Жаман молда
Жаман молда
9 жыл бұрын 4360
Бурхан Абдулхаким

Таңғы астан кейін ауыл көшелерін шолып, артынан құрдасының үйіне бір соғып кету Мәзімхан көкенің «жұмыс күнінің» айырылмас бір бөлігіне айналғанына қай заман. Пайғамбар жасты артта қалдырған екі замандастың, әр күні Ақберген үйінің жанындағы ағаш үстелде отырып ауыл политикасын, тұрмыс-тіршілігін талқылау парыз болмаса да уәжіп амалдарына айналып кеткен-ді.

– Бұл молда құтырды,– деп бастады бүгінгі әңгімесін Мәзімхан көке. Аман-саулық сұрасқан соң Ақбергеннің қасына отыра беріп.
– Қайсы? Шерхан ба? – деді Ақберген қиғаштап отырған аяғын түсіре Мәзімханға құлақ түріп.
– Иә, ауылда одан басқа молда болушы ма еді?! Кеше Керімнің үйінде жиыннан шыққаннан соң тағы да Тойбаймен сөйлесіп тұрғанын көрдім,– деді Мәзімхан қабағы тырысып.
– Тойбайда не шаруасы бар екен?
– Ой не шаруасы болушы еді пәтшағардың. Мектептен өткенде, үлкен жолдың жағасындағы Тойбайдың 30 соттық учаскісін қалаға арнайы барып сұрап жүр деп естіген болатынмын. Кеше Тойекеңнің Керім бәйбішесінің қырқына келгенін пайдаланып, тағы да жерін сұрап сөйлесіп тұрғанына еш күмәнім жоқ.
– Молдаға дүниенің не керегі бар десейші? Не істейді ол учаскені? – деді Ақберген Мәзімхан келмей тұрып аузына салған насыбайын түкіріп жатып.
– «Молданың нәпсісі – тандырдың шоғы» дейді. Не істеуші еді? Дүние жинаудың бір тәсілі да. Үлкен жолдың бойы, тоғыз жолдың торабы. Бір магазин не асхана салып қойшы. Одан кейін мұртыңды балта кеспейді.
– Әй, Құрдас ол әлгі сенің Нариманыңның алайын деп жүрген жері... – дей бергені сол еді: «Иә, сол...» деді Мәзімхан Ақбергенге сөзін аяқтатқызбай.
Мәзекең ары қарай сөзін жалғастырып:
– Анау күні Құдияр молдекеңнің қаладағы үйін сатқанын айтты. Енді машинасына да «продается» деп жазып қойыпты. Мен білсем ол Тойбаймен уже келісіп қойған. Енді ақшасын берсе соныменен іс бітеді.

Мәзімханның бұған қобалжыйтындай да жөні бар еді. Тұңғышы Нариман сол учаскені Тойбайдан алуға тырысып жүргеніне біраз уақыт болған-ды. Ақшасы кем болып арзандау сұрағаны үшін, Тойбай жерін оған сатуға құлқы жоқ екенін білдірген болатын. Нариман енді сол учаскені алу үшін барын салып ақша жинап жүр. Ал молда болса оның барлық планын бұзып, алдын орап кеткелі тұр.

– Ағеке, мен тағы бір қызықты айтайын. Қызық емес-ау негізі сұмдық, – деді Мәзімхан жолдан өткен кеткендерді көзімен көшенің соңына дейін шығарып салып отырған Ақбергеннің құлағына сыбырлаңқырап.
– Иә, иә,– деді «қызық» «сұмдық» деген сөздерге қызыққан Ақбергеннің жүрегі дүрсілдеп.
– Өзім де күмәнданып жүретінмін. Кеше немерем көріпті. Енді күмәнім қалмады...
– Ойбай-ау, не күмән? не сұмдық? – Ақберген шыдамы таусылып.
– Нұрланның жесірі..,– деп Мәзімхан сәл кідіріп, жан-жағына бір көз жүгіртіп шықты. – Алдыңгүні түнде біздің Дәурен молдекенің Нұрланның жесірі Жәмиланың үйіне кіріп бара жатқанын көріпті. Сағат болса түнгі он...
– Ойбай не дейт? – көзі арнасынан шығатындай бадырайған Ақберген.
– Ақырзаманның молдасы ғой. Түннің бір уақтысында жесірдің үйінде не істеп жүр дейсің? Әрине дем салуға бармағаны анық...
– Жесірге барған сауап деуші еді. Мүмкін һәм сауап һәм рахат деп жүрген шығар молдекең, – деп бес алты түйір сақалын сипаған Ақберген мырс етті.
– Әй құрдас-ау, пайғамбардың «жесірге барған – сауап» деген бір сөзі болатын болса, біз бұнда не істеп отырмыз? – кекете езу тартты Мәзімхан да.
– Ай молдеке-ай! Басқа басқа молданың өзі бұндай пәле жасап жүрсе заманымыздың қайда жеткені? «Күн – жұмадан, адам – молдадан бұзылады» дегенді жұрт жәй айтпаған екен ғой, – деді Ақберген езуін жиып, қабағын түйгендей боп.
– Оның үстіне осы Шерхан келгелі садақа жәшігінен түскен ақшаны да бізді қоспай өзі санап жүр... Бұл жерде де бір гәп бар, – деп қосты Мәзімхан да.

