Неге Пайғамбарымыз (с.а.у.): "Қыс мезгілі - суық олжа" деген?
Неге Пайғамбарымыз (с.а.у.): "Қыс мезгілі - суық олжа" деген?
2 жыл бұрын 11149

Бисмилләһир рахманир рахим

Қыс мезгілі - қар, суық және аяз. Тоңғаннан бүрісіп жүрген адамдар. Аязы қатты, ал қары қалың жауатын солтүстік аймақтарда қарға тығылып шыға алмай жатқан көліктер. Қатты аяздан көлігін оталдыра алмай жатқан шопырлар т.б. – қыс дегенде жалпы ойға келетін осы нәрселер. Дейтұрғанмен, қыс мезгілінің пайдалы тұстары да аз емес. Бүгінгі жазбамызда қыс мезгілінің сондай бір тұсын, дәлірек айтқанда бір мұсылман үшін пайдалы болар жөнін айта кетсек деп отырмыз.

Қыс мезгілінің мұсылман үшін бір пайдасы – қаза оразалары барлары қазасын жеңіл өтеп, ал нәпіл ораза ұстағысы келетін мұсылманның қиналмай мол сауапқа кенелетіндігінде жатыр. Сондай-ақ, түні ұзақ болғандықтан, түнгі намазға тұруы да қиынға соқпасы анық. Өйткені, жаз кезінде таң ерте атып кететіндіктен, көп жағдайда тахажжуд намазына үлгере алмай жатамыз. Ал қыс мезгілінде олай емес. Осы жөнінен қарасақ, қыс мезгілі мұсылман үшін олжалы маусым болып тұр. Сондықтан да Пайғамбарымыз (с.а.у.) өзінің асыл сөзінің бірінде:

"الصَّوْمُ فِي الشِّتَاءِ الْغَنِيمَةُ الْبَارِدَةُ"

«Қыс мезгіліндегі ораза – суық олжа» - деген[1].

Пайғамбарымыздың (с.а.у.) қыс мезгіліне қарасты «суық олжа» деуінің мәні – қиналмай мол сауапқа кенелуге болатындығын білдіріп тұрғандығы баршамызға мәлім. Олжа - көбіне соғыс майданында жан алып, жан берісіп, үлкен машақатпен қол жеткізетін дүние. Қыс мезгілінде жасалған ғибадат-құлшылықтан тапқан мол сауапты да хадисте «соғыстағы олжамен» салыстыруда. Бірақ «суық» деуі арқылы – сондай мол сауапқа қиналмай, шаршамай, жеңіл түрде кенелетіндігін білдіріп тұр. Өйткені, араб ұлтында «суық» сөзі – «рақаттыққа», «жеңілдікке» тұспалданады. Өйткені, көп мезгілі аптап ыстықта өтетін араб ұлтында салқындық және суықтық – «жанға жайлылық» пен «жан рақаттығымен» ассоциаланатын болған. Сондықтан да, Алла елшісі жоғарыдағы хадисінде, «қиналмастан тапқан пайда» деген мағынада «суық олжа» деп отыр.  

Кезінде сахабалар қыс мезгілі жақындағанда қуанатын болған екен.  Мәселен, сахаба Абдулла ибн Мәсъуд (радияллаһу анһ) қыс мезгілі жақындағанда:

 مرحباً بالشتاء؛ تتنزل فيه البركة، ويطول فيه الليل للقيام، ويقصر فيه النهار للصيام 

«Қыс мезгілі қош келді! Ол мезгілде береке жауады. Намаз үшін түні ұзақ. Ораза үшін күндізі қысқа» - деп қыстың пайдалы тұсына назар аудартқан.

Әзіреті Омар болса қыс мезгіліне байланысты: «Қыс мезгілі - көп құлшылық етушілердің ғанибет маусымы» деп сипаттама берген[2].

Сол себепті, мұсылман үшін қыс мезгілі рухани азығын молайтып алар көктем іспетті саналады. "Көктем" деп бекер айтып отырғаным жоқ. Бір әлсіз хадисте «Қыс мезгілі – мүміннің көктемі. (Өйткені) Ораза үшін күндізі қысқа, намаз үшін түні ұзақ» делінеді[3]. «Себебі, мүмін-мұсылман қыс мезгілінде құлшылық бағында емін-еркін кезіп, ғибадат алаңында мейлінше өрістейді және жеңіл атқарылатын амалдар бақшасында оның жүрегі тазарады» деп, Ислам ғалымы Ибн Ражаб әл-Асқалани (рахимаһуллаһ) «қыс мезгілі – мүміннің көктемі» деген сөзді астарлап түсіндірген...

Ендеше, мұсылман қауым! Мұндай мүмкіншілікті біз де бос жібермей, мүмкіндігінше күндізін оразамен өткізіп, түннің бір сәтін тәһәжжуд намазына арнап тұрғанымыз жөн екен. Жеңіл олжадан қапы қалмайық ағайын!

А. Қасым


[1] Имам Ахмед: «Муснәд»; Имам Тирмизи: «Сүнән». Сахих хадис.
[2] Әбу Наъим.
[3] Имам Ахмед: «Мүснәд»; Имам Бәйһақи: «Сүнәнуль Кубро».

0 пікір