Киім киюдің әдебін білеміз бе?
Киім киюдің әдебін білеміз бе?
9 жыл бұрын 14787
Нұрқанат НҰРДӘУЛЕТҰЛЫ

«Киіміне қарап қарсы алып, ақылына қарай шығарып салады» дегендей, жарасымды да сәнді киінудің маңызы зор. Киім адамды қоршаған ортаның, табиғаттың түрлі әсерлерінен қорғайды. Киімдер тұтыну мақсатына қарай дәстүрлік және белгілі бір салаға, мақсатқа, әр ұлттың ерекшелігін көрсетуде қолданылады. Киім тігісті және тігіссіз болып екі негізгі топқабөлінеді.Тігіссіз киімді адам үстіне жамыла немесе орап киеді. Тігісті киімге қандай киімдер жататыны белгілі. Ал тігіссізге келер болсақ, мысалға, үнділіктер сари, шалма, шәлі кисе, кавказдықтар бурка, римдіктер тога, ежелгі гректер гиматий, солтүстік халықтары теріден жасалған тұлып, тайгалықтар тері желбегей секілді тігіссіз киімдерін үстеріне жамылған. Барша мұсылмандарға ортақ тігіссіз киім ол – ихрам. Күллі мұсылман жұрты қажылыққа барғанда үстеріне ихрам орайды. Сонымен қатар, киімнің классикалық, спорттық, жұмысқа арналғаны, ұлттық және т.б. түрлері көп.

Қасиетті Құран Кәрімде киім жайында былай делінеді: «Әй адам баласы! Ұятты жерлеріңді жабу үшін киім және сәндік бұйым түсірдік. Негізінде тақуалық киімі жақсы. Солар Алланың белгілері. Әрине түсінерсіңдер» (Ағраф сүресі, 26-аят).

«Алла жаратқандарынан көлеңкелер жасап және таулардан ықтасындар пайда қылды. Сондай-ақ сендер үшін ыстықтан қорғайтын киімдер және соғыста қорғанатын сауыттар пайда қылды. Осылайша сендерге нығметтерін тәмамдады. Әрине, бой ұсынарсыңдар» (Нахыл сүресі, 81-аят).

Киім дегенді Алла Тағала тарапынан түскен нығметтерінің бірі деп білуіміз керек. Оны жоғарыдағы айтылған аяттардан байқау қиын емес. Амр ибн Шуғайб әкесінен, ал әкесі өз әкесінің (р.а.) аузынан естіген хадисте: «Расулалла (с.а.у.): «Шынында Алла Тағала Өзінің нығметінің белгісін құлының үстінен көргенді ұнатады», – деп айтты» – делінген (Тирмизи). Сондықтан да сол нығметті адалынан тауып, ұқыпты етіп кигеніміз абзал. Әркім өзіне жарасымды етіп, тырыстырып тар қылмай, тым кең де қылмай киім таңдап кигені жақсы. Жалпы киім киюдің әдебін біз ардақты Пайғамбарымыздан (с.а.у.) үлгі етіп аламыз. Расулалла (с.а.у.) өзіне сәлем бере келгендерге ең жақсы киімін киіп қарсы алады екен. Осылай жасауды басқаларға да өсиет еткен.

Алла елшісі (с.а.у.) жаңа киім кигенде Аллаға хамд айтып, екі рәкат намаз оқып, ескі киімдерін біреуге беретін. Одан бөлек Пайғамбарымыздың (с.а.у.) жаңа киім кигенде қалай дұға жасайтыны жайында Әбу Сайыд (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.у.) үстіне жаңа киім кигенде, «сәлде», «көйлек», немесе «шапан» деп, киімнің атын атап тұрып: «Уа, Алла Тағалам, бұл судай жаңа киімді маған Сен кигіздің. Саған мадақ пен шүкіршілік айтамын! Бір Өзіңнен мұның игілігін және игі жолда қолданылуын сұраймын. Сондай-ақ, оның жамандығынан және жаман жолда қолданылуынан бір Өзің сақтағайсың», – деп дұға жасайтын еді» (Әбу Дәуіт, Тирмизи).

