Балаңыз ұры болмасын десеңіз...
Балаңыз ұры болмасын десеңіз...
7 жыл бұрын 10935
Назым ҚАНҚОЖА

Әрбір ата-ана өз баласының жақсы адам болып өсуін тілейді. Адами қасиеттерді бойына жиған адал азамат тәрбиелеу - баршаның арманы. Дегенмен, сіз қанша жерден жақсы тәрбие беруге тырысқаныңызбен, кейде перзентіңіз сіз күтпеген іс-әрекеттерге баруы мүмкін. Соның ішінде баланың бойында жиі кездесетін теріс әдеттердің бірі, қасақана немесе білмей ұрлыққа бару. Әдетте бүлдіршін ұрлықтың басын отбасында жасайды екен. Мұндай "қылықтарға" өзіне назар аудартқысы келген бүлдіршін еркеліктен, я болмаса мінезінің дұрыс қалыптаспағынан барады. Кейде мұндай олқылық ата-ананың балаға тиісті көңіл аудармауынан, дұрыс берілмеген тәрбиенің салдарынан болып жатады. Жоғарыда жазылғандардың қайсысы орын алса да ата-ана үшін ауыр жайт. Дабыл қағу - ұят, күресу - қиын.

Осындай жағдайға кез-келген отбасы тап болуы мүмкін. Басыңызға түсіп жатса бұл мәселені қалай шешуге болады? Баланы жаман әдеттерден аулақ тәрбиелеудің кілті неде? Теріс әрекетке барған жағдайда ата-ана не істеу керек деген сұраққа білікті психолог-педагогтар бірауыздан баланы жақсы көруді айтады. Сондай-ақ мінез-құлқына назар аударып, өзіңіз үлгі болып тәрбиелеуге, перзентіңізбен уақытты жиі өткізіп, көп көңіл бөліңіз деп жауап қайтарады.

Баланың ең алғаш ойыншықты рұқсатсыз алып келуі 3-4 жасында орын алады екен. Психологтардың айтуынша, бұл жастағы балада өзімдікі немесе біреудікі деген ұғым толық қалыптаспағандықтан, атқарылған істің жақсы не жаман екенін айыра алмайды. Дер кезінде қолға алмасаңыз бала үшін өзгенің затын үйге алып келу қалыпты жайтқа санала бастайды. Негізінде балаға өзінің назарын аудартқан затқа қол жүгірту тән қасиет. Дегенмен осы жастан бастап, бүлдіршіннің үйде өз бұрышы, өз заттары (жеке сүлгісі, ыдыс-аяғы т.б) болуын қамтамасыз ету керек. Себебі үйінде бәрі ортақ болған бала, сыртқа шыққанда да бәрі өзімдікі деген ойда болады. Бөтен затты алуға талпынған сәттен бастап, сенің затың емес деген ұғымды түсіндіріп отыру қажет. Рұқсатсыз алынған затты қайтарып беріп, өзіне сондай ойыншық алып берген дұрыс.

5-6 жасар бала немесе бастауыш мектеп жасындағы оқушылар арасында ата-анасының қалтасынан рұқсатсыз ақша алып, дүкеннен өзінің ұнатқан тәттілерін алып жеуі, ойыншық сатып алуы немесе алған заттарын достарымен бөлісу жағдайлары жиі кездеседі. Осындай оқиғаға тап болған ата-ана тәрбиені дереу "белдікпен" бастағаннан аулақ болғаны жөн. Жеткіншектің ішкі дүниесіне үңілмей, қатты тәрбиеге жүгіну баланың бойынан жек көрушілікті, қасарысуды туғызады. Өзінің кінәлі екенін ұмытып, ұрған ата-анасына кінә артып, тіпті ұрлыққа барма деген тәрбиелік жұмысыңыз өз мақсатына жетпей қалуы мүмкін. 5-6 жасар баланың түсінігі қалыптасқан, жақсы мен жаманды, өзінікі мен өзгенікін айыра алатын жас болғандықтан, оларды ақырындап тәрбиелеуге болады. Осы жастағы перзентіңіз ұрлыққа барса, ең алдымен оны не үшін жасағанын анықтап алу қажет.

Енді бала ұрлығының себептері мен шешімдерін қарастырамыз.

Бірінші жағдай. Егер бала дүкеннен өзіне қажетті заттарды алу үшін сізден ақша ұрласа, демек кінәрат баланың "жоқ" деген сөзді білмейтін тым ерке болуынан. 5-6 жасқа жеткенше тым еркелетіп қалағанын қолына, сұрағанын алдына тосып, уақыт өте қалыбыңыздан жаңылсаңыз, керегін кез-келген іс-әрекетпен алып, өзімшіл болып тәрбиеленгенінен хабар береді. Немесе балаңыздың ұнатқанын алып бермей тым сараң болғаныңыз да, оны ұрлыққа итермелеуі мүмкін. Мұндай жағдайларда 7 жастан бастап балаларға "қалта ақшасын" беруге болады. Оны жоспарлап жұмсау, мақстатты түрде жинау сияқты қасиеттерге үйретіңіз. Осы жастағы балаңыз болса, өз тарапыңыздан ақшаға ұқыпты болыңыз. Әр жерде майда тиын-тебенді қалдырып, оның қайда, қашан жоғалғанын білмейтін болсаңыз балаңыздың қалтаға түсуіне себепші өзіңіз болғаныңыз. Тауып алған ақшасын ортақ деп ойлап, үй қасындағы дүкенге жүгірген жеткіншек, өсе келе қалтаңыздағы ірі ақшаға қол салуы қалыпты жайтқа айналуы әбден мүмкін.

