«Уәһб ибн Мүнәббәһ» есімді табиғиннің мұсылман жынмен әңгімелесуі
«Уәһб ибн Мүнәббәһ» есімді табиғиннің мұсылман жынмен әңгімелесуі
9 ай бұрын 5962

Бұл дерек - Әбу Бәкір әл-Құраши есімді дін ғалымынан жеткен. Ол мұны өз кезегінде "Иса ибн Убәйдулла ибн әт-Тәмими" деген кісіден естіген, оған "Әбу Идрис" әңгімелеп берген. Әбу Идрис әкесінен естіген:

«Уәһб ибн Мүнәббәһ және Хасан әл-Басри (рахимаһумуллаһ) екеуі жыл сайын қажылық маусымында «Хайф» мешітінде жолығып тұрады екен. Түндердің бірінде екеуі жамағаттарымен бірге сұхбат етіп отырғанда, бір құс (тоир) көрініп, мәжіліс алқасына келіп Уәһбтың қасына жайғасыпты. Ол Уәһбқа сәлем береді. Уәһб сәләмін алады. Оның жын екендігін білген Уәһб, оған бұрылып, онымен әңгімелесуге көшіпті:

- Бұл қай кісі екен? – деп сұрапты Уәһб.

- Мұсылман жындарданмын, - деп жауап беріпті жын.

- Не шаруаң бар мұнда? – депті Уәһб, келу себебін білгісі келіп.

- Сендермен бірге отырып, сендерден ілім алуымызды ұнатпайтын ба едің? – дейді жын. Және сөзін жалғап:

- Біз көп істе сендердің қастарыңда боламыз – намазда, науқасты зиярат еткендеріңде, соғыста, жаназа намазында, қажылық пен умрада т.б. көптеген істерде. Біз сендерден ілім аламыз, сендерден Құран тыңдаймыз., - дейді.

Сонда Уәһб оған:

- Сендердің араларыңда қай риуаятшы жын абзал? – деп сұрайды (риуаятшы – естіген, білген хадисін өзгеге жеткізуші). 

- Мына шейхтан естігенін жеткізіп тұрушы жын абзал, - деп Хасан әл-Басриды көрсетіпті.

Сол арада Хасан әл-Басридің, бір нәрсеге айланып отырған Уәһбқа көзі түсіп кетіп:

- Уа Әбу Абдулла! Кіммен әңгімелесіп отырсың? – деп сұрады.

- Кейбір мәжілістестерімізбен әңгімелесіп отырмын, - дейді Уәһб.

Кейін сұхбат бітіп, екеуі жамағат алқасынан тұрып, былай шыққаннан соң Хасан әл-Басри одан әңгімелескен кісісі жайында сұрайды. Уәһб оған жынмен әңгімелескенін және оның Хасан әл-Басридің ғылым мәжілісінде отырып, одан естіген хадистерді өзге жындарға жеткізуші жынның өзге риуаятшы жындардан артық көретінін айтып береді. Сонда Хасан әл-Басри:

- Алла үшін, бұл нәрсені ешкімге айта көрме. Себебі, адамдар негізсіз нәрселерді айтып кете ме деп қорқамын, - дейді.

Уәһб ол жынды кейіннен де жолықтырып тұрған. Ол былай дейді:

«Мен ол жынды әр жылы қажылық маусымында жолықтырып тұрдым. Ол менен хадис сұрайды, мен оған хадис айтам. Бір жылы мен оны Қағбаны тауаф етіп жүргенімде жолықтырдым. Тауафымызды аяқтағаннан кейін, екеуіміз мешіттің бір шетінде отырдық. Мен оған:

- Қолыңды берші, - дедім. Ол қолын созды. Қолы мысықтың қолы сияқты - тырнақты және жүнді екен. Одан соң мен қолымды иығына (منكبه) дейін создым. Иығында қанаты бар екен. Бір сәт әңгімелестік. Кейін ол маған:

- Уа, Абдулланың әкесі! Мен саған қолымды ұстатқаным сияқты, сен де маған қолыңды ұстатшы, - деді. Қолымды ұстаттым. Аллаға ант етейін, қолымды қатты қысты. Қолымды оның қолы ұстағанда, ол маған анық көрінердей болды (бірақ артынан көрінбеді) және ол күлді.

Мен ол жынды әр жылы қажылық маусымында жолықтырып тұрдым. Бірақ кейін жоғалтып алдым. Қайтыс болып кеткен шығар деп ойладым» - деп әңгімесін аяқтайды Уәһб ибн Мүнәббәһ.

Нұғман Тұрғын

0 пікір