Қонаққа барудың 5 әдебі
Қонаққа барудың 5 әдебі
7 жыл бұрын 7918
 Әсем киіну

 

Сіз туысыңызға, құрбыңызға, досыңызға болсын қонаққа барардан алдын әдемі таза киімдер киіп, әсемденіп баруыңыз керек. Ал, қонақты күтіп отырған үй иесі де үстіне алқам-салқам киінбей, келген қонаққа жылы шырай қуанышта екенін сыртқы көрінісі арқылы көрсетіп, әдемі киініп жүруі тиіс. Әсіресе, отбасының берекесін, жылы қабағын, шаңырақ астындағы жанға жайлы ауа райын қалыптастыратын – әйел-ана. Пайғамбардың (с.а.у.) әдемі киімі бар еді, оны тек қонаққа барғанда немесе қонақтар келгенде киетін. 6демі киіну дегенде міндетті түрде әр қонаққа барған сайын тек жаңа, қымбат киім кию шарт емес, бұл жерде мақсат – екі жақтың да әдемі болуы бір-біріне құрметін, сыйластығын білдіреді.

 

Кіруге рұқсат сұрау

­Қонаққа барған үйге баса-көктеп кіріп бармай, тіпті табалдырықтан аттап баспай тұрып алдымен кіруге рұқсат сұрау қажет. Бұл – сүннет. ­Құранда Алла тағала қонаққа бару хақында: «Ей, мүміндер! Өз үйлеріңнен басқа үйге рұқсат алмайынша, әрі үй иесіне сәлем бермейінше кірмеңдер. Бұл сендер үшін қайырлы. Әрине, түсінерсіңдер. Егер үйде ешкім таппасаңдар, Өздеріңе рұқсат бермейінше кірмеңдер. Егер сендерге: «Қайтыңдар!» делінсе, онда қайтыңдар, бұл сендер үшін жақсырақ. Алла не істегендеріңді жақсы біледі» (Нұр, 27-28). «Алланың елшісі (с.а.у.): «Рұқсат сұрау үш рет: егер (кіруге) рұқсат берсе, онда кіресің. Егер рұқсат бермесе, онда кері қайтасың» – деді», – деп хадисті Әбу Мұса әл-Ашғари (р.а.) риуаят етеді (имам Бухари, Муслим).

Басқаша айтқанда, сіз қонаққа барған үйдің есігін үш мәрте қағып немесе қоңырау шалу керек. Міндетті түрде кіруге рұқсат берілгеннен кейін ғана кіре беруіңізге болады. Себебі, қандай орынға болсын тек рұқсатпен кіру, біріншіден, Алланың бұйрығы, екіншіден, Пайғамбардың (с.а.у.) сүннеті, үшіншіден рұқсатсыз есігін айқара ашып кіріп, баруыңызды үй иесі үзірлі себептерге байланысты қаламауы мүмкін. Бастысы, барған жеріміздің иелерін қысылатындай шарасыз хәлге түсіріп қоймауымыз шарт.

 

Алдын-ала ескерту

Туысыңыздың үйіне, досыңыздың қызмет орнына немесе басқа да мекенге қонаққа баруға жиналсаңыз, алдымен, баратыныңызды алдын-ала телефон арқылы болса да ескертіп, ертерек хабардар етіп бару да мұсылманның сипатына жатады.

 

Ыңғайлы уақытты таңдау

Қ­онаққа шығудан бұрын баратын отбасының қонақ күтуге қолайлы уақытына туралап, келісіп зиярат ету қажет. Өзіңіздің уақытыңызға сәйкестендіріп баратын жеріңіздің жағдайымен санаспай, бір маңызды шаруамен барған күннің өзінде, бейуақытта, мәселен шам, құптан намаздарынан кейін зиярат ету ққонаққа бару әдебіне қайшы.

