«Ей, иман келтіргендер! Аллаға бойұсыныңдар және пайғамбарға бойсұныңдар. Амалдарыңды жойып алмаңдар!». Құран Кәрім, «Мұхаммед» сүресі, 33 аят.
Жалпы мағынасы
Жаратушы Алла Тағала иман келтіргендерге «иман» сипатымен үндеу тастап отыр. Бұл (иман сипатымен айту) оларға осы үндеуден кейін келетін Алла Тағаланың бұйрықтарына бойұсыну керектігін ескерту үшін жасалды.
Содан кейін Алла Тағала Өзінің бұйрықтары мен тыйымдарына бағынуды бұйырды. Өйткені Оған бойұсыну — бұл дүние мен ақыреттегі жетістіктің (фәләх) бірден-бір жолы. Сонымен қатар, Пайғамбарға (с.а.у.) бойұсыну да Алла Тағалаға бойұсынудың бір бөлігі болып табылатындығын ұқтырып отыр. Сондықтан әрбір мүмін Оның (Пайғамбардың) салып кеткен сара жолына (сүннетіне) еруі керек.
Кейін Алла Тағала мүмінді өз амалдарын жойып алудан тыйып отыр. Өйткені адам көптеген жақсы амалдар жасауы мүмкін, бірақ кейін ол амалдарын күнәлармен, риямен (мақтану үшін жасау) және тәкаппарлықпен зая кетіріп алуы ықтимал. Сондықтан да, амалдарды жоюы мүмкін амалдарды істеуді Алла Тағала тыйып отыр. Сондықтан да, мүмін адам өзінің істеген игі істерін сақтап қалуға тырысуы қажет.
Содан кейін Алла Тағала Өзіне серік қосуды (ширкті) кешірмейтінін, ал одан басқа күнәларды қалаған адамынан кешіретінін баян етті. Бұл мүмін адам «егер жасаған амалым күнәлар себебінен жоққа шықса, онда мен құрыдым» деп ойлап қалмауы үшін айтылған. Алланың кеңшілігі әрқашан жалғасады: Ол пендесін Өз кеңшілігімен кешіреді, тіпті пендесінің істеген амалы кешірімге лайық болмаса да.
Абд ибн Хумайд пен Мұхаммед ибн Наср әл-Марузи «Намаз тарауында» және Әбу әл-Алиядан Ибн Әбу Хатим мынадай сөз жеткізген:
«Алла елшісінің (с.а.у.) сахабалары: "Ширкпен (Аллаға серік қосумен) бірге жасалған ешбір амал пайда бермейтіні сияқты, 'Лә иләһә илләллаһ' (кәлимасымен) бірге жасалған ешбір күнә зиян тигізбейді",— деп есептейтін. Бірақ "Аллаға бойұсыныңдар, Пайғамбарға бойұсыныңдар және амалдарыңды зая кетірмеңдер" деген аят түскенде, олар күнәнің амалдарды өшіріп жіберетінінен қорқатын болды».
Абд ибн Хумайдтың нұсқасында: «Олар үлкен күнәлардың (кәбаир) амалдарды күйдіріп жіберетіндігінен қорықты»,— деп берілген.
Тағы бір риуаятта Ибн Наср әл-Марузи, Ибн Жарир және Ибн Мардуайһ сахаба Ибн Омардан (р.а.) мынадай сөз жеткізген:
«Біз, Мұхаммедтің (с.а.у.) сахабалары, барлық жақсы амалдар қабыл болады деп есептейтінбіз. Бірақ "Аллаға бойұсыныңдар, Пайғамбарға бойұсыныңдар және амалдарыңды зая кетірмеңдер" деген аят түскен соң: "Амалымызды зая кетіретін бұл не нәрсе?" — деп сұрадық. Сонда біз: "Ол — үлкен күнәлар (кәбаир) мен арсыздықтар (фәуахиш)",— деп түсіндік. Содан кейін біз осы күнәлардың бірін істеген адамды көрсек: "Ол құрыды (тозақтық болды)",— деп айтатын болдық. Осылай мына бір аят түскенге дейін ойлап жүрдік: "Алла Өзіне серік қосылуын кешірмейді, ал одан басқасын (күнәларды) қалаған адамынан кешіреді" деген аят түскенге дейін (сахабалар осылай ойлайтын). Ал бұл аят түскен кезде, біз бұл мәселеде (біржақты) сөйлеуден тыйылдық. Егер біз біреудің сол күнәлардың бірін істегенін көрсек, ол үшін қорықтық (бірақ нақты құрыды деп айтпайтын болдық). Ал егер ол күнәларды істемеген адамды көрсек, ол үшін (жақсылықтан) үміт еттік». («альБәхруль Мұхит»).
Сахабалар бастапқыда «Иманы бар адамға күнә зиян етпейді» деп ойлағанымен, жоғарыдағы Құран аяты түскен соң, үлкен күнәлардың жасалған жақсы амалдардың сауабын жойып жіберуінен қатты қорыққан. Тіпті күнә істеген әлдебір мұсылманды көріп қалса, оның тозақы болғандығын ойлайтын болды. Алайда, «серік қосудан өзгені Алла қалаған құлынан кешіреді» деген қасиетті аят түскеннен кейін адамдардың соңғы тағдыры туралы кесіп айтуды қойып, үміт пен қорқыныш арасында болуды жөн көрген1.
Аталмыш қасиетті аяттың «амалдарыңды зая кетірмеңдер» деген бөлігінің астарынан келесі пайдалы тәлімдерді де ұғамыз:
-
Бастаған ізгі істі соңына дейін апару.
-
Бастаған жұмысты жарты жолдан тастап кетпеу.
-
Бастаған нәпіл намазды бұзбай толық оқу.
-
Бастаған нәпіл оразаны лаж болса бұзбау.
-
Үлкен күнә, тәкәппарлық, өзіне тамсану, дінге шәкк келтіру, рия секілді жақсы істерді жойып жіберетін күнәлардан ұзақ тұру.
1Мұхаммед Али ас-Сабуни: «Тәфсиру аятиль ахкәм» (Үкім аяттардың тәпсірі). 2 том.
А. Қасым