Тәуекел – Аллаға сенудің шыңы (діндегі тәуекел түсінігі жайлы)
Тәуекел – Аллаға сенудің шыңы (діндегі тәуекел түсінігі жайлы)
1 ай бұрын 1981 islam.kz
Нұғман Тұрғын

Адам баласы өмірінде түрлі қиындықтарға, сынақтарға тап болады. Осындай сәттерде кімге сеніп, кімнен медет сұрау керектігі – әрбір мұсылман үшін маңызды мәселе. Ислам діні бізге ең ұлы қорған, ең сенімді сүйеніш ретінде – Алла Тағаланы ұсынады. Ал Оған шынайы түрде сену мен толықтай сенім артуды – тәуекел деп атайды. Тәуекел – жүректің Аллаға толық сенуі, себептерге емес, себептерді жаратып тұрған Затқа арқа сүйеуі. Бұл – иманның шыңы, шынайы мұсылманның сипаты.

Тәуекелдің анықтамасы мен мағынасы

Мұсылман ғалымы Ибн Рәжәб әл-Ханбали (р.а.) былай дейді:

«Тәуекелдің шынайы мәні – жүректің Алла Тағалаға толық сенуі, дүниелік және ақыреттік пайдаларға қол жеткізу мен зияндарды бейтарап етуде Оған арқа сүйеуі және барлық істерді Оған тапсыруы. Әлдебір жақсылықты беру де, бермеу де, зиян тигізу де, пайда әкелу де, тек бір өзі екендігіне шынайы иман ету». "Жәмиъ әл-улум уәл-хикам"

Ислам ғалымдары тәуекелді былайша анықтайды: «Себептерді жасау – міндет, ал нәтижені Аллаға тапсыру – тәуекел». Яғни, адам қолынан келген әрекетті жасайды, бірақ жүрегімен нәтиженің Алладан екенін толық түсінеді.

Құрандағы тәуекел жайлы кейбір аяттар

Алла Тағала Құранда былай дейді:

«Кім Аллаға тәуекел етсе, Ол оған жеткілікті»
(Талақ сүресі, 3-аят)

Бұл аятта Жаратушымыз бізге: «егер пенде шынайы түрде Аллаға сеніп, өз ісін Оған тапсырса – Алла оның қамын өзі шешетіндігін» анық ұқтыруда.

Тағы бір аятта:

«Егер сендер шын мұсылмандар болсаңдар, Аллаға тәуекел етулерің керек»
(Мәида сүресі, 23-аят)

Бұл аятта тәуекел – иманның ажырамас бөлігі екені көрсетілуде. Яғни, Аллаға сену мен Оған тәуекел ету – біртұтас ұғым деген сөз.

Пайғамбарымыздың (с.а.с.) тәуекелі

Алла елшісі ﷺ – тәуекелдің ең биік үлгісі болып табылады. Мысалы, ұлы хижра кезінде (ұлы көш, Меккеден Мәдинаға көшу) қасында жан серігі Әзіреті Әбу Бәкір екеуі мүшріктерден қашып, үңгірге келіп тасалаған кезде, қасындағы Әбу Бәкір (р.а.) әр жерді тіміскілеп жүрген мүшріктер тауып ала ма екен деп уайымдаған сәтте, Алла елшісі (с.а.у.) оған:

«Уайымдама! Алла бізбен бірге!» – деген еді. (Тәубе сүресі, 40-аят).

Ол үңгірдің есігінің алдында дұшпандар тұрса да, Аллаға деген сенімі нық болды. Бұл – шынайы тәуекелдің көрінісі.

Сондай-ақ, Пайғамбарымыз :

«Егер сендер Аллаға шынайы түрде тәуекел етсеңдер, Алла сендерді құстарды ризықтандырғаныдай ризықтандырар еді. Олар таңертең аш шығып, кешке тойып оралады» – дейді бір сөзінде1.

Бұл хадис тәуекел мен әрекеттің қатар жүруі керектігін көрсетеді. Құс – әрекет етеді (ұшып, ризығын іздеп шығады), бірақ ризығы – Алладан.

Тәуекел мен себепке жүгіну

Кейбір адамдар тәуекелді «әрекетсіз күту» деп шатастырып жатады. Бірақ Пайғамбарымыз бұл түсінікті жоққа шығарған. Бір адам түйесін байламай, «Мен Аллаға тәуекел еттім» дегенде, Ол :

«Түйеңді байлап, сосын тәуекел ет!» – деген болатын2.

Яғни, әрекет ету – парыз, бірақ нәтиже Алладан екенін ұмытпау – тәуекел.

Пайғамбарлардың тәуекелі

  • Ибраһим (ғ.с.) отқа тасталар сәтте:

    «Маған Алла жеткілікті, Ол – ең жақсы көмекші» – деді. Алла оған отты салқын әрі қауіпсіз етті.
  • Мұса (ғ.с.) перғауын әскері артқы жақтан табандап қалғанда, ал алдында үлкен алып теңіз шыққанда, Ол:

    «Жоқ! Расында, менімен бірге Раббым бар. Ол маған жол көрсетеді» – деді. (Шуара сүресі, 62-аят)

Бұл мысалдар – шынайы тәуекел иелерінің образы.

Тәуекелдің жемістері

Жүрек тыныштығы

Тәуекел еткен адам уайым мен қорқыныштан арылады. Ол барлығы Алланың қолында екенін біледі.

Ризық пен береке
Тәуекел етушіге Алла жеткілікті. Ризықты күтпеген жерден береді.

Сабыр мен тұрақтылық
Қиындықтарда сабырлы болады, өйткені сынақтың да, жеңістің де иесі – Алла.

Алланың көмегі
Тәуекел еткенді Алла жалғыз қалдырмайды.

Қорытынды

Тәуекел – шынайы мұсылманның тірегі. Ол жүректегі сенімді, ойдағы байыптылықты және әрекеттегі сергектікті біріктіреді. Әрбір мұсылман қандай істі бастаса да, Аллаға сеніп, жүрегімен тәуекел етіп, әрекетін жасауы керек.

Алла Тағала баршамызға шынайы тәуекел иесі болуды нәсіп етсін!

«Аллаға тәуекел ет. Расында, Алла тәуекел етушілерді жақсы көреді».
(Әли Имран сүресі, 159-аят)

Әлхамдулилләһи Раббиль аләмин!

islam.kz


1(Тирмизи риуаяты)
2 Тирмизи келтірген.

0 пікір