"Сөз таситын адам жәннатқа кірмейді!"
"Сөз таситын адам жәннатқа кірмейді!"
2 жыл бұрын 3276

«Аузынан бір сөз шығарса-ақ болды, алдында аңдушы, жазып қоюшы дайын тұрады» («Қаф» сүресі, 18-аят).

«Сөз тасыған жəннатқа кірмейді»1.

Сөз тасыған адамға өзінің қылығы елеусіз көрінгенімен, мұның азабы ауыр болатыны мына хадисте айтылады. Бірде Аллаһ елшісі (саллаллаһу алəйһи уə сəллəм) екі қабірдің қасынан өтіп бара жатып, «Бұл екеуі де қаперіне алмаған күнəлардан қабір азабын тартып жатыр. Біреуі сөз тасығаны үшін, ал екіншісі болса зəр сындырғанда сақтанбағаны үшін» деген еді2.

Көпшілік мұсылман осылайша «бір-екі ауыз сөз не тəйірі», «бір-екі тамшыда тұрған не бар?» деумен адасады, азапқа ұрынады. Негізі кішкентай күнəнің қайталана берсе таудай көлемге ие боларын ұмытпаған жөн. Айша анамызға (р.а.) жала жабылып, сол бүлік сөзді елге жайғандарға Құран: «Сол уақытта өсекті ауыздан ауызға таратып, көздерің жетпеген нəрсені жайып, болмашы нəрсе ғана деп ойласаңдар ол Аллаһтың алдында зор іс еді», – деп ескерткен («Нұр» сүресі, 15-аят).

Ғайбаттау былай тұрсын, кісінің артынан «бетіме телміре қарады» деген секілді көңілге тиетін қарапайым сөздердің өзі кісі ақысының тапталғаны болып есептеледі. Неге екені белгісіз, өтірікке, зинаға, ұрлыққа, намазды тəрк ету секілді күнəлардың маңына да жуымайтын, «дінге, иманға, халыққа қызмет етемін» деп жанұшыра жүгіріп жүрген саналы азаматтарымыз тіл бəлесі ғайбаттың алдында дəрменсіздік танытып қоя береді. Бұл дегеніңіз, діннің бір əмірін қабылдап, келесі бір əмірін құлаққа қыстырмау емес пе? Кітабымыз Құранда жүрегіндегі иманы əлсіз мұсылмандар туралы: «Сендер кітаптың кей бетіне сеніп, кей бетіне қарсы келесіңдер ме? Сендерден кім бұлай істесе, əрине, олардың жазасы дүние тіршілігінде қорлық, қиямет күнінде сұмдық азап болады. Аллаһ тағала істеген істеріңнен хабарсыз емес», – деп айтқанын естен шығармайық. («Бақара» сүресі, 85-аят).

Басқалардың айыбын əшкерелеуге ешқандай да қақымыз жоқ. Мəселен, əл-ауқаты жақсы бауырымыздың үйін қымбат жиһазбен толтырғанын көрсек, ол туралы «пəленшекең көзіне шел бітіп өзгерді, дүниенің қызығына алданып, жиған-тергенімен шаңырағын сəндепті» деу əбестік саналады. Өйткені, жақсы тұрмыс, жайлы үй иелену дінде харам емес, ал мұны өсек сөздің желеуіне айналдырып, адамды шенеп-мінеу харам. Жұпыны киіну, шидің үстіне жату тақуалықтың бір нышаны шығар, бірақ, жұрттың барлығы солай күнелтуі керек деген түсінікке орын жоқ. Тақуалық дəмді дастархан мен қымбат матадан киінуге қарсы тұру деп ұқпауымыз керек. Өмірде бай бола тұра қызылды-жасылды дүниеге берілмей, керек кезде тəрк ете алар тақуалардың болғаны секілді, өмір бойы кедейліктен көз ашпаса да тақуалыққа əсте бой ұрмаған адамдар болған.

Қымбат шапан жамылып, бағалы көлік мінгендердің ісі ысырап саналуы да, саналмауы да мүмкін. Шынтуайтында, мəселенің бəрі ниетке кеп тіреледі. «Маған мұсылман еместер сынай қарайды, Исламның абыройы үшін сəнді, жарасымды киінуім керек» деген адам гардеробын толтырып киім жинаса, мұнысы харам емес, аздаған шашып-төгу ғана болмақ. Ысыраптың да түрлі деңгейі бар. Сондықтан, дүние жиған мүминдердің əрекетін күстəналап «ысырап етуін қарашы» деп сөгу дұрыс емес.

