Жалқаулық Жаратқаннан жырақтатады...
Жалқаулық Жаратқаннан жырақтатады...
9 жыл бұрын 26997
Нұрқанат НҰРДӘУЛЕТҰЛЫ

Жалқаулық – тәнге рақат сыйлап, жанға жара салатын кеселді дерт. Абай атамыз жетінші қара сөзінде ішсем, жесем, ұйықтасам дегендер тәннің құмары демеп пе еді? Жалқаулықтың көксегені де сол ішсем, жесем, ұйықтасам. «Алма піс, аузыма түс» деген арам ойдың айналасы.

Жалқаулық пен еріншектік арлылық деген асыл қасиеттен жұрдай қылатын жаман әдет. Арлы адам деген ешкімнен қол жайып ештеңкені сұрамайтын, өзге біреудің көлеңкесінде өмір сүруді қаламайтын жан. Сонда бұл жалқау адамда ұяттың, намыстың болмайтындығын аңғартса, Абай атамыздың 38-ші қара сөзі де: «Күллі адам баласын қор қылатын үш нәрсе бар. Сонан қашпақ керек: әуелі - надандық, екіншісі - еріншектік, үшінші - залымдық деп білесің. Еріншектік - күллі дүниедегі өнердің дұшпаны. Талапсыздық, жігерсіздік, ұятсыздық, кедейлік - бәрі осыдан шығады» деу арқылы осыны дәлелдеп тұр. «Диқаншы нанын жейді, еріншек арын жейді» деген нақыл да дәл айтылғандай.

Жалқаулық - адам жанын аздыратын, адамдық затын тоздыратын кесапатты кеселдің бірі. Кедейліктің көктейтін мекені. Абай атамыз да бір өлеңінде: «Жұмысы жоқтық, тамағы тоқтық, аздырар адам баласын» деген. Дініміз Ислам жалқаулықты құптамайды. Ондай қасиеттен аулақ болуға бұйырады. Одан да еңбек етіп, адал ас, тәтті нан жеп отырғанға не жетсін!? Еңбектің наны қашан да тәтті ғой, шіркін!

Жалқаулық – жүректің тынышын, тәннің тынысын бұзатын дерт. Дегенмен де, адам баласы тастай берік болғанымен, гүлдей нәзіктігі де бар. Адам да шаршайды. Ол үшін тынығуды қажет етеді. Бірақ, белгілі бір мөлшерде ғана. Ал, одан асса жалқаулықтың құшағынан шыға алмай, еріншектіктің ермегі болып кетуі анық нәрсе. «Жалқаулық – жаман ауру» деген қазақта нақыл да бар.

Еріншек түске дейін ұйықтап, кешке дейін есінейді. Әрине, содан кейін еңбекқор адамдар секілді ұйқыдан ширап емес, қирап тұрады. Еріншек адам кез-келген нәрсеге кежегесі кейін тартып, ғибадатқа деген салғырттық, намазға деген немқұрайлылық күшейеді және намаз үстінде шаршап тұру жиілейді. Құранда намаздарына салғырттық танытушылар жайында: «Намаз оқушыларға қандай қасірет. Солар намаздарына немқұрайлылар. Олар (амалдарын) өзгелерге көрсету (рия) үшін істейтіндер» («Мағұн» сүресі, 4-6-аяттар), – деп баяндаған.

Мағжан Жұмабаев өзінің «Жарым» деген өлеңінде жалқаулықтың жай-жапсарын әдемі жеткізеді:

Кердең-кердең жүресің сен, не таптың?                                               

Мен айтайын - айнымайтын жар таптым.

Күндіз-түні жар қойнында жатамын,

Естімеймін уын-шуын жан-жақтың.

Қанша құшсам-дағы сусын қанбаған,                                                         

Жан жарым бар, неге керек мал маған!

Жұрттың бәрі-ақ: «Оңбаған жан!» - дей берсін,

Жан жарым бар, неге керек ар маған?!

Жарым күншіл, көз салдырмайд жан-жаққа,                                              

Жібермейді жұмысқа да мансапқа.

Сондай ерке, оны құшып, керіліп,

Күндіз-түні күңірене бер тек жат та.

Әкем маған: «Сауда қылып, мал тап!» - дейд,

Жарым маған: «Мал деген не, тек жат!» - дейд.

Елім маған: «Елге еңбек қыл!» - дегенде,

Жарым маған: «Жатқан адам бекзат!» - дейд.

Жар айтқан соң, жаннан жақын көрген жар,                                              

Жардың тілін алмауға не дәтім бар?!

Тілін алдым - үйден, елден айрылдым,

Бірі де жоқ - мал да, ел де, намыс, ар.

Жар жат дейді, жатамын да жатамын,                                                     

Mac адамдай бос ойға ылғи батамын.

Ашылғанда ұйқыдан көз, бар ісім -

Қылжалаңдап, жоқты-барды шатамын.

Әрине, енді мені мақтар пенде жоқ,                                                           

«Жап-жақсы еді, жар аздырды-ау!» - дейді көп.

Жұрт сөзі не? Жан жарымның қойнында

Жата берем: «Жаным, жаным, жарым!» - деп.

