Жолдастық, достық ақылары
Жолдастық, достық ақылары
1 жыл бұрын 3864
Құдайберді Бағашар

Адамның адамсыз таңы атып, кеші батқан емес. Адам баласы ойлары бір жерден шығып, әңгімелері жарасатын сырлас жан іздейді. Сондықтан болар, достықтың адам өмірінде алатын орны ерекше. «Достық – өз бойына сан алуан жан азығын жинаған алып қуат. Қайда барсаңыз да ол сізге қызмет етеді, кісіні ешқашан мезі қылмайды, ешқашан орынсыз жерге килікпейді, сәттілікке жаңа сәуле береді. Достықтың жанашыр лебі ескен кезде сені торуылдаған сәтсіздіктер өз-өзінен ыдырап келмеске кетеді» деген екен ежелгі Рим ойшылы Цицерон.

Кез келген мұсылманның басқа бір мұсылман ақысына үлкен жауапкершілікпен қарайтыны белгілі. Ал, бұлар өзара дос болса, жауапкершілік мүлде ұлғая түспек. Ғалымдар мұны былайша қарастырған:

1. «Жақсы жолдас жанға серік, жаман жолдас малға серік» деген, достықтың негізінде мал-мүлік пен жеке мүдде емес, рухани үндестік жатуы керек. Достық деген қалтқысыз көңілмен тек Аллаһ разылығына бағытталмақ;

2. Дос достың айыбын ақтарып, кемшілігін іздемеуі қажет;

3. Дос достың көңіліне қаяу түсіретін сұмпайы әрекетке бармайды;

4. Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) өсиетіне сай, кісі досына өзінің оны жақсы көретінін білдірсін;

5. Қиын-қыстау күндері көңіліне медет болсын;

6. Досын өзінен де артық көріп, оған ешқандай салмақ салмауға, қиындық тудырмауға тырысуы;

7. Адалдықтан айнымауы;

8. Жолдары бір болса, жол бойы бір-біріне қарайласуыү Сахабалардың бірі, Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) бір сапарда: «Басы артық мініс көлігі барлар малын жаяуларға берсін. Тамағы көптер тамақтарын басқалармен бөліссін» дегенін айта келіп: «Біз дүниеде басы артық ешбір ақымыз жоқ-ау, деп ойлап қалдық»1, – дейді.

9. Достар ары кетсе үшеу болады. Егер одан көп болса, араларынан біреуін басшы сайлауы тиіс.

Достық туралы ел ішінде мынадай әңгіме тараған. Ертеректе Әйтімбет деген сөзге шешен кісі болыпты. Бір отырыста Әйтімбет шешенге замандастары:

–Достық нешеу? – деп сұрақ қояды. Сонда Әйтімбет тұрып:

– Достықтың екі түрі болады. Бірі - адал достық та, екіншісі-амал достық.

–Дұрыс-ақ. Енді оларды қалай ажырата аламыз? – дегендерге:

– Адал достық-өмірлік нұсқа болады, амал достықтың өрісі қысқа болады, – деп жауап берген екен Әйтімбет.

Серәлі Еруәліұлы ақын да (1835-1876) өз өлеңінде достарды бір-біріне адал болуға шақырып былай деген:

Нағыз дос бір-біріне тарылмайды,

Жуырда түрткеніне жарылмайды.

Жақсы-жаман айтты деп елемейді,

Бақ-дәулет сол адамнан арылмайды.

Нағыз дос бірін-бірі жамандамас,

Араға көп өкпе сап табандамас.

Көңілі татулықты іздеп тұрар,

Жөніне татулықтың шабандамас...

ә) Әңгімелесу, сұхбат ақысы

«Жолдастық, сұхбаттастық – бір үлкен іс. Оның қадірін жетесіз адам білмес» деп Абай атамыз айтпақшы, сұхбат пен әңгіменің де өз өлшемі мен әдебі барын ескерген жөн. Құранда Аллаһ тағала:

«Шын мәнінде жасырын жиналыс - мүминдерді кейіту үшін жасалған шайтан ісі...» («Мужәдәлә» сүресі, 10-аят) – десе, тақырыпқа қатысты хадисте:

«Үш кісі бас қосқанда, екеуі өзара күбірлесіп, үшіншісін ыңғайсыз жағдайға қалдырмасын» делінген2.

Рас, мұндай жағдайда шетке шығып қалған үшінші адам ыңғайсызданып, әлгі екеуіне реніш білдіруі де мүмкін. Үш кісі қатар отырғанда, екі адамның өзара үшінші адам білмейтін тілде сөйлесуі де орынды іс емес. Ал, кісі қарасы үштен көп болған жағдайда екеуара сыбырласуға тыйым салынбаған.

Хадистерде Аллаһтың сүйген құлдарымен бірге болу, олармен көбірек әңгімелесу туралы жиі айтылады.

«Бір адам сырқаттың көңілін сұрай барса, не болмаса Аллаһ үшін жақсы көрген адамына кіріп шықса, оған бір періште: «Жарайсың! Жақсы сапар шектің. Өзіңе жұмақтан орын дайындадың», – деп айтады»3, – делінген.

Хадисте кісімен араласудың астарында Аллаһ разылығы көзделсе, періштелердің мақтауына ие болатыны айтылған.

Автордың «Ала жіпті аттама» атты кітабынан


1  Мүслим. Луката 18; Әбу Дәуіт. Зекет 32.
2  Бұхари. Истизан 45; Мүслим. Сәлем 36; Әбу Дәуіт. Әдеп 24; Ибн Мажә. Әдеп 50.
3  Тирмизи. Бирр 64; Ибн Мажә. Жәнаиз 2.

0 пікір