«РИНАТ ЗАЙЫТОВ ДАУЫ» неден шықты? (пәлсапалық-саяси эссе)
«РИНАТ ЗАЙЫТОВ ДАУЫ» неден шықты? (пәлсапалық-саяси эссе)
8 ай бұрын 6863
Абай Мауқараұлы, жазушы-журналист

«Ринат, алаяқтардың сексен пайызы намазхандар» деп айтты, деген сөз құлағыма жеткенде, маған жақсы таныс кейбір қаламгер замандастарымның өз ауыздарынан естіген мына сөздер есіме түсе кетті:

«Әй, сендердің анау Түркиядан дін оқып келді деген қыздарыңды да көріп жүрміз, басын таңып алған бұрыш-бұрышта темекі тартып тұрады» («басын таңып алған» дегені орамал тағып алғанын айтқаны). «Намаз оқып, сақал қойғандар, кісі бауыздаудан тайынбайды, дейді ғой!». Әрине, мұндайларға діннен хабары жоқ қой, деп жай бас шайқайсыңда, сөз айтып та керек емес, дейсің.

Қазіргі күнде, әркім айта беретін осыған ұқсас сөздердің неше алуаны көшеде, үйде, қайда да... құлаққа естіле беретіні әдепкі жағдайға айналған.

Онда, Мәжіліс депутаты Ринат Зайтов «Алаяқтардың сексен пайызы намазхандар» деп, айтқанына неге сонша ел шулап кетті? Ол да қиын түйін, құпия-сыр емес. Бірінші, жоғары лауазымды мемлекет қызметкерінің ауызынан шыққаны үшін. Екінші, қазақ сөз өнерінің майын тамызған айтыскер, дүйім елге танымалдығы үшін. Үшінші, қашанда халық мүддесі жағында жүретін әділдігі, мәнсаптан гөрі азаматтық, кісілігін жоғары қоятын қарапайым жігіттігі үшін... Иә, бұл сенсацияда көпшілік екі-үшке жарылып, жақ-жақ болған қауым оның бәрін түгендеп айтып та жатыр.

Бірақ, мәселе онда емес екен.

Бұрындары, анау «кәмөнизім заманында» намаз оқитын аз-мұз қария адамдарды сыртынан «намазға жығылатын кісі» дейтінбіз. Дінге еркіндік берілген уақыттан бері бұрын сөз қорымызда болмаған «намазхан» деген жаңа атау қосылыпты. Сөйтіп, мешітке баратын, намаз оқитын бүкіл қауым сондай ат алыпты.

Гәп, бұл шулы оқиға осы «намазхан» деген қауымның елімізде санының соншама өскендігін көрсетті. (Егер, мұндай сөз тоқсаныншы, екі мыңыншы жылдарда айтылған болса, ешқандай еленбес те еді)

Сонда, «алаяқтардың сексен пайызы намазхан» деген сөздің өзі де осы пайымды қуаттап тұр. Олай болса, алыс-жуық, анда-соқта, тіпті етене қатынасып жүрген он-шақты кісінің көбі, сөзінде тұрмай тайғанап кетсе, оғаш қылық көрсетіп жатса, бірден оның намаз оқитындығы еске түседі де, сондай жағымсыз ой көкейде қалып қояды. Өйтсе, Ринаттың да басынан сондай жағдай өткені күмәнсіз.

Олай десек, қазіргі айтысып жатқандардың «Ринат, намазхандардың сексен пайызы деген жоқ қой, алаяқтардың сексен пайызы намазхандар, деді» дейтін уәжі, реалды қортынды деуге келеді.

Яғни, былайғы адамдардың намазхандарға қатты сенетін психологиясын біліп алған алаяқтар, елді алдаудың бір тәсілі деп, өтірік намаз оқып, Ринатты яки олардың жақын адамдарын алдап жүрсе, айтар сөз жоқ емес пе?

Мұндай болса, алаяқтар адамдарды алдап қоғамды бір былғап жүрсе, шын намазхандардың атына кір келтіріп екі былғап жүр, деген сөз.

Бірақ, бір қызығы, «алаяқтардың сексен пайызы намазхандар» деген сөз бірден, Құдайға құлшылық жасап жүрген ақиқи діндар қауымның көңіліне тигені анық. Ринаттың риясыз айтқан сөзі, шын алаяқтарға емес, шын намазхандарға барып тиген! «Сөз бас жарады, бас жармаса тас жарадының» дәл өзі болған.

Бұл сөйлемнің құлаққа естілуі, тереңдеп назар қоймаса, бір қарағанда ислами қауымға тіке қаратылған құсап әсер ететіні, Ринатқа да, былайғы адамдарға да бір сынақ болғаны анық. Яғни, айтқан да, естіген де алғашында аңтарылып қалардай алапат сөз.

Егер, «Алаяқтардың ішінде намазхандар да аз емес» деп, айтқан болса, бәлки мұндай шу тумас та еді. «Сексен пайз» деген сөздің сегіз балл жер сілкінісінен кем болмағаны ғажап-ақ!