Имам Ғазали «Мұсылман еместі ғайбаттаудың үкімі не болмақ?» деген сауалға былай дейді:

«Ғайбат сөзді мұсылман айтса үш нəрсеге себеп болғандықтан тыйым салынады: бірінші – кісіге тіл тигізгені үшін, екінші – Аллаһ жаратқан құбылыстың бойынан кемшілік іздегені үшін, үшінші – уақытты босқа өткізгені үшін».

Бұл қағидадан біз мұсылманды ғайбаттаудың харам екенін, бойынан кемшілік іздеу мəкрүһ екенін ұғамыз. Сондай-ақ, Ислам мемлекетінде өмір сүретін мұсылман еместі де жəбірлеуге болмайды. Өйткені, Аллаһ оның дінін, жанын жəне малын өз қорғауына алған. Ибн Хиббанның кітабында баяндалған мына хадис осыған дəлел. «Иудей немесе христианға жапа шектірген адам жаһаннамдық». Бұдан басқа соғыс жағдайындағы (харби) мұсылман еместі ғайбаттау харам емес деп айтылғанын да қоса кеткен жөн[191]3.

Аллаһ тағала: «Уа, мүминдер, садақаны міндетсініп, бұлдап немесе кісінің көңілін қалдырып сауабынан айырылып қалмаңдар», – деген («Бақара» сүресі, 264-аят). Сондай-ақ, тағы бірде: «Қайыр істегендер бергендерін бұлдамаса, сөйтіп өзгелерді кейітпесе, оларға Раббыларының құзырында сыйлық бар. Жəне оларға қорқыныш жоқ, олар қайғырмайды»

(«Бақара» сүресі, 262-аят), – дей отырып, жасаған жақсылығын соқырға таяқ ұстатқандай қайта- қайта айтып міндетсінгенді, бəлсінгенді жазғырған.

Пайғамбарымыз (саллаллаһу алəйһи уə сəллəм) қиямет күні орнағанда дəрменсіз хəлдегі үш топтағы адамдарға Аллаһ тағаланың мейіріммен назар салмайтынын жəне ақтамайтынын айтқан. Олар: киімі жерге шұбалған тəкаппар, жақсылығын бұлдаған адам жəне өтірік ант-су ішіп тауарын қымбатқа сататын саудагер4.

Кісі ақысын аяқ асты ететін жаман қасиеттердің бірі – мақтану мен дандайсу. Мұсылманның бір-біріне кішіпейілдік танытуға тиіс екенін Аллаһ елшісі (саллаллаһу алəйһи уə сəллəм) мына бір хадисте жеткізген: «Аллаһ тағала маған «Бір-біріңе кішіпейіл болыңдар, шектен шығып, бір-біріңе қысым көрсетпеңдер, тəкаппарланып мақтанбаңдар» деді»5.

Өзін биік санап, өзгелерді елемеу – үлкен қателік. Пайғамбарымыз (саллаллаһу алəйһи уə сəллəм) бұл туралы: «Кімде-кім астамсып, адамдар «құрыды (зиянға ұшырады)» десе, өзінің олардан бұрын құрығаны», – деген6. «Заман азды, адам азды» деп түңілген, байбалам салған дұрыс емес.

«Басқа бəле – тілден» екенін естен шығармайық. Сондай-ақ, адамға несібе етілген байлық, не болмаса басқадай нығмет оған өзін өзгелерден өктем ұстауға өкілеттік бермейді.

Құдайберді Бағашар, «Ала жіпті аттама».

1Бұхари. Әдеп 49, 50; Мүслим. Иман 168, 169, 170.
2Бұхари. Уду 55, 56. Жәнаиз 82. Әдеп 49
3Алуси. Рухул Мәғани 26/160.
4Бұхари. Уәсая 8, Неке 45, Фәраиз 2, Әдеп 57, 58; Мүслим. Бирр28.
5Мүслим. Жәннат 64.
6Мүслим. Бирр 139.

 

0 пікір