"Сөзінде әділет жоқ қаңбақ-мінезді жұрт болып барамыз"
"Сөзінде әділет жоқ қаңбақ-мінезді жұрт болып барамыз"
2 ай бұрын 3993
Маржан ӘБІШ

Әркімнің қолында смартфон һәм әлеуметтік желілер айтарлықтай күшке ие болған қазіргі уақытта қоғамда бір мінез пайда болды: кінәлау да оңай, дат­тау да оңай, ақтау да оңай. Халық тобыр секілді ештеңенің байыбына бармастан шала пікірдің соңынан ере кетеді. Әлеуметтік желіні аша қалсаңыз, бүгін бір адамды, ертең тағы біреуді жапа-тармағай табалап жатқан жұрт. Ол «кінәлі», бәлки шенеунік яки әкім, болмаса, мұғалім, дәрігер, тіпті зия­лы­ қауым болуы мүмкін. Жабыла мақ­­тау­дың да жөні солай. Сонда бұл халықта әділет жоқ па дейсің.

Өз заманында бұл әділетті Абай да іздеді. «...өзге жұрттан сөзі ұзын» ұлтының түрлі мінезін көріп, күйінді. Күресті. Жазды. Одан бері де қаншама су ақты. Ал сол Абай таныған, танып отырып жерінген қазақ бүгінгідей жаңа ғасырда, әсіресе «Жаңа Қазақстанда» өзгерді ме?..

Жалған сөзге жалаң ұран қосып, аспан­дата жөнелетін біртүрлі ғадетке қазір бо­йымыз үйренгендей. Десек те тал­ғамсыз, таразысыз айтыла салатын ойдың соншалық­ты құбылмалылығына таң­ғаласың. Ақ-қара­сы беймәлім ақтау, даттау, жақтау, мақ­таулардың толқыны тасқын селдей соғады. Сонда сөзінде әді­лет жоқ бұл қаңбақ-мінез­дің сыры неде?

Ұлттың мәдениеті мен интеллектісі сол руханияттың салмағын көрсетсе керек. Ал бұл деңгейдің шама-шарқы, әрине, білімге, оқуға байланысты. Дәл осы тұста қазіргі қо­ғамның кітапты аса оқи қоймайты­ны есі­ңе түседі. Одан бөлек, идеологияда­ғы, би­лік көзқарасындағы руханият­тың рөлі де белгілі. Бір жағынан, жақсы өлең оқып, рақаттанбаған яки тәуір шығармаға риза болып, ләззат алмаған, классиканы танымаған халықтың талғамы да жеңіл ойға, желең сөзге бейім болатыны заңды да. Оның несіне таңғаламыз...

Әсіресе кейінгі жылдары жалпы ­Қазақ­станда өмір өзгерді: қалада да, ауыл­да да тұрмыс мәз емес. Қымбатшылық жа­лақысы төмен халықты қысып барады. Күн көрісі қиындаған жұрттың білім алуға, кітап оқуға, бала тәрбиелеуге, саясатқа, ұлт болашағына алаңдауға уақыты жоқ. Құлқы да көрінбейді. Әлеуметтік желілердегі жөнсіз жортқан жаппай айыптаулардың бір себебі, бәлки, содан болар. Өз өміріне көңілі толмаған халық қоғамға бір нара­зылығын білдіргісі келер. Әділетсіз кінә­лаулар іштегі өшпенділік­тің дауысындай сезіледі. Бұл да – әлеуметтік трагедия.

Енді бір жағынан, тобырлық мінез қай халықта да бар дейсің. Оны білімсіздік­тің, мәдениетсіздіктің, талғамсыздық­тың бір көрінісі ретінде көреміз. Дегенмен қазақ қоғамында бұл көріністің кейінгі уақытта ауа жайыла белең ала бастағаны алаңдатады. Ал оған әсер етуші факторларға келсек, халық көзқарасындағы бірінші «кінәлі», әрине, билік. Жалпы, қоғамның билікке ешқашан көңілі толған емес. Бұл заңды да. Сөйте тұра кейде қариялардың кешегі кеңес өкіметін ешқашан жамандамайтынына таңғаласың (аңғалдық па, әлде ақиқат па?) Қазір жұрттың билікке айтар арызы көп. Қанттың бағасынан ­бастала­тын «мұңды жыр» жалпыхалықтық сипат ­алған қымбатшылыққа ұласады. Ал жалақы­ның жайы белгілі. Қоғам Үкіметтің алдын­да «керектен» басқа сөз айтпайды: жұмыс керек, жақсы айлық керек, үй керек, мектеп, жол, ауызсу, газ, жарық, тағысын тағылар. Яғни қоғамның алдын­да бәрі кінәлі: қазынадағы қаржыны жымқыр­ған шенеуніктерден бастап, пара алатын әкім-қараларға дейін. Одан бөлек, ұстаз баланы шала оқытқаны үшін кінәлі, ал дәрігер дұрыс емдемегені үшін кінәлі, жазушы жақсы жазбағаны үшін жазық­ты. Әсіресе Қаңтар оқиғасынан кейін һәм дәл қазіргі «Автобан шұбырынды» тұсын­да билікке деген жалпыұлттық қарсы­лық тіпті үдеп тұр.

Ал ең басты «кінәлі» – уақыт. Біз қазір шетелдік өнімдерді тұтынамыз, шетелдің киімін киеміз, шетелдің киносын көреміз. Кейде «Қазақстанда отыз жылда не дамыды?» деп ойлауыңыз мүмкін. Шындап келгенде, бұл өте-мөте қауіпті сұрақ. Жауа­бы да жүрек ауыртады. Сыбырлап айт­сақ, Қазақстанда отыз жылда жемқорлық, пара­­қорлық, рушылдық, тамыр-таныстық сынды ішмерез қасиеттерден басқа ештеңе дамымапты.

Сонымен, осылайша, халық үшін бәрі «кінәлі». Ал кінәсіз кім?..

 egemen.kz/ 

0 пікір