деп, рұқсатын береді.

Абдуллаһ қайтып келген соң, Омар одан: «Маған не хабар әкелдің?» – деп сұрайды. Ол Айшаның (р.а.) рұқсат бергенін айтады. «Әлхамдулиллаһ, арманым осы еді», – дейді де, сөзін былай жалғастырады: «Қайтыс болғаннан кейін мені табытпен Пайғамбарымыздың мазаратына апарыңдар. Балам, сол жерге барған соң, Айшадан тағы да рұқсат сұра. «Омар ибн Хаттаб рұқсат сұрайды» де. Рұқсат берсе, мені сол жерге жерле, рұқсат бермесе, мұсылмандардың мазаратына апарып жерлерсің».

Адамдар Омардың жансыз денесін иықтарына салып әкетіп бара жатқанда, халықты адам айтқысыз ауыр мұң басып, аза тұтқан еді. Абдуллаһ ибн Омар әкесі өсиет еткендей, қабір басында Айшаға: «Омар ибн Хаттаб рұқсат сұрайды», – дейді. Айша рұқсатын береді.

Алланың рақымдылығымен Омар Пайғамбарымыз (саллАллаһу аләйһи уә сәллам)  бен Әбу Бәкір (р.а.) жерленген мазаратқа жерленді.

Риуаятшы айтады: «Омар (р.а.) жан тәсілім етер сәтте, халық одан халифалыққа мұрагер тағайындап кетуін сұрайды. Ол: «Мен бұл орынға Алла расулы ризалығын білдірген мына адамдардан артық лайық адамды білмеймін. Менен кейін олардың қайсысы халифа сайланса, сол халифа болады, – деп, Али, Осман, Талха, Зубәйр, Абдуррахман ибн Ауф және Сағыд ибн Әбу Уаққастың есімдерін атайды да, – егер халифалыққа Сағыдты сайлайтын болсаңдар, қателеспейсіңдер. Сайланбаса, халифа болған адам Сағыдқа бір қызмет беріп, оның ілімінен пайдалансын. Менің оны Куфа әкімдігінен алып тастауым оның әлсіздігінен немесе бір қиянат жасағандығынан емес», – деді.

Әзіреті Омар өзінің баласы Абдуллаһты тек ойын айтқызу үшін кеңесу мәжілісіне қатыстырып, оның халифалық орынға таласпауын шарт еткен еді. Жоғарыда есімі аталғандар халифалық мәселесі туралы кеңесуге жиналған кезде, Абдуррахман ибн Ауф: «Өкілдігімізді арамыздан үш адамға берейік», – дейді. Осыған орай, Зубәйр өкілдігін Алиге, Талха Османға, Сағыд болса, Абдуррахман ибн Ауфқа берді.

Осынау жауапкершілігі мол, қияметке дейін өз маңызын жоймайтын алқалы іске бас-көз болу осы үш адамға тапсырылғаннан кейін, Абдуррахман ибн Ауф «Қайсысың халифалықтан бас тартасыңдар?» – деп сұрағанда, Али мен Осман үндемейді. Сонда Абдуррахман ибн Ауф екі жолдасына: «Олай болса, осы сайлау ісімен айналысуды маған тапсырсаңдар, Алла куә, мен сендердің араларыңдағы ең лайықты және мұсылмандарға ең пайдалы адамды сайлау үшін, қолымнан келгенін жасаймын», – деді. Олар келісіп, өз өкілдігін соған тапсырады.

Абдуррахман ибн Ауф алдымен Алимен жеке сөйлесіп: «Уа, Али, сенің Алла расулымен туыстық байланысың бар және Исламға алғаш кіргендердің қатарындасың. Алла куә, егер сені халифа етіп тағайындасам, сенің әділ іс атқаратындығыңда күмән жоқ. Алайда Османды тағайындасам, оның сөздерін тыңдап, бұйрықтарына бағынасың ба?», – дейді. Али «Иә» деп жауап береді.

Сосын Абдуррахман ибн Ауф (р.а.) Османмен жеке сөйлесіп, Алиге айтқандарын оған да айтады. Абдуррахман ибн Ауф екеуінен де осылай уәде алғаннан кейін, Османға: «Уа, Осман, қолыңды бер!» – дейді. Осман қолын созғанда, ол оған серт береді. Осылайша алдымен Али, сосын барлық халық келіп, Османға серт берді[1].


[1] Мұхаммед Юсуф Кандаһләуи: «Сахабалар салған сара жол». «Көкжиек» баспасы, 2010 ж.

0 пікір