Екіншіден, бала сіздің қалтаңыздан ақша ұрлап, достарына тәттілер таратып немесе сыйлықтар жасау фактілері орын алса, балаңыздың өзіне деген сенімділік пен бағасының (самоценкасы) төмен екендігінің, ұжыммен қарым-қатынасы қиын болғаны және жалғыз сезінуінің салдары екенін біліңіз. Демек ол тәттілер арқылы достықты сатып алып жүргенін көрсетеді. Мұндай жағдайда да балаңызға көп көңіл аударып, өзінің орнын ұғындырып, жетістіктері мен жақсы қасиеттерін мақтап, қабілетін арттыратын үйірмелерге жазыңыз. Өзінің жетістікке жете алатынын көрсетіп, бағасын өсіру жұмыстарымен айналысыңыз. Баланың ұжымда қарым-қатынасы нашар болса, достықты тек сатып алу арқылы емес, жақсы мінез-құлық және жетістіктермен жаулауға болатынын түсіндіріңіз. Достарымен бірге қыдыртып немесе үйіңізге қонақ қылып шақырып, достарының көзінше жақсы қасиеттерін, үйдегі үлгілі әдеттерін айтып, ұжымға сіңісуін қадағалаңыз. Өзгелердің көзінше ұрсу, кемшіліктерін айтып ұятты қылу баланы сенімсіздікке итермелейді.

Үшіншіден, баланың жүрген ортасының әлеуметтік жағдайлары бірдей болмай, өзіндегі жоқты біреуден ұрлап немесе өзгелерге мақтану үшін баратынын біліңіз. Бұл әдеттер жасөпірімдер арасында әдетте 10-11 жаста көрініс береді. Мұндай жағдайда перзентіңіздің мақтанарлық жетістіктері мен сүйкімді әдеттері үшін ұнаған дүниесін алып беріңіз. Сондай-ақ мерекеде қалаған заттарын қолына ұстатыңыз. Отбасылық кеңес құрып, балаңызды да сол кеңеске қатыстырыңыз. Бұл оның бойындағы жауапкершілікті арттырады. Үлкендердің өзімен санасуы - оны жаман әдеттерден аулақ болуға тәрбиелейді. Бұл үйдегі ақшаны бөлу, оны орнымен жұмсау, сонымен қатар баланың қажеттіліктеріне де кеңесе отырып ақша беру мәселесі болуы мүмкін. Осы арқылы ата-анасына қиындық туғызатын заттарға ұмтылуды қойып, ақша жұмсау жауапты іс екенін үйренеді.

Балаңыз үйіңізге өзгенің затын әкелсе, "біздің отбасыда ұры болмаған" деп оған көз жұмып қарау немесе "баласы ұры" демесін деп жылы жауып қою ауруын жасырғанмен бірдей. Себебі өзінің жазаланбайтынын білетін бала, орайы келгенде қайталай беруді әдетке айналдырады. Перзентіңіз қолды болған ойыншық алып келсе дереу бірге барып, заңды иесіне жеткізіңіз. Кешірім сұратыңыз. Заты ұрлаған баланың дәл сол кездегі көңіл-күйін сездіріп ұялтыңыз. Сонда ғана теріс қылығы көкейінде қалып, екінші рет қайталамайтын болады.

Атақты "воры в законе" атанғандардың өмірбаянын қарасаңыз, балалық шағындағы ата-анасының жіберген кемшіліктерінен, мейірімнен шет қалған, отбасылық ұрыс-керіс, балалық шақтан қалған жағымсыз естеліктер мен өкпенің нәтижесі екенін аңғарамыз. Балаңыз ұры болмасын десеңіз сөзіңізді, ниетіңізді және ісіңізді түзеңіз. Кейде ата-аналардың өзі теледидардан көріп отырған киноның буымен "адал ақша тауып мұндай дүниеге жету мүмкін емес" жатады. Көршісі "пәленше мемлекеттің ақшасын жеп" шалқып байып отыр деп дүниесін санап, тамсанып отырады. Ал мұның қасындағы балаңыздың құлағында қалып жатқанын байқамай қаласыз. Тіпті кейбіреулер жұмысынан жасырын болмашы 1-2 затты әкеліп, баласының болашақта "ұры " атануына алғашқы кірпішті өз қолап жатқанын байқамамай қалады. Ендеше, адам ұры болып туылмайды, ұры болып тәрбиеленетіні есіңізде мықтап ұстаңыз!

1 пікір
  • Баланы жан-дүниеңмен түсінсең, балаң сенен қорықпаса, өз сырын бөліссе онда проблемаларды тез шешуге болады. Өз балаларымызға тиран емес, дос болуымыз керек.
    Керек кезде баладан кешірім сұраған да дұрыс, өз басым менікі дұрыс болмаса балаларымнан кешірім сұрауға қорықпаймын. Сəйкесінше олар да дер кезінде кешірім сұрап, кешірімді бола алады.
    7 жыл бұрын