Уақыт озады, дүние тозады
Уақыт озады, дүние тозады
11 жыл бұрын 8630
Бердіхан Құсайын

Адам баласы уақыттың қадірін білмейді. Біле-білген пендеге уақыттан қымбат ешнәрсе жоқ. Өйткені, уақыт сенің – өмірің, һәм ғұмырың. Бұрынғы аталарымыз уақытын босқа өткізбеген. Бүгінгі тірлігі мен ертеңгі ақыреті үшін қам қылған. Айталық көне халық жырларында:

Уақыт өтіп барады атқан оқтай,
Ұстатпайды, бұлаңдап шапқан аттай,
Барында базарыңның қапы қалма!
Қарекет қыл қарағым, қарап жатпай – десе, данагөй атамыз Абай өзінің үшінші қара сөзінде: «Адам баласы жылап туады, кейіп өледі. Екі ортада, бұ дүниенің рахатының кайда екенін білмей, есіл өмірді ескерусіз, босқа, жарамсыз қылықпен, қор етіп өткізеді де, таусылған күнде бір күндік өмірді бар малына сатып алуға таба алмайды» депті.

Тарихта ұзақ өмір сүрген Нұһ (а.с.) пайғамбарға өлім періштесі келіп: «Дүние қандай екен?» - деп сұрағанда ол: «Дүние екі есігі бар үй сияқты екен, бір есігінен кіресің де, екіншісінен шығып жүре бересің» депті.

Адам егер де 63 жыл өмір сүріп, күніне 8 сағат жұмыс істесе, барлық сүрген өмірінің 21 жылы жұмыс істеуге кетеді екен. Тәулігіне 8 сағат ұйықтаса тағы бір 21 жылы ұйқыға кетеді. 6 жылы тамақ ішуге, 5 жылы анда-мұнда сапарларға, 1 жылы телефонмен сөйлесуге кететін көрінеді.

Ибн Аббас жеткізген мына бір хадисте: «Алланың нығметтерінің ішінде екі нығметтің қадірін көп адамдар білмейді, ол - денсаулық пен  уақыт» десе,  тақуа кісі Абдуллаһ бин Мәсъуд: «Өкініштен өзегімді өртейтін нәрсе: босқа өткен уақыттарым» деген екен. Сол сияқты үлкен сахаба Муъаз бин Жәбәлден жеткен хадисте Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Қиямет күні төрт нәрседен сұралмайынша құлдың екі аяғы тырп етпейді: уақытын қалай жұмсады, жастық шағын қалай өткізді, мал-дүниені қайдан тапты, қайда жұмсады, білімімен қандай амал жасады» дейді. Осыдан-ақ уақыттың маңызын біле беріңіз.

Ал, ағайын, біз уақытымызды қалай өткізіп жүрміз. Дүние дөңгеленіп, ақпарат көзі жедел дамыған мына заманда санқилы идеология тасқыны адамдарды ойлауға уақыт қалдырмайтын күйге түсіруде. Әсіресе, теледидар атаулы халықты ұзынсонар телесериалдарымен алдауда. Қазір Қазақстанның кез келген шағын қалалары мен қарапайым ауылдарына барып көріңіз, үйінің төбесінде немесе ауласында көлемі қара қазандай дөңгелек табақшалар тұр. Оның міндеті ғаламның бәлесін үйіңе әкеліп көрсетеді.

 Адамдар бір күнде екі немесе үш сериал көреді. Әрбір сериал 40-50 минуттан. Енді есептеп кеп жіберейік. Екі сериалға бақандай 2-3 сағат уақытыңыз кетеді. Аптасына 21 сағатты кино көрумен өткізеді екенсіз. Бір жылда 48-50 күнді тек сериал көруге жұмсайсыз.  

Ал, енді осы сериалдарды көргеннен не ұтасыз. Түк те пайдасы жоқ. Әншейін босқа өткен уақыт. Ақылы бар адам өзін кино көріп алдандырғанша ақыретке пайдасы бар дүниемен айналысар еді. Намазын оқыр еді, аят жаттар еді, бала-шағасының несібесі үшін пайдалы еңбек етер еді, ауырып-сырқаған ағайын-жекжаттың көңілін сұрауға барар еді...

Ислам ғалымы Ибнул Жаузи өзінің өсиетнама кітабында, уақыттың адамзат үшін өте құнды дүние екенін баяндай келіп: «Мұсылманның ниеті – амалымен игі. Мен адамдардың уақытқа мән бермейтінін байқаймын. Оларды телегей теңізге батып бара жатқан кемеде алаңсыз әңгіме-дүкен құрып отырған адамдарға ұқсатамын» десе, тағы бір оқымысты Яхия ибну Хубайра: «Адам баласы үшін ең бағалы зат – уақыт, һәм тез жоғалтатыныңда сол» депті. Яғни, баянсыз, бос өткен уақыттың ақыретте сөзсіз сұрауы болмақ.

Енді мына бір хикаяға назар салайық: Бірде патшаға нөкерлері еңгезердей шомбыл адамды ертіп келіпті. Бұл адамның ерекшелігі аса епті екен. Үлкен тебен инені алты аттам жерге шаншып қойып, қолындағы жіпті лақтырғанда әлгі иненің көзінен өткізіп жібереді екен. Патша онысын көріп қайран қалады. Шеберден: «Осы істі үйрену үшін қанша жылыңды жұмсадың?» - деп сұрайды. Шебер: «Қырық жыл уақытым кетті» дейді. Хан айтады: «Мына адамға 40 ділдә алтын беріңдер, оған қоса аямай 40 дүре соғыңдар» депті. Шебер: «Тақсыр! 40 дүре соғатындай қандай айыбым бар, түсінсем бұйырмасын...» дейді. Сонда хан айтыпты: «40 алтын ділдә еңбегің үшін, 40 дүре ешқандай пайдасыз іспен қырық жыл айналысып, ғұмырыңды босқа өткізгеніңнің жазасы» депті.

Ал, ағайындар ойлап көріңіздерші, шынында тебен инеге алты аттам жерден жіп лақтырып көзінен өткізгеннің ақырет үшін қандай пайдасы бар. Сол сияқты мазмұны нашар һәм пайдасы жоқ сериалдар да жоғарыдағы оқиға іспеттес.

1 пікір