Шерғанның сөзінен кейін от алған Ақберген де одан кейін өзінің көңілі толмай жүрген мәселелерді ақтара бастады:
– Ақша санауымыз былай тұрсын, мешітке келе салып өзінің диктаторлық билігін орнатқанын айт. Сенің балаңның жерін алып, магазин салмақшы. Біреудің жесіріне барып жүргені анау. Осының бәрін кеше келіп істеп жүрген адамның ісі. Тағы екі жылдан соң нағыз перғауынның өзіне айналайын деп тұр ғой бұл бала! – деді Ақберген шамданып.

Ақберген «диктаторлық билігі» деу арқылы Шерханның ауылға имам болып тағайындалғаннан кейін мешітке орнатқан бағзы тәртіптерін меңзеп отыр еді. Соның бірі ауыл үлкендерінің кешке жақын мешітке намаз уақыттарынан бұрын келіп алып, әңгіме дүкен құруы әдеттері еді. Бұған Алматыда білім алған Шерхан молда «Өздеріңіз құлшылыққа келіп отырып, Алла үйінде өсек-ғайбат айтқандарыңыз үлкен айып» деп мешіттің жамағатынан бұл қылықтарын тыюды сұраған болатын. Оның орнына тыңдасын деп кешке жақын мешітте Құран, уағыз аудиоларын қоятын болды. Жаңа молданың бұл ісін біраз жамағат түсінушілік білдіріп қолдағанымен, біршамасы да тәтті әңгімелерінен құр қалғандары үшін Шерханды жақтырмай қалған-ды.

Сәл ойланып қалған Мәзімхан бір ой тапқандай боп:
– Құрдас, оның алдын алу керек. Я бізбен істесетін, әңгімемізге құлақ асатын молда қылуымыз керек, я масқарасын шығарып ауылдан қуып салуымыз қажет, – деді.
– Екіншісі дұрысырақ. Шерхан сөз тыңдайтын адам емес, – деді Ақберген.
– Әкіммен сөйлесейік, Құдекеңмен. Оның да Шерханмен әңгімесі жараспай жүрген. Соныменен ақылдасайық. Қалай дегенмен әкім ғой бұл алаяқ молдадан қалай құтылудың бір жолын айтар, – деп Мәзімхан Ақбергенге қарады.

Ақберген де Мәзімханның ойын құптай қойды. Сол арада екеуі көп отырмастан сүйінші сұраған баладай әкім Құдиярға қарай бағытталды.

Екі қарттың барлық өмірлері осы ауылда өткенкендіктен ауылдың бәрін беске танитын. Емхана басшысы жиені, полиция бастығы туысқан інісі, ал әкімі болса сөздерін екі етпейтін таныстары еді. Ұзақтан Мәзімханның құдасы да болып келетін.

Мәзімхан мен Ақберген әкімнің мекемесіне барып Шерхан молда туралы жиналып қалған реніштерін ақтарып салды. Бұл молдадан құтылудың бір жолын таппаса кейін бәрінің басына бәле болатынын айтты.
Діннің шекарасынан ауылы алыста, жылына екі рет айт намаздарын да ғана ғибадатхананың қақпасына бас сұғатын Құдияр да, жаңа келген молдаға көңілі толмайтын еді. Өткенде рамазаннан соң Шерханды кабинетіне шақырып алып «Сенен бұрынғылар ай сайын маған келіп, жәшікке түскен қазынадан «мемлекетпен» бөлісіп отыратын. Сен ең болмаса пітір-садақаны бөлісуге жарамадың ғой» деген болатын. Бұған шамданған молда өзіне уағыз айтып-айтып, есігін тарс жауып кеткенінен кейін әкім Шерханға тіпті кек сақтап қалған-ды. Содан бері өзі де одан құтылудың жолын қарастырып жүрген болатын.