Зиярат етуге қолайлы уақыттар – бесін намазына дейін, түскі ас кезінде, түстен кейін асыр намазына дейін де, кейін де ыңғайлы. Негізінен, бұл уақыттарды атап айтудағы мақсат, бір ырым-жорамалдарға сүйеніп емес, бәлки кез келген отбасының өзіне тиесілі сыры, азды-көпті қиындығы болғандықтан, орынсыз қонаққа барудың салдарынан үй иесі де, өзіңіз де ұялатын жағдайларға куә (тап) болмағаныңыз дұрыс.

 

Есікті үш рет қағу

 Бір жерге қонаққа, не басқа орынға барсаңыз, есікті үш мәрте қағып, егер іштен еш жауап болмаса, есік қоңырауын қайта-қайта шалып, үсті-үстіне есікті төпелей бермей, кері қайтуымыз керек. Рұқсат етілген әдеп бойынша есікті үш мәртеден артық қағуға болмайды. Сіз қоңырау шалғаннан соң есік ашылып үй иесі «кіріңіз» деп ұсынбайынша, Пайғамбарымыз (с.а.у.) үйреткен әдебімен шеткерірек бір-екі қадамдай жылжып есіктің бір жанында тұру керек. Сахабалардың бірі: «Пайғамбарымыз (с.а.у.) бір үйге барса іштен есік ашылғанда, есіктің қақ алдында емес, оңға немесе сол таманға шеткерірек тұратын, шамасы келгенінше үй иесін шығындандырмайтын», – деп айтқан. Сәһл ибн Сағд (р.а.): «Алланың елшісі (с.а.у.): «Расында да рұқсат сұрау, көздің себебі үшін (міндеттелді)», – деп айтты» деген хадисті риуаят етеді (имам Бухари, Муслим).

 «Мен Алланың нәбиіне (с.а.у.) барып, есікті қақтым. Ол: «Кім бұл?», – деп сұрады. Мен: «Бұл менмін», – деп жауап бердім. Алланың елшісі (с.а.у.) мені қаламаған сияқты: «Мен, мен (дейсің бе)?» – деді» деп хадисті Жәбир (р.а.) риуаят еткен (имам Бухари, Муслим). Кильда ибн әл-Ханбәлдан мынадай хадис риуаят етіледі: «Мен Алланың елшісіне (с.а.у.) келген едім. Оған сәлем берместен қасына кіріп бардым. Сонда Алланың нәбиі (с.а.у.): «Сыртқа шық, сәлем беріп, кейін «кірсем рұқсат па?» деп айт», – деді» (Әбу Дауд, әт-Тирмизи).

Осыған байланысты Алла тағала былай деп хабар береді: «Ей, мүміндер! Меншіктеріңдегі құл-күңдер, әлі ержетпеген балаларың, осы үш мезгілде (жандарыңа) рұқсат сұрап кірсін: таң намазының алдында, түсте киімдеріңді шешкен уақытта және құптан намазынан кейін. Сендер үшін осы үшеуі ұялатын мезгіл. Бұлардан кейін (басқа уақытта) сендерге де, оларға да айып емес. Себебі, сендер бір-біріңе кіріп шығуларыңа керексіңдер. Осылайша Алла сендерге аяттарын баян етеді. Алла толық білуші, хикмет иесі. Ер жеткен балаларың, бұрынғылар рұқсат сұрағандай рұқсат сұрап кірсін. Осылайша сендерге Алла аяттарын ашық баян етеді. Алла толы білуші, хикмет иесі» (Нұр, 29).

Біз де Ислам әдебіне сүйене отырып және Пайғамбардың (с.а.у.) көркем мінезінен үлгі алып қонаққа барған үйіміздің жағдайына қарап жай-күйін сұрасып біршама уақыт отырғаннан кейін үй иелерін әуре-сарсаңға салып қоймай уақытылы қайтқан жөн. Қ­онаққа барғаныңызда сол үйдің дүниесіне көз тігіп, рұқсатсыз бөлмелерін аралап, ыдыстарын, жиһаздарын, дүние-мүлкін сөз етіп, ұсынған тағамдарын сынап, бейберекет әңгімелер айтып отырудан аулақ болыңыз.

0 пікір