"Алдарыңда қара түнектей бүліктер күтіп тұр..." - Неге Пайғамбарымыз (с.а.у.) бүлік туғанда үйде отыруды бұйырған?
"Алдарыңда қара түнектей бүліктер күтіп тұр..." - Неге Пайғамбарымыз (с.а.у.) бүлік туғанда үйде отыруды бұйырған?
2 жыл бұрын 8526

Мұхаммед пайғамбарымыз (с.а.у.) бірде:

إِنَّ بَيْنَ أَيْدِيكُمْ فِتَنًا كَقِطَعِ اللَّيْلِ الْمُظْلِمِ ، يُصْبِحُ الرَّجُلُ فِيهَا مُؤْمِنًا وَيُمْسِي كَافِرًا ، الْقَاعِدُ فِيهَا خَيْرٌ مِنَ الْقَائِمِ، وَالْقَائِمُ فِيهَا خَيْرٌ مِنَ الْمَاشِي، وَالْمَاشِي فِيهَا خَيْرٌ مِنَ السَّاعِي) ، قَالُوا: فَمَا تَأْمُرُنَا؟ قَالَ: (كُونُوا أَحْلَاسَ بُيُوتِكُم

«Сендердің алдарыңда қара түнек түннің бір бөлігі сияқты бүліктер күтіп тұр. Ол кезде кісі иманды болып таң атырады, кәпір болып кеш батырады. Ондай бүлік туындаған сәтте отырған адам – тұрған адамнан қайырлы. Тұрған адам – жүрген адамнан қайырлы. Жүрген адам – жүгірген адамнан қайырлы» - дейді. Сонда қасындағы сахабалары: «(Ондай кезде) бізге не бұйырасыз?» - деп сұрайды. Алла елшісі: «Үйлеріңнің терлігі болыңдар (яғни, үйден шықпаңдар)!» - деп айтады". (Әбу Дәуід, «Сүнән». Сахих хадис).

Ардақты пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) болашақта, дәлірек айтқанда ақырзаман жақындағанда көптеген бүліктер мен лаңдар туындайтындығын бірнеше хадис шәрифтерінде айтып, ескерткен. «Ескерткен» деп отырмын, себебі «бүлік» деген сөз құр айтып кете салатын жеңіл нәрсе емес екенін, керісінше өте қауіпті құбылыс екенін жақында өзіміз куә болдық. Бүлік деген - тілсіз жау, әрідесе, бір пәсте жайпап өтер жойқын күш. Тарихта қаншама қоғам осы бүліктің салдарынан құрдымға кетті. Қазірдің өзінде біраз елдер осы бүліктің салдарынан қирап, елдігі жойылып, осыдан бірнеше жыл бұрын ғана көркейіп, өркендеп тұрған олар - бүгінде жік-жікке бөлінген берекесі қашқан елге айналғанын жақсы білеміз. Бүліктің осындай қауіптілігін ескерткен Алла елшісі (с.а.у.) ондай сын сәтте бүлікке ат салыспауды бұйыруда: «Бүлік туындағанда отырған адам – тұрған адамнан қайырлы. Тұрған адам – жүрген адамнан қайырлы. Жүрген адам – жүгірген адамнан қайырлы» деп қандай әдемі айтқан. Алла елшісінің (с.а.у.) осы сөздерін оқып отырып, кешегі елімізде ойран салғандардың бейнесі елестейді...

Хадистегі «терлік» деген сөз – ат арқасына (немесе түйеге) жұмсақ болу үшін тоқым астына салынатын жұқа киізді айтады. Хадисте терлік қалайша ердің астында көрінбей тұратын болса, қоғамда бүлік шығып, ойран басталғанда үйден шықпай, көшеде көрінбеген абзал екенін Пайғамбарымыз (с.а.у.) білдіруде. Өйткені, біріншіден, бүлік кезінде көшеге шыққан адам оларды қолдамаса да, бүлікшілердің санын көбейтіп көрсеткен болады, ал арам пиғылдылардың күткені де сол - қатарын көп қылып көрсету, және де неғұрлым адам көп болса, соғұрлым олар үшін жасырынуға қолайлы.

Екіншіден - өзі бүлікші болмаса да еріксіз бүлікшілердің арандатуына ілесіп, олардың қосағында кетуі мүмкін. Мысалы, кешегі елімізде орын алған ойран кезінде жай қызығып шығып, бірақ бүлікшілердің арбауына елігіп, ілесіп кеткен жас, кәмілетке енді толған жастар болған.

Оның үстіне, ондай ала-сапыран сәтте көшеге шыққан кісінің жазымтайым оққа ұшып кетуі де ғажап емес. Осындай себептерден, ардақты Пайғамбарымыз (с.а.у.) "бүлік кезінде үйден шықпай, тыныш отырыңдар" деп бұйыруда. Аллаһу аъләм. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! Мемлекетіміздің тұғыры берік әрі биік болсын! Әмин!

Абдусамат Қасым

0 пікір