Пайғамбарымыз (с.а.у.) әрбір істі оң жақтан бастайтын. Киім кигенде де оң жақтан бастауды өсиет қылған. Айша анамыз (р.а.): «Расулалла (с.а.у.) дәрет алғанда, шаш тарағанда, аяқ киім кигенде, жалпы барлық (жақсы) істерінде оң жақтан бастағанды ұнататын еді» – деген(Бухари; Муслим). Сондай-ақ Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Бір адам аяқ-киімін киген кезде оң жағымен киіп, шешерде сол жағымен шешсін»(Бұхари), – дейді.

Киімді таңдап кигенде оның түр-түсіне де аса мән берген жөн. Ашық түсті киімдер кім-кімге де ажарына ажар берері анық. Ақ түсті киім киюді ардақты Пайғамбарымыздың (с.а.у.) өзі ерекше айтқан. Сәмурадан (р.а.) жеткен хадисте: «Алла елшісі (с.а.у.): «Ақ түсті киім киіңдер, өйткені ақ түс – таза, қарапайым әрі көрікті келеді. Мәйіттеріңді де ақ түсті матамен кебіндеңдер», – деп айтты» – делінген(Нәсәи, Хаким).Тағы бір хадисінде Алла елшісі (с.а.у.): «Киімдердің ақ түстісін киіңдер. Өйткені олар ең ізгі киімдер»(Тирмизи) дей келе ақ түсті киім киюімізді үлгі ете, әрі өсиет ретінде айтқан.

Әрине Алла Тағаланың жаратқан түстерінің ішінен тек ақ түстісін ғана кию міндетті емес. Әркім өзіне жарасымды түсті киім таңдаса, келбетін келістіріп, көркіне көрік қосады. Әбу Расума (р.а.) жеткізеді: «Алла елшісінің (с.а.у.) үстінде жасыл түсті екі киім көрдім» (Әбу Дәуіт), деп Пайғамбарымыздың (с.а.у.) да түрлі-түсті киімге құмартқанын байқатады.

Умму Сәләма (р.а.) анамыз: «Алла елшісінің (с.а.у.) ең сүйікті киімі жейде болатын» – деген (Әбу Дәуіт, Тирмизи). Сәл ибн әл-Ханзалия Алла елшісінің (с.а.у.) былай дегенін жеткізеді: «Жақында бауырларыңмен қауышасыңдар, сондықтан көпшіліктің ішінде адамның ажарына ажар қосатын беттегі көрікті қал сияқты тартымды болып көріну үшін ер-тұрмандарың мен үсті-бастарыңды ретке келтіріңдер. Расында, Алла Тағала жаман сөз бен жағымсыз іс-әрекетті, әрі ұсқынсыз түр-тұрпатты ұнатпайды» (Әбу Дәуіт).

Пайғамбарымыз (с.а.у.) ұқыпты әрі таза киінуге аса мән берген. Соның ішінде шамасы жете тұра қарапайым киінген адамды жақсы жаңалықтармен сүйіншілегені бар. Муғаз ибн Әнәстан (р.а.) жеткен хадисте: Расулалла (с.а.у.): «Кімде-кім Алланың разылығы үшін кішіпейілділік танытып, қымбат киімдерді киюге шамасы жетсе де қарапайым киінетін болса, қиямет күні Алла Тағала оны шақырып алып, күллі жаратылыстың алдында мүміндерге арналған (баға жетпес) киімдердің ішінен қалағанын кигізеді», – деген (Тирмизи).

Қайсыбір адам дүниесі бола тұра тым жұпыны да киінбеуі керек. Ауф ибн Малик (р.а.) жеткізеді: «Бір күні Алла елшісі (с.а.у.) мені ескі киім киіп жүргенімді көріп қалып: «Сенің дүниең жоқ па? Неге бұлай киініп жүрсің?» деп сұрады. Сонда мен: «Алла Тағала маған түйе, қой, сиыр, ат барлық төрт түліктен мал берді» дедім. Пайғамбарымыз (с.а.у.):«Олай болса сол дүниең үстіңде көрінуі қажет»деді (Тирмизи).

Дүниесін көрсете киіну бір басқа, тәкаппарлана, паңдана киіну бір басқа. Себебі Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Кімде-кім мансапты киім кисе Алла Тағала оған қиямет күні бейшара, масқаралық киім кигізеді. Сосын ішіне от жағады» (Ибн Мәжа) дей келе, өзімшілдене киінуден тыйған екен. Бурайда (р.а.) жеткізеді: «Біз Алла елшісінің жанында отырғанбыз. Құрайштан бір адам ерекше киініп, шайқатылып, тәкаппарлана жанымызға келді. Ол тұрып кеткен соң Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Қиямет күні Алла Тағала әлгі адамға ешқандай сауап бермейді», – деді. Сонымен қатар Пайғамбарымыз (с.а.у.) жұрт назарын өзіне аудару үшін киім киюден тыя отырып былай дейді: «Кімде-кім мақтаныш әрі адамдарды өзіне қарату үшін киім кисе оны шешкенге дейін Алла Тағала оған рақым назарымен қарамайды» (Табарани).

Ер мен әйелдің жаратылысынан өзара айырмашылықтары бар. Сол секілді, ер мен әйелдің өздеріне тән киімдері де баршылық. Әйел кісілер дене бітімі білінбейтіндей етіп кең киім киюлері керек. Бастысы ер кісі әйелге, әйел кісі ер адамға ұқсатып киінбесе болғаны. Әбу Һурайра (р.а.) жеткізеді:«Алла елшісі (с.а.у.) әйел киімін киген еркекке, еркек киімін киген әйелге лағынет айтты» (Әбу Дәуіт) деген.

Жібектен жасалған киімдер әйелдерге рұқсат етілгенімен, ер адамдарға қатаң тыйым салынған. Әли (р.а.) жеткізген хадисте: Алла елшісі (с.а.у.) оң қолымен жібек матаны, сол қолымен алтынды ұстап тұрып: «Расында, бұл екеуі үмбетімнің еркек кіндіктілеріне харам», – деп айтты», – деген (Әбу Дәуіт).

Омар ибн әл-Хаттаб (р.а.): «Алла елшісінің (с.а.у.): «Жібектен киім кимеңдер, өйткені, расында жібекті осы дүниеде кигендер, оны о дүниеде кие алмайды», – деп айтқанын естідім», – деген (Бұхари, Муслим). Абу Муса әл Ашғариден (р.а.) жеткен хадисте Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Расында, жібек пен алтын кию менің үмметімнің еркектері үшін харам, ал әйелдері үшін халал» деген (Тирмизи). Хузайфадан (р.а.) жеткен деректе: «Пайғамбар (с.а.у.) бізге алтын мен күміс ыдыстардан ішуге, жібектен және негізі жібектен жасалған киімдерді киюге жәнеоған отыруға тыйым салатын”(Имам Бухари).

Киілмей тұрған киімдердің де жинақы тұруы жөн екен. Өйткені Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Шайтан сендердің киімдеріңді пайдаланады. Қай-қайсысың киімдеріңді шешкен кезде қайта кигенге дейін жинап қойыңдар. Өйткені олар «Бисмилләмен» жиналған киімді аша алмайды», – деп ескерткен. Міне, киім киюдің жалпы әдебі осылай. Бай болсақ та қарайпайым киінсек, кедей болсақ та қапаланбай киінсек киім әдебін сақтағанымыз. Киім әдебін сақтасақ, әдемі көрінеді екенбіз.

4 пікір
  • «Кімде-кім Алланың разылығы үшін кішіпейілділік танытып, қымбат киімдерді киюге шамасы жетсе де қарапайым киінетін болса, қиямет күні Алла Тағала оны шақырып алып, күллі жаратылыстың алдында мүміндерге арналған (баға жетпес) киімдердің ішінен қалағанын кигізеді»
    9 жыл бұрын
  • Рахмет, мақалаңыз ұнады.
    9 жыл бұрын
  • киіне білу бір қарағанда назар ауударуға тұрмайтын елеусіз тақырып көріінуі мүмкін. алайда, сән қуу секілді батыстан енген құбыжық үрдіс осы мәселеге имани тұрғадына келуді талап етеді. авторға аалғыс, қаза айтпақшы, "адам көркі - шүберек" екені рас болса, киіне білу мәдениеті оның таалғамынан хабар береді...
    9 жыл бұрын
  • Нұрқанат бауырым Алла разы болсын. Көбіне адам елеп--ескере бермейтін тақырыпты қозғайсыз және ол тақырыптар маңызды да! Қаламыңыз ұштала берсін!
    9 жыл бұрын