Бір кезде жалт-жұлт еткен алтын жалатылған сағатын жаңа көргендей саусақтарымен сипалақтап отырған әкім мырза өз планын айта бастады:
– Жамағаттың сөйлесіп бәрібір абырой таппаймыз. Уағыз айтып, миын ашытып оларды өзіне қаратып алған, – деп әкім көзін сағатынан алып қарсысындағы Мәзімхан мен Ақберген қарады. – Жұрт қолдап тұрғанда оны бұл жерден кетіре алмаймыз. Басқа жолын табу керек.
– Нұрланның жесіріне барып жүргенін жайсақ ше? Зинақор имамға ешкім қолдау көрсете қоймас? – деді Ақберген әңгімеге қосылып.
Ойға шомып отырған Мәзімхан:
– Жоқ, оны қазір айтатын болсақ ешкім сене қоймайды. Оны өзі кететіндей қылуымыз керек, – деп әкімге үміт көзімен қарағандай болды.
– Ойланатын түгі жоқ. Молда болса да, ол да адам. Пайғамбар емес қасиетті... – Құдияр едірейіп. Оның алдындағыларын бас игізгенмін. Бұны да бас игіздіремін. Қалада таныс інішектер бар, – деді әкім креслосынан тұрып жатып түсіп кеткен белбеуін дәу қарнының жоғарысына қарай тартып. – Соларға хабарласайын, сөзімді екі етпейді. Имекеңе бұл жерде кім қожайын екенін есіне салып қойсын.
– Бұл қалай болады екен? – деді Мәзімхан бағанадан бері әкімнен осындай шешімтал бір қадамды күтіп отырса да мүләйімсіп.
– Қиын түгі жоқ. Жігіттер бір созып алсын. Сосын артынан Жәмиламен жыртыңын жұртқа жаямыз. Одан кейін өзі-ақ қашып кетеді ауылдан, – деді әкім күнде істеп жүрген іс қой дегендей менсінбеген жүз танытып.

Әкімнің сөзі Мәзімхан мен Ақбергеннің жүрегіне тыныштық ұялатқандай болды. Бәрі сәтті болса Мәзімхан мазасын қашырған молдадан құтылатын еді.

Құдияр да сөзінде тұрды. Қаладан жігіттерін шақыртып «Молдамыздың терісі қалыңдап кетіпті, жұқартып қойыңдар» деп әмірін берді. Екі қойың бір сом, Құдайдан гөрі қожайынынан қаттырақ қорқатын бұл «жақсы жігіттер» кешке Құптан намазынан кейін дәрістен қайтып бара жатқан Шерхан имамды ұстап, машинаға салып ауыл шетіне алып кетті. Бірақ, бәрі әкім ойлағандай шықпады. Бұлар тым қатты кеткен-ді...

 

* * *

Аяқ астынан жоғалып кеткен Шерхан имамды жас демей кәрі демей бәрі іздеді. Бірақ, ауыл айналасынан оны таба алмады. Ақыры арадан үш күн өткен соң ғана өзен жағасында шомылып жүрген көрші ауылдың балалары көріп қалып, мәйіті табылды. Бұл хабарды естіген бүкіл ауылдағылардың денелері түршігіп кетті. Жұрт молдаларынан айрылып налыды.

– Байғұс имам, артында екі баласы қалды...

– Эх, ауылға келгеніне 1 жыл болса да көп іс атқарып кетті...

– Баларымыз біраз діни сауатты болып қалып еді. Енді не болады екен?!

– Енді бұндай имам бізге ешқашан бұйырмас, – деп айтып жатты жұрт.

Хабарды естіген әкім болса шаш кес десе, бас алатын інішектерін кабинетіне шақырып алып:
– Ақымақтар! Маған бәрі нармалный болды дегендерің қайда? Мен сендерге оның терісін жұқартыңдар дедім. Яғни бұл жәй ғана ұрып қойыңдар деген сөз. Қазақша түсінесіңдер ма өздерің?
– Аға, кешіріңіз. Біз бәрін түсінген болатынбыз. Бірақ...
– Бірақ? Не? – әкім ашудан қызарған бетін содырға жақындатып.
– Біз оны жәй ғана ұрып қойғанбыз. Бірақ соңында ана Баха деген жарымес айналып теуіп мақтанамын деп еді, қатты соққысынан соң жігіт өзенге қарай домалып кетті. Ағыс қатты еді. Бір нәрсе істей алмадық.
– «Баланы жұмса да, артынан өзің бар» дейді, – деп әкім орнына отыра беріп темекісін тұтандырды.
– Кешіріңіз аға. Енді қайталанбайды.
– Өлетін адам өлді. Енді бір пайда жоқ. Сендерге бір нәрсе деді ме өзі? – деді әкім бұрқыратып жатқан темекісінің түтінін содырға бағыттап.

