Нұх – Аллаһ тағаланың адамдарға тура жолды көрсету үшiн Өзі таңдаған елшiсi. Ол – адамдарды хақ жолға шақырушы. Өйткенi Аллаһ тағала оны адамдарды қараңғылықтан – нұрға, күпiрлiктен имандылыққа шығаруы үшiн жiбердi. Пайғамбарлық мiндетiн Аллаһ тағаланың бұйырғанындай орындау үшiн Нұх адамдарды өзi ұстанған жолға шақыруды қалайтын. Яғни ол адамдарды пұттарға сиыну секілді адасулар мен күпiрлiктерден тыйылып, бiр Аллаһқа ғана ғибадат етуге шақырды. Өйткенi адамдардың
құлшылық жасауына аспан мен жердi және бұл әлемді, ондағылардың барлығын жаратқан Аллаһ тағала ғана лайық. Аллаһ бiздi және бағзы бір замандарда өмір сүріп, кейін адасушылар пұтқа айналдырған игі жақсыларды да тек Өзiне ғана құлшылық жасау үшiн жаратқан.
Арсыз жауап
Нұх пайғамбардың соңына ілесіп, уағызына сенгендер, негізінен, әлсіздер мен кедейлер еді. Ал кәпiрлер: «Ей, Нұх! Саған сенiп, артыңнан ергендеріңе бір қарасаңшы?! Олар – ризық-несiбесi аз, әлсіз біреулер ғана… Олар – мал-дүние, байлық, абырой-атақтан жұрдай, ештеңесі жоқ бейшаралар. Егер сен өзiң шақырып жатқан жаңа дiнге бiздiң де сенгенімізді қаласаң, кедей-кепшiктi қасыңнан алыстат. Негізінде, олар бiз сияқты бай әрі ақылды болғанда, сенің сөзіңе ермес еді, сен айтқан діннен алыс болар еді. Егер сенiң шақырып жатқаның жақсылық болғанда, олардан бұрын абыройлы да мәртебелi бiздер сенiң шақыруыңды қабылдап, сен айтқан Аллаһқа бойсұнған болар едiк», – дедi.
Кәпiрлер өздерiнiң надандығын, ақымақтығын айқындайтын осындай пасық сылтауларын айтқаннан кейiн де Нұх уағызын тоқтатпады. Керiсiнше, оларды тура жолға үгiттеуді: «Ей, қауымым! Менiң насихатым барлығыңа ортақ. Бұл уағыз осы қауымның әрбір адамына арналады. Аллаһ тағалаға иман келтіріп, пұттарға сиынудан бас тартқан мүміндерді мен қалайша өзiмнен алыстатпақпын? Ей, қауымым! Ақылға келіп, ойланып көріңдершi. Аллаһ тағала сендерге жақсы мен жаманды айыру үшін, ойлану үшін ақыл нығметiн бердi емес пе?!. Өздерiң айтыңдаршы! Бұл мүсiндер сендерге бiрер пайда яки зиян тигізе ме? Олардан тілек тілесеңдер, олар сендердi көрiп, ести ала ма? О, халайық! Бiр Аллаһқа ғана құлшылық қылыңдар. Сендерге ризық беріп, дұғаларыңды қабыл ететін – бір Аллаһ қана», – деп жалғастыра түсті.
Таластың соңы
Қауымы мен Нұхтың арасындағы талас-тартыс шиеленісе түсіп, шегіне жетті. Олар Нұхтан жалығып: «Ей, Нұх! Расында, сен бiзбен көп айтыстың. Егер айтқандарың рас болса, уәде еткен азабыңды келтiр», – дедi. Нұх оларға: «Сендер ақымақтық пен надандық жасаудасыңдар. Сендерге азап тек Аллаһтан келеді. Мен – сендердей адаммын. Сендер Аллаһқа ешқандай серік қоспай, Оған ғана ғибадат жасауларың керек. Егер иман келтiрсеңдер, сендерді жаннатпен сүйiншiлеп, қуандырамын. Барлық iс Аллаһ тағаланың қолында. Егер қаласа, күпiрлiктерiң үшiн сендердi бұл дүниеде және Ақыретте азаптайды», – деп жауап қайтарды.