Алғашында, Ринаттың өзі де мұндай болғанына таңғалған шығар, жоқ, есі шығып қалғандай болды. Сұхбат алып отырған бір журналисттің алдындағы бейнесінде осы көрініс байқалып тұрды. Өйткені, Ринатқа қарсы қатаң сын айтқандардың көбі ресми имамдар, дін ұстанатын қоғамдағы белгілі тұлғалар болды. Бұлардың жай сөзінің өзі Ринатқа ауыр тигені анық. Екінші, қатаң шабуылға шыққандар, әрине өзін шын намазхан санайтын намысты топтар, олардың қарсылығы да әрине, оңай емес.

«Шешенді жаңғалақ жеңеді» дегендей Ринаттың өзі де «Мен бұларды сынаған жоқ сияқты едім ғой, бұ не боп кетті өзі!?» деп, ақылын топтап үлгертпей, блогерлердің сауалдары да үстіне қапалақ қардай жауды, әлеуметтік желі лапылдап өрт шығардай жалындады.

Бұл да былайғы бос сөзге, дырдуға әшейін үйір еріккендердің де делебесін қоздырып, той десең той емес, ой десең ой емес, біздің қазақ қауымының бір үріксе қайыру бермейтін жылқы мінезін тағы бір көрсетіп кетті.

Ал, намазда да, анада да, мынада да көп шаруасы жоқ қарапайым көпшілік те бұл дүрмекке қосылып, көбі Ринатты ақтап, жақтап әлек.

Қазақ қоғамында соншалық резонанс тудыратындай бірауыз сөздің күші неде?

Осы қарсаңда қаншама имамдар, журналистер, қоғам белсенділері, қарапайым адамдар, Ринаттың тіке өзінен сұхбат алған интервьюлер бойынша мыңдаған көзқарастар айтылса да, осы маңызды сұраққа жауап берілмеді.

Себеп, бұл оқиға төңірегінде әрбір адам өз көзғарасын ғана, жеке тұлғаның мәселесін ғана талқылап «кіші шеңберден» шыға алмады. Қоғамдық «үлкен шеңбер» ескерілмей қалды.

Ол «үлкен шеңбер» деген не? Ол – Хақ дін. Адамзат тарихында Жалғыз Жаратушының Хақ дінін әкелген бүкіл Елші-пайғамбарлар бүкіл халыққа теңгенің екі беті сынды біртұтас Иман мен жалпы Исламды әкелді.

Иман дегеніміз, мына шет-шегі жоқ жұлдызды-ғаламшар әлемі мен бүкіл мақұлқаттың жайлы да ғажайып тұрағы Жерді және оның ең құрметті тұрғыны асқан көркем бейнелі Адамды жаратқан Ұлы Жаратушы Құдайды тануы. Оған құлшылық етіп, адамшылықтың биігіне жетіп кемелденуінің кілті. Бұл әрбір жеке тұлғаның өз құқы.

Ал, Ислам дегеніміз, бұл дүниеде адамзаттың дұрыс өмір сүру үшінгі жолдаған Негізгі заңы. Ол, заңды ұстанған қай халық болсын кемел қоғам құра алады, ал жеке тұлағалар иманға қол жеткізуіне мүмкіндіктер туады.

Алайда, Ұлы Жаратушы адамзаттың өзіне тиесілі қалау еркін берді, солайша адамдардың өз еркімен кемелденуіне жол ашып қойды. Сол үшін оған асқан ақыл, шексіз шеберліктің белгісіндей он екі мүше сыйлады. Сөйтіп қана, өзінің сүйіп жаратқан АДАМ пендесіне уәделі шарт қойды: «Иманың арқылы адамшылықтың ең биігіне шығып, кемелдікке жетсең, мәңгілік бақыт әлемі Жаннатқа кіргіземін; ал, өз нәпсіңнің қалауын ғана орындап, дүниенің құлына айналып, адамшылығыңды ұмытсаң мәңгі азап әлемі Жаханнамға түсесің» деп.

Міне, бүкіл Елшілер осы ең маңызды хабарды былайша жеткізді: «Жалғыз Құдайға ғана жалбарыныңдар, Оған жаратылған ешбір нәрсені теңемеңдер, Содан ғана сұраңдар, Содан ғана қорықыңдар, Содан ғана үміт етіңдер!

Өз нәпсі қалауларыңмен жасап алған жасанды құдайларыңнан, жалған діндеріңнен бас тартыңдар! Ол үшін, Елшінің бұйрығын орындап, соның үлгісімен жүріңдер! Оның негізі мынау: Нақақ кісі өлтірмеңдер; өтірік айтпаңдар; зина жасамаңдар, қызтекелік етпеңдер; әйелдер ұятты жерлеріңді жабыңдар; алаяқтықпен біріңді-бірің алдамаңдар; таразыдан жемеңдер; өлшемнен кем бермеңдер; ата-ананыңды құрметтеп жақсы бағыңдар; қажетіңнен артық байлығыңды жетім-жесірге, мүгедектерге, кедейлерге беріңдер; туыстық қатынасты бұзбаңдар; көршіге қамқор болыңдар; әкімдікте әділ болыңдар; пара беріп, бара алмаңдар; өсімқорлықты қолданбаңдар; арақ ішпеңдер; зиянды нәрсені жемеңдер! Уақытша сынақ дүниеге алданып қапы қалмаңдар, мәңгі бақи жасайтын шын дүниеге дайындалыңдар!» деп. (Мұның бәрі Құран аяттарында айтылған)

Міне, Исламның ең қысқаша мазмұны осы. Демократия, дегенді де ешкім ойлап тапқан жоқ, сол Елшілер баяғыдан әкелген Исламның құндылықтарын қазір адамзат қоғамы өзіне қолайлы, нәпсісіне жағатынын қолданып жалғастыруда ғана. Өткен Қазақ қоғамының нақты тарихын қарасақ да, осы Ислам жолында үлкен жетістікке жеткенін көре аламыз.

Сонда, толық Иманға жетіп, Ислами құндылықтарды шамасынша ұстанатын жеке тұлға болса, мынандай Құрани шеңбердің (құдуыт) ішінде ғана адами әрекет етуге міндетті болады:

Парыздар, мүминнің құлшылық түрлері; Уәжіптер, иманға келген адамның атқаруға тиісті міндеттері; Сүннеттер, мұсылмандардың Пайғамбар с.а.у. аманат етіп кеткен бүкіл жолын ұстануы; Мұстақап амалдар, Пайғамбар құп көрген бүкіл мұсылманның пайдалы, жақсы іс-қызметтері; Мүбах істер, дінде қатаң шек қойылмаған адамның өз еркіндегі зиянсыз әрекеттері; Мәкүрук қылықтар, мұсылман адамдардың жасауы ұят, жиіркенішті саналған жайттар; Харам, бұл иманға келген адамдарың қашық жүруге тиіс, қатаң тиым салынған мәселелері.

Сонда, мұсылманның бәрі осы заңды критерияларды толық орындай ала ма? Жоқ, орындай алмайды. Себебі, әрбір адамның иман дәрежесі бар.

Иманның ең биігінде Жалғыз Жаратушының ең сүйікті құлдары Пайғамбарлар шоғыры тұр; одан кейін бүкіл қауымға келген Елші-пайғамбарларын бірден қолдап олардың артынан ерген адал достары яки сахабалар қауымы; келесіде осы кемел қауымның жеткізген Хақ дінін жанкештілікпен кейінгіге жеткізуші ислам-ғұламалары; осы дінді жан-тәнімен ұстанған тақуа мұсылмандар; одан кейін Исламның алты сенімін құптап, бес парызын ұстанған қарапайым мұсылмандар; соңында өзін жай мұсылман санайтын көпшілік қауым шоғыры; келесі кезекте атеист-материалистер; ұлтшыл тәңіршілдер; басқа діни ағымдарды қолдайтын топтар, мұсылмандықты ұстанған болып көрінетін алдамшы шайтани пенделер... деп, атауға болады.

Егер, осы сенім ұстанымы бойынша қарасақ, атеист-материалистер; ұлтшыл тәңіршілдер; басқа діни ағымдарды қолдайтын топтар, мұсылмандықты ұстанған болып көрінетін алдамшы шайтани пенделер жоғарғы атаған Құрани критерияны орындауға міндетті емес. Бұлар, осы қазіргі қоғамдық өлшемдер бойынша өз еркімен өмір сүре алады.

Ал, Хақ дінді жан-тәнімен ұстанған тақуа мұсылмандар; одан кейін Исламның алты сенімін құптап, бес парызын ұстанған қарапайым мұсылмандар; соңында өзін жай мұсылман санайтын көпшілік қауым шоғыры Құрани критерияны шама-шарқынша ұстанатыны түсінікті жәйт.

Енді, осы нақты таным бойынша «алаяқтардың сексен пайызы намазхандар» деген даудың төркінін саналы түрде түсінуге мүмкіндік туады. Осы дауды тудырған Ринаттан бастап дауға қатысқандар өз-өзіне сұрақ қойсын: «Мен сөзімді осы діни өлшемдер бойынша айттым ба, жоқ өзімнің дүнияуи түсінігіммен сөйледім бе, менің өзімде діни ұстаным бар ма, жоқ па», деп.

Міне, адамдар ең алдымен осындай хақиқи өлшеммен өз ішіне, өз ісіне үңілсе ғана дау-дамайдың төркінін ұғып, мәмілеге келудің жолын көре алады.

Бұл, әлгі айтқан «Үлкен шеңбердің» хикметі. Яғни, ғарышқа шығып Жер шарын көрген адам мен өз ауласынан шығып көрмеген адамның өресі жер мен көктей алшақ екені белгілі ғой.

Иә, егер осылай ете алсақ, даудың соңы қайырлы істермен, жақсы бағытқа бет бұрумен аяқталатыны сөзсіз. Өйткені, біздің ел қандай жағдайда да Исламды жақсы көретін, оны ұстануды қалайтын халық екенімізді көрсетудеміз.

22-09-2023

 

0 пікір