Әкім бұл сұрақты жәй қоймаған-ды. Содырлардың кімнен келгенін білген молда бәлкім қожайынға көрсеткен «құрметсіздігі» үшін жалбарынып, жылап кешірім сұраған болар деп үміттенді.
– Кім? – деді мұрны екі жерден сынған, басында шашынан гөрі шырамы көп қара дәу содыр.
– Мен... Молданы айтам. Бір нәрсе деді ма?
– Ммм.. Көп нәрсе айтпады.
– Не айтты?
– Басында машинадан түсіріп бірнеше соққы бергенде көзінен жас ағып жылай бастады. Қорыққаннан жылап жатсың ба? дегенімізде «Ант етейін, бұл қуаныштың жастары» деді, – деп кідіріп ойланды содыр. – Одан соң «Дін жолында таяқ жеп жәбір көрген пайғамбардың суреті көз алдыма келуде» деді ма бірнәрсе, – деді содыр ойық-ойық басып сипалақтап не айтқанын есіне түсіре алмай.
– Ааа сосын «Дінім үшін сынақ басыма әкелген Аллаға сансыз шүкірлер болсын» деп айтты, – деп қосты қасында тұрған пұшық мұрынды, жалтыр бас екінші содыр.

Баскесерлер сондай-ақ таудай үлкен, тастай қатты соққылар бетін даладай қан қылып жатса да молданың күлімсірегенін, оған қоса өзін ұрып жатқандарға Алладан кешірім сұрап қоймағанын да айтты. Бұндай көріністі олар өмірлерінде бірінші рет көрген болатын.

– Ммм.. Басқа не деді? Маған қарсы шыққаны үшін өкінішін айтпады ма? – деді күткен сөзін есіте алмаған әкім.
– Жоқ аға. Бұдан басқа ешнәрсе демеді.

Әкім полициядағы, соттағы жолдастарын ортаға салып молданың өлімін бақытсыз оқиға ретінде шығарғызды. Бірақ, жұрт расында не болғанынан сезіктенді.
Имамның жаназасын өткізген жамағат оның денесінің үш күн жатса да бұзылмағанына таң қалысты. Ең қызығы оның денесінен шыққан жұпар иістің ауылға жайылып кеткені еді. Жұрт бұны жақсылаққа жорыды.

Оқиғаның бұлай трагедиялық бағытта өрбитінін Мәзімхан тіпті ойламаған болатын. Молдадан құтылғанына не қуануын не қайғыруын білмеді. Бірақ «Бұл – сенің кінәң» деген секунд сайын көкірегіне оттай басылған уайым сағаттың тырсылындай оған маза бермеді.

Жаназының ертесі күнгі Мәзімхан мен Ақбергеннің күнделікті үй алдындағы отырысы әдеттегідей ауыл жаңалықтарынан емес терең үнсіздікпен басталды. Бір кезде Мәзімхан тыныштықты бұзып:
– Бұлай болады деп кім ойлаған... Дұрыс молда еді... – деді бір күрсініп.
– Иә, жақсы молда еді, – Ақберген де Мәзімханның сөзін қайталап.
– Кеше жаназаның алдында Тойбаймен сөйлесіп қалдым, – деді Мәзімхан.
– Иә?
– Үлкен жолдың бойында ендігі апта Медресенің құрылысы басталады екен. Анау Тойбайдың учаскесінде. Марқұм молда Тойекеңнің артынан қалмай сол жерді медресеге сұрап жүрген екен, – деді жерден көзін ала алмай өз-өзінен басын әлсін-әлсін изеп отырған Мәзімхан.
– Тұра тұр, ол медресені кім салып жатыр?
– Имекең үйін, машинасын сатып сол медресенің құрылысына құйған-мыс. Қалаға барып дәулетті адамдардың үйін сығалап ақша да жинапты.
– Енді молда жоқ кезде құрылысты кім жүргізеді?
– Жаңадан бас имам болған найыбы жауапкершілікті өз мойнына алып отыр. Екі жылда бітеді дейді.

Осыдан кейін екеуі сүт пісірім уақыттай тағы да үнсіз қалысты. Бір кезде Ақберген әңгімені жалғастырып:
– Мәке, – деді.
– Ау.
– Өлгеннің артынан жаман айтпайды. Бірақ, молда Жәмиланың үйіне неғып барып жүрген екен...
– Мен қайдан білейін?!
– Ақ қараны ажырату үшін оны да біліп алғанымыз жөн емес пе?!
– Бұған енді еш маңыз қалмады, – деді Мәзімхан.
– Сонда да. Мәселені ашықтап алу үшін Жәмиланың өзінен барып сұрап көрейік, – деді Ақберген орнынан тұра беріп Мәзімханның қолтығынан ұстап.
– Ай сен де қоймайды екенсің, – деді Мәзімхан да орнынан тұра беріп.

Екі шал соңғы күдіктерін сейілту үшін Нұрланның жесір қалған әйелі Жәмиланың үйіне қарай бірнәрседен құр қалғандай қадамдарын тез басып отырып жылжыды. Ақиқатты білгенше көкіректерін бір нәрсе күйдіріп бара жатқандай болды.

– Ау, Жәмила қыз, балдарың өсіп жатыр ма? – деді Ақберген аулаға кіре беріп.
– Иә, Алла шүкір, – жуып жатқан ыдысын тоқтатып Жәмила. – Үйге кіріңіздер.
– Жоқ рахмет, Жәмилажан. Біз жай бір мәселе үшін келіп едік,– Мәзімхан мен Ақберген бір-бірінің бетіне қарап сен сұра мен сұра дегендей.
– Иә, не мәселе? – деді Жәмила ойында түк жоқ.
– Қалай Дәулетің қай сыныпқа барып жүр? – деді Мәзімхан сөзді бұрып сандырақтап.
– 3, – деді, осыны сұрау үшін келді ма деген ой санасын бір жүгіріп өткен Жәмила.
– Жәмила, марқұм молда сенің үйіңе бір екі рет кіргенін көріп қалған болатынбыз. – деді Ақберген батылдық танытып іске кірісіп. Артынан «Түнде кіргенін...» деп қосты Ақберген тергеуге келгенін білдіргендей боп.
– Ааа... Иә. Ол кісі Дәулет пен Меруертке Құраннан дәріс беруге келетін.
Мәзімхан:
– Қалай? Түнде ма? – таяғына екі қолымен таянып тұрған Мәзімхан таңданыс білдіріп.
– Иә. Мен ол кісіге мешітке барып балдарыма діни білім беруін сұраған болатынмын. Бірақ олардың таңертең мектепте, одан қалса үйде маған көмектесетін болғандықтан күндіз уақыттары болмайтынын айттым. Ол кісі қалай болады екен деп ойланып қалды. Дегенмен Шерхан имам Дәулеттің Құран жаттағысы, есейгенде имам болғысы келетінін естіген кезде қуанып кетті. Күндіз уақыты болмаса да, қолы тиген уақытта түнде дәріс беруге дайын екенін айтты. Мен келістім, – деді Жәмила. – Бірақ, жұрт қате түсінбеуі үшін қасына әйелін де ертіп алатын. Жұбайы өзінен ерте келетін. Екеуміз әңгімелесіп құрбылар да болып қалған едік, – деп қосты артынан Жәмила шалдардың ойларын сезгендей.
– Солай ма? – деді Ақберген.
– Иә, марқұм Шерхан имам өте мейірбан кісі еді. Әр келгенінде үйімізге азық-түлік әкелетін, ал балдарыма тәттілер сыйлайтын.
Бұл сөздер барған сайын жанына тікендей батып бара жатқан Мәзімхан:
– Рахмет Жәмилажан, бәрі түсінікті болды. Мазаңды алғанымыз үшін кешіресің, – деді.
– Үйге кірмедіңіздер ме?
– Жоқ, рахмет. Біз кетуіміз керек. Біз кетуіміз керек, – деп бір сөзді екі рет қайталаған Мәзімхан Ақбергенге қарамастан дарбаза қарай жүрді.

Жәмиланың үйінен шыққан екі замандас бір-біріне ләм-мим деместен қоштасты. Ағарып кеткен жүздері төмен қарап, үнсіз-түнсіз терең ойға батқан күйде үйлеріне қайтысты.

4 пікір
  • Соңы осылай болады-ау деп ойлап едім...
    9 жыл бұрын
  • Идеясы жақсы. Бірақ немен аяқталарын əңгіменің бас жағында сездіріп қойыпсың. Шеберлігіңді əлі де шыңдау қажет. Молданы ұрғызудың да қажеті жоқ еді. Нəтижеге онсыз да баруға болар еді. Созыңқырап кеткен.
    9 жыл бұрын
  • Ықшамдап қайта жазып шықсаң əдемі дүние болайын деп тұр. Əңгіменің соңына дейін оқыған адам расымен де молда нашар адам екен ғой деген ойда болу керек.
    9 жыл бұрын
  • Cоңында ғана санасына жақсы адам екені сақ ететіндей шұғыл бұрылыс жасау керек.
    9 жыл бұрын