Мақсұт – алыс, өмір – шақ
Мақсұт – алыс, өмір – шақ
3 жыл бұрын 4881

Өмірді Құран мен сүннет шеңберінде түсініп, мұсылманша ой қорытып, жаратылыс пәлсапасын Ислам негізінде жырлаған арғы-бергі ақындардың ішінде Құнанбайдың ұлы Абайдан асқан ақын кемде-кем. Әйгілі «Сегіз аяғында» заңғар ойшыл былай деп толғайды: 

Қайратым мәлім,

Келмейді әлім, 

Мақсұт – алыс, өмір – шақ.

Өткен соң базар,

Қайтқан соң ажар,

Не болады құр қожақ?!

Кеш деп қайтар жол емес,

Жол азығым мол емес.

«Қайратым мәлім, келмейді әлім» деп ақын өз бойындағы қуаттың азайғанын емес, жалпы адамзаттың әлсіз жаратылғандығын түсіндірген секілді. Шынымен де қасиетті Құранда: 

«Алла сендердің жүктеріңді жеңілдетуді қалайды. Бірақ адам өте әлсіз жаратылған» 

деген анық аят бар («Ниса» сүресі, 28-аят). Жалған дүниені жалпағынан басқан адам баласы еш уақытта базары тарқамастай сезінеді. Сондықтан болар, Алланың үкімдеріне атүсті қарайды. Сағым дүниенің соңында жүріп қу өмірдің соңы таяп қалғанын да білмей қалады. Ақырында деннен саулық, бойдан қуат кеткенде өзінің әлсіздігін мойындауына тура келеді. Әлсіз болмаса, кім өзінің өткен өмірін қайтара алады? Кім өзінің амал дәптерінен өмір бойы жасаған күнәлі істерін өшіре алады? Қайраты шектеулі болмаса, күн санап қартайып жатқанын тоқтатуға кімнің құдіреті жетеді? Тақап келген ажалға кім қарсы тұра алады?! Тірі жанның өмірі өлшеулі, ал мақсұт-мұраты тым алыста. Мақсұт деген – адамның өмірде бітіре алмаған шаруалары. Кейде бір күндік істерімізді кешке дейін бітіре алмай пұшайман күй кешеміз. Ал бір күніміз емес, бүкіл өміріміз соңына тақалғанда, өкінішіміз қаншалықты еселенерін өзіңіз ойлай беріңіз. Ғұмыр бойы діттеген биігіне жете алмай, асуынан аса алмай, алдына қойған мақсатына жете алмай жүргенде тіршілігі де бітіп қалғанын терең ұғынып: «Қап, әттеген-ай, өмірдің қысқалығын қарашы!» деп санын соғатындар да көптеп ұшырасады. «Мақсұт – алыс, өмір – шақ» дегеннің бір мәні осы. 

Екінші қырынан, мақсұттың алыстығы ақырет жұртына байланысты. Мәңгілікпен салыстырғанда жер бетіндегі бүкіл өмір бір сәтке де тұрмайды. Қасиетті Құранда:

«Қиямет қайым орнағанда күнәһар пенделер дүниеде тек бір-ақ сағат болдық деп ант етеді»

- деген аят бар («Рум» сүресі, 55-аят). Ал шын бақытты іздеген жанның бар мақсұты – Алланың разылығына бөленіп, мәңгі өмірде бақытты болу. Бұл жайлы қасиетті аятта былай делінген:

«Алланың саған берген бар мүмкіншілігімен ақырет жұртын іздеп, соған ұмтыл. Бірақ дүниедегі несібеңді де ұмытпа» («Қасас» сүресі, 77-аят).

Ардақты пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бірде Әбу Зәрр деген сахабасына былай кеңес берді:

«Кемеңді мықтап сайлап ал, алдымыздағы теңіз тым терең. Жол азығыңды молырақ ал, сапарымыз ұзақ. Жүгің де жеңіл болсын, алдымыздағы өткел тым қатерлі. Әр ісіңде ықыласты бол, себебі бақылаушы Алла әрқашан көріп тұр».

Бұл хадистегі терең теңіз - ұзақ сапар, қатерлі өткел – бәрі де ақыреттің күйі. Өмірі шақ, мақсұты алыс болса, мұсылман адам жас кезінен бастап ізгі амалдарын көбірек жасап, құлшылықтарын тереңдетіп, ықыласын күшейтіп өмірдің қадірін білгені дұрыс. Бұл өмірден табатынымыз – Алла тағаланың бұйрықтарын орындау, иманымыз, намаз бен оразамыз, басқа ізгі істеріміз болады. Алла тағала осыларды саудалайды. Олардың орнына өзінің разылығы мен мәңгілік бақыт тұрағы жұмағын сыйлайды.

«Уәделеріңе берік болыңдар, сонда мен де өз уәдемді орындаймын» 

дейді («Бақара» сүресі, 40-аят).

Адамның ең үлкен өмір базары – оның жастық шағы. Өміріміздің түсі ауып, кеші таяған кезде атқарған құлшылығымыз базар қайтыстағы сауда секілді. Ол ертең бізге пайда беруі де, бермеуі де мүмкін. Сондықтан хакім Абай:

Өткен соң базар,

Қайтқан соң ажар,

Не болады құр қожақ?! – деп осы мәселеге екпін түсіріп отыр. Шумақты данышпан атамыз:

Кеш деп қайтар жол емес,

Жол азығым мол емес,

– деп түйіндейді.

Алла тағала бәрімізге рухани азықты мол жинауға жазсын! 

"Даналық ойдан дән ізде" атты кітаптан.
Авторы: Асылбек Ноғаев.

0 пікір