Зүл-хиджа айының алғашқы 10 күнінің артықшылықтары
Зүл-хиджа айының алғашқы 10 күнінің артықшылықтары
4 ай бұрын 3648
А. Қасым

Зүл-хиджа айы - мұсылман жыл санауының 12 айы. Бұл Исламдағы төрт құрметті айлардың бірі (ережеп, зүлхиджа, зулқағда, мұхаррам). Әсіресе, аталмыш айдың алғашқы он күнінің артықшылығы мол. Зүл-хиджа айының алғашқы он күні несімен ерекшеленеді, ол жайында Пайғамбарымыздың (с.а.у.) хадистеріне назар салайық:

1. Абдулла ибн Аббас (р.а.) жеткізген хадисте Алла елшісі былай дейді: «Амал жасалатын күндердің арасында Аллаға ең сүйіктісі және Алла үшін күндердің ең абзалы - Зүл-хижжаның он күні. Осы күндері тәһлилді, тәкбірді және Алланы зікір етуді көбейтіңдер. Сол күндердің бірінде ұсталған ораза - бір жылдық оразаға татиды. Ал, сол түндердің бірінде жасалған амал жеті жүз есеге арттырылады». (Табарани).

 ما من أيَّامٍ أفضلُ عند اللهِ ولا العملُ فيهنَّ أحبُّ إلى اللهِ عزَّ وجلَّ من هذه الأيَّامِ يعني من العشرِ فأكثِروا فيهنَّ من التَّهليلِ والتَّكبير وذكرِ اللهِ وإنَّ صيامَ يومٍ منها يُعدَلُ بصيامِ سنةٍ والعملُ فيهنَّ يُضاعَفُ بسبعِمائةِ ضِعف

2. Абдулла ибн Омардан жеткен хадисте былай делінген: Амал жасалатын күндердің арасында «Зүл-хиджаның он күнінен асқан Аллаға ең сүйіктісі және Алланың назарында ең ұлығы жоқ. Сондықтан да, сол күндері лә иләһә иллаллаһты, Аллаһу әкбарды және әлхамдулилләһты көп айтыңдар». (Имам Ахмед, «Мүснәд». Сахих).

ما مِن أيَّامٍ أَعظَمَ عِندَ اللهِ، ولا أَحَبَّ إلَيهِ مِنَ العملِ فيهِنَّ مِن هذِه الأَيَّامِ العَشرِ؛ فأَكثِرُوا فيهِنَّ مِنَ التَّهليلِ، والتَّكبيرِ، والتَّحميدِ.

3. Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен риуаятта былай делінген: «Құлшылық жасалатын күндердің арасында Аллаға ең сүйіктісі - Зүл-хижжаның он күні. Сол күндердің әрбірінде ұсталған ораза - бір жылдық оразаға татиды. Ал, сол түндердің әрбірінде жасалған құлшылық - қадір түнінде жасалған құлшылыққа тең». (Имам Тирмизи, «Сүнән». Әлсіз). 

وَعَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: «مَا مِنْ أَيَّامٍ أَحَبُّ إِلَى اللَّهِ أَنْ يُتَعَبَّدَ لَهُ فِيهَا مِنْ عَشْرِ ذِي الْحِجَّةِ يَعْدِلُ صِيَامُ كُلِّ يَوْمٍ مِنْهَا بِصِيَامِ سَنَةٍ وَقِيَامُ كُلِّ لَيْلَةٍ مِنْهَا بِقِيَامِ لَيْلَةِ الْقَدْرِ» . رَوَاهُ التِّرْمِذِيُّ وَابْنُ مَاجَهْ وَقَالَ التِّرْمِذِيُّ إِسْنَادُهُ ضَعِيف

4. Пайғамбарымыздың (с.а.у.) кейбір жұбайларынан жеткен хадисте былай делінеді: «Алла елшісі (с.а.у.) зүл-хиджаның (алғашқы) тоғыз күні, ашура күні, әр айдың үш күнінде, айдың екі күнін және бейсенбі күндері ораза ұстайтын». (Әбу Дәуід, «Сүнән». Сахих).

 «كَانَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ يَصُومُ تِسْعَ ذِي الْحِجَّةِ، وَيَوْمَ عَاشُورَاءَ، وَثَلَاثَةَ أَيَّامٍ مِنْ كُلِّ شَهْرٍ، أَوَّلَ اثْنَيْنِ مِنَ الشَّهْرِ وَالْخَمِيسَ»

5. Абдулла ибн Аббастан (р.а.) жеткен басқа бір хадисте Алла елшісі (с.а.у.): «Осы күндері, яғни, зүлхиджаның он күні, істелген ізгі істен Аллаға сүйкімдірегі жоқ» деді. «Уа, Расулалла, Алла жолында соғысу да ма?» - деп сұрады (сахабалар). «Алла жолында соғысу да (ол күндерден артық емес), бірақ Алла жолында өзін және дүниесін қойып, кейін оның ешбірін кері қайтармаған кісі басқа». («Сахих Бұхари»). 

ما من أيَّامٍ العملُ الصَّالحُ فيهنَّ أحبُّ إلى اللهِ من هذه الأيَّامِ العشرِ . قالوا : يا رسولَ اللهِ ولا الجهادُ في سبيلِ اللهِ ؟ فقال رسولُ اللهِ صلَّى اللهُ عليه وسلَّم : ولا الجهادُ في سبيلِ اللهِ إلَّا رجل خرج بنفسِه ومالِه فلم يرجِعْ من ذلك بشيءٍ 

Ескерту: Зүлхиджа айының алғашқы тоғыз күні ораза ұстауға болады, ал оныншы күні ораза ұстауға болмайды, өйткені зүлхиджаның оны - құрбан айт. Құрбан айт күні және одан кейін тағы үш күн ораза ұстау тыйым салынған күндер, яғни, айттың үш күні және бір күн ешқандай ораза ұсталмайды (Зүлхиджә айының 10, 11, 12 және 13 күндері).

0 пікір