Расында, Аллаһ тағала кәпiрлердiң ақымақтығы мен надандығына және жапа ектіргендеріне төзiмдi болулары үшiн пайғамбарларына мықты сабырлылық пен асқан төзімділік берген.
Аллаһ тағаланың аянымен кеме жасау
Нұх ұзақ уақыт сабыр сақтады. Ол өзінің пайғамбарлық мiндетiн тоғыз жүз елу жыл бойы шыдамдылықпен атқарып, қауымын дiнге шақырды. Содан кейiн қауымының күпiрлiгi мен надандығына, тәкаппарлығы мен қасарысқандығына және күндiз-түнi ашық әрі жасырын тынбастан уағыз жүргiзсе де, иман келтірушілердің аздығына Аллаһқа шағымдана бастады. Сонда Аллаһ тағала оған: «Қауымыңның iшiнен қазірге дейін иман келтiргендерден басқасы мүлде иманға келмейдi», – деп аян бердi. Сонда Нұх Аллаһ тағаладан ақылын пайдаланбай, пұттарға табынып, нәпсiсіне және шайтанға ерiп жүрген бұзақы кәпiрлердi жойып жiберуiн сұрап: «Уа, Раббым! Жер бетiнде кәпiрлердiң бiреуiн де тірі қалдырма. Егер Сен оларды тірі қалдыратын болсаң, пенделерiңдi адастырады және олар бұзақы кәпiрлердi ғана дүниеге келтiрiп, көбейтедi», – дедi. Аллаһ тағала Нұхтың дұғасын қабылдады. Оған үлкен кеме жасауды бұйырды. Нұх қауымынан алыстап, кеме жасауға кірісті. Қауымы оның дінді насихаттауды тоқтатып, кеме жасауға кіріскенін көрiп: «Ей, Нұх! Саған не болды? Кеше ғана пайғамбар едiң, ендi бүгiн ұста болып кеттің бе? Кеменi кiмге жасап жатырсың? Кеме жүзетiн теңiз қайда? Ол бұл жерден өте алыс қой», – деп әжуалай бастады. Нұх олардың мазағына төзімділікпен сабыр етіп, жұмысын соңына жеткiздi.
Топан судың келуі
Алып кемені жасау аяқталғанда, Аллаһ тағала Нұхқа мүміндерді және барша тiрi мақұлықтан бiр-бiр жұптан алып, кемеге мінуін бұйырды. Аллаһ тағала қарсы болып, пайғамбардың шақыруын қабылдамаған қауым адамдарына топан су тасқынын жiберетiндiгiн хабарлады. Нұх бұйрықты орындап, мүміндермен бiрге кемеге мiндi. Жаңбыр молынан жауып, жер астынан су атқылап, жер жүзін топан су басты да, кеме жайлап су бетiне көтерiле бастады. Кәпірлер толқындардың қойнына батып бара жатты. Нұх биiк кеменің үстінен суға батып арпалысқан адамдарға қарап тұрып, араларынан өз баласын көрді. Ол: «Ей, балам! Әлi де суға батып өлiп, тозаққа кетпейiн десең, Аллаһқа иман келтiрiп, бiзбен кемеге мiн!» – дедi. Бiрақ баласы әке сөзiн тыңдамады. Ол батып кетпеуге әрекеттеніп, жартасқа жармаса бастады. Алайда Аллаһ тағаланың құдіретімен жауған мол жаңбыр барлық жерге, тiптi таулардың шыңдарына дейiн жетті. Нұх қауымының кәпірлері түгелімен суға батып кеттi. Олардың ешқайсысы аман қалмады.
Олар Нұхтан: «Егер шын пайғамбар болсаң, уәде еткен азабыңды келтір», – деп талап еткен едi. Аллаһ тағала Өз елшісі Нұхтың дұғасын қабыл етіп, кәпірлерді суға батырып, өздері сұранған азапқа душар етті1.
1 А. Ахмед: «Құран Кәрім хикаялар».