Әзіреті Мұхаммед пайғамбарымыз (с.а.у.) өзінде болмаса да сұраушыны құр қайтармайтын
Әзіреті Мұхаммед пайғамбарымыз (с.а.у.) өзінде болмаса да сұраушыны құр қайтармайтын
10 ай бұрын 1810

Омардың (р.а.) риуаяты бойынша, күндердің бір күнінде әлдебір бәдәуи Аллаһ елшісінен (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) мал-мүлік сұрайды. Сонда Пайғамбарымыз:

- «Қазір қолымда ешнәрсе жоқ. Бірақ сен менің атымнан өзіңе қажеттіні ал. Ақысын өзім төлеймін», – деді.

Бұған төзе алмаған Омар (р.а.):

- «Уа, Расулаллаһ! Сізден сұраған кезде бердіңіз. Жарайды ол кезде қолыңызда бар еді. Қазір қолыңызда жоқ. Аллаһ тағала қолыңызда жоқ нәрсені тауып бермегеніңіз үшін жауапқа тартпайды ғой!», – деді. Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) Омардың (р.а.) бұл сөзін ұнатпады.

Осы кезде ансарлық сахабалардың бірі:

- «Уа, Аллаһтың елшісі! (Аллаһ үшін) беріңіз! Ғарыштың иесі сізді аш қалдырмайтыны өзіңізге аян», – деді. Пайғамбарымыз бұл сөзді естігенде: 

- «Жаратқан мені осы мақсатпен жіберді», – деп жадырап сала берді. («әл-Хиля»). 

Пайғамбарымыздың жұбайы Үммү Сәләма (р.анһа) анамыздың айтуынша, ол бірде Аллаһ елшісінің көңілсіз жүргенін байқап қалады. Үммү Сәләма Аллаһ елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) ауырып жүр екен деп уайымдап:

- «Уа, Расулаллаһ! Мазаңыз болмай тұр ғой», – деді. Пайғамбарымыз:

- «Таң атқанша, жастығымның астында жатқан мына жеті динар үшін жаным жай таппай тұрғаны», – деп өз уайымын білдіреді. Басқа бір риуаятта «Бізге келген ақшаларды дер кезінде таратпадық», – дегені айтылады. («Мәжмәуз-зәуәид»)1.


1  Сахабалар салған сара жол.

0 пікір