Бұл жарым кім? Тапшы қәне. - «Денсаулық?»                                        

Сен дейсің ғой: «Алма бетті, ақ жаулық...»

Жоқ, жолдасым, адасасың, айтайын:

Жарым менің - аты шулы жалқаулық!

Ал, енді осы аты шулы жалқаулықтан қалай құтыламыз? Содан құтылудың жолдарын шама-шарқымызша қарастырып көрейік.

1) Таңертең ерте тұру - адамға сергектік сыйлап, кешке дейін қалыпты күйде жүруге көмектеседі. Ерте тұрудың алғышарты ерте жату болса керекті. Түн бізге тынығу үшін берілгендіктен, түнде ерте ұйықтап, таңертең ерте тұру керек. Ерте тұру деген сағат тілімен ерте тұру емес, жылдың қай мезгілі болса да, күн шықпай тұруды ерте тұру дейді. «Еңбекқор ширақ тұрады, еріншек қирап тұрады» деген мәтелдегі «ширақ тұру» дегені «ерте тұру» дегені емес пе?! «Ерте тұрған еркектің ырысы артық, ерте тұрған әйелдің бір ісі артық». Адамның күні таң намазымен басталады. Таңғы уақыттың берекесі мен қоса Алла Тағаланың: «Ей, Адам ұрпағы! Мен үшін күннің басында төрт рәкағат намаз оқы, (сонда) Мен сені күннің қалған бөлігінде (зұлымдықтан, бәле-жаладан...) қорғаймын!» - деген уәдесін бірі білсе, бірі білмес.

2) Шынықсаң шымыр боласың демекші, спортпен шұғылдану адамның денесін ширатып, қан айналымын жақсартады. Ал, қан айналымы жақсы жұмыс істейтін дене бір жерде тұруға, отыруға, жатуға зауқы соқпас еді. Барлығына бірдей ыңғайлы спорт түрлері: жүзу, күрес, садақ ату, лажы барынша жиірек атқа міну, жүгіру т.б. деп топшыладық. Әрі бұл спорт түрлерімен айналысу сүннет болып табылады.

3) Адам өзін әлсіз күйде сезінбеуі керек. Керісінше бойында күші тасыған жан секілді өзін ұстаса, сергек болуға тырысса, жалқаулық деген пәлекет маңына да жолай алмас. «Мен шаршап тұрған жоқпын. Мен әлсіз емеспін. Мен ширақпын», – деген секілді сергектік сыйлайтын ойларға санаңызды жеңдіріңіз!

4) Дұға ету де маңызды нәрселердің бірі. Пайғамбарымыз (с.а.у.): Уа, Жаратқан Алла Тағалам! Қайғы-қасіреттен, уайым жеуден, дәрменсіздіктен, жалқаулықтан, қорқаулықтан, сараңдықтан, қарызға белшеден батудан және адамдардың зорлық-зомбылығынан Өзіңе сыйынамын», - деп дұға жасаған. Үмбетіне де бұл дұғаны үйреткен. Пайғамбарымыз (с.а.у.) бір хадисінде: «Қуатты мұсылман, әлсіз мұсылманнан абзал. Дегенмен, Екеуінде де қайыр бар. Сен өзіңе пайда беретін нәрсеге талпын, Алладан да жәрдем тіле! Әлсіздік танытпа! Егер басыңа бір іс түссе: «Мен былай істегенімде ғой, бұлай болмас еді, басыма бұл келмес еді», – деп айтпа! Керісінше былай де: «Бұл – Алланың қалауы. Ол қалаған нәрсесін жүзеге асырады!» Себебі, «әттеген-ай» деген сөз Шайтанның тұзағына жол ашады» (Сахих Муслим, «Тағдыр», 34; Ибн Мәжа, «Муқаддима», 10) дейді. Сондықтан да Алладан күшті болуды, ол күшті де игі істерге, адал еңбек етуге жұмсауды сұрау керек.

5) Бір жұмыс шыға қалса, оны уақытында бітіруге тырысу керек. Болып тұрған жұмысты кейінге қалдыру еріншектің ісі.

6) Тамақты азырақ жеу керек. Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Адам баласы асқазаннан жаман ыдыс толтырған емес», ‒ деген. Тамақты көп жесеңіз ешбір жұмысқа зауқыңыз болмайды, уайым-қайғысы жоқ асқазан ұйқы шақыра бастайды. Тамақты жасар құлшылығы үшін, етер еңбегі үшін әлденіп алу мақсатында, сондай ниетпен ішсе, мұсылманның тамақтануының өзі бір сауап болмай ма?

7) Біреуді жұмсауды әдетке айналдырмағаныңыз абзал! Сахабалар қамшысы жерге түсіп кетсе, ат үстінен өзі түсіп, өзі алатын. Сол саңлақ кісілерден үлгі алып, оны іс жүзінде орындауға тырысу керек.

 

Түйін: Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының бұрынғылардың сөзін келтіре отырып айтқанына қарасақ, ол кісі былай дейді: «Кедейлік  үш  ағайынды  болады: үлкені  –  кежірлік,  ортаншысы  – еріншектік, кенжесі – ұйқы». Демек, кедейлікке құшақ жайып, жалқаулық дертін асқындыратын осы үшеу екен. Содан соