Кез келген білімді тез әрі терең меңгеруге мүмкіндік беретін әдіс
Кез келген білімді тез әрі терең меңгеруге мүмкіндік беретін әдіс
7 жыл бұрын 6109
Данияр ЖІГІТБЕК

(Фейнман әдісі)

 

Физика бойынша Нобель сыйлығының иегері Ричард Фейнман кез келген тақырыпты тез әрі терең түсінуге көмектесетін білім алу алгоритмін жасады. Бұл алгоритм «Фейнман әдісі» деген атқа ие болды. Фейнман әдісін білім алуда, жаңа пәнді меңгеруде, белгілі бір мәселені үйренуде қолдануға болады. Бұл әдіс өте қарапайым және бар-жоғы үш-ақ қадамнан тұрады.

 

1-қадам. Үйренгеніңізді балаға үйретіңіз.

 

Бір ақ параққа үйренгіңіз келген нәрсені жазып қойыңыз. Бұл тақырып жайлы білетініңізді кішкентай балаға түсіндіріп жатқандай жазып шығыңыз. Сіздің негізгі оқырманыңыз ақылды ересек әріптесіңіз емес, сегіз жасар бала деп елестетіңіз. Адамдардың көбі бір нәрсені түсінбегенде күрделі сөздер мен кәсіби жаргонды қолдануға бейім болады. Сіз белгілі бір идеяны жас бала түсінетіндей етіп бастан-аяқ қарапайым сөздермен сипаттап жазуға тырыссаңыз, оның мән-мағынасын тереңірек түсіне бастайсыз. Біраз күш салсаңыз, қай жерде ақсап жатқаныңызды да байқайсыз. Бұл сіздің әлі де үйренетін тұстарыңыз бар екенін көрсетеді.

2-қадам. Қайталаңыз.

 

Алғашқы қадамда сіз міндетті түрде кейбір проблемаларға кезігесіз: бір жерде маңызды деген нәрсені ұмытып кетесіз, бір мәселені түсіндіре алмайсыз немесе түрлі түсініктерді біріктіре алмай қиналасыз. Бұл өте маңызды, себебі сіз осылайша біліміңіздің шет-шегін анықтап аласыз. Осы тұста нағыз білім алу басталады. Енді сіз нақты қай тұста ақсап жатқаныңызды білесіз. Бастапқы материалға қайта оралыңыз. Сосын қарапайым терминдерді қолданып, ештеңені қалдырмай түсіндіріп бере алатын дәрежеге жеткенше, қайталап оқи беріңіз.

3-қадам. Өте қарапайым жазыңыз.

Қолыңыздағы қолжазбаларды бір қарап шығыңыз да, түпнұсқа материалдан алынған кәсіби терминдерді барынша азайтып, мүмкін болса, қолданбауға тырысыңыз. Сосын осы қолжазбалардан қарапайым әңгіме құраңыз да, дауыстап оқып шығыңыз. Егер бұл түсіндіруіңіз қарапайым болмаса немесе бір түрлі естілсе, бұл сіздің біліміңіз әлі де терең емес деген сөз.

 

4-қадам (міндетті емес). Бөлісіңіз.

Белгілі бір тақырыпты қаншалықты түсінгеніңізді білгіңіз келсе, басқа біреумен бөлісіңіз (мүмкін болса, бұл аталмыш тақырыпты онша білмейтін адам немесе сегіз жасар бала болғаны жақсы). Үйренгеніңізді өзгелерге қаншалықты жеңіл әрі түсінікті етіп жеткізе алсаңыз, материалды соншалықты жақсы меңгердім деп айта аласыз.

Осы қарапайым әдісті қолданып, аз уақыт ішінде кез келген тақырыпты оңай меңгеріп, біліміңізді тереңдете түсіңіз.

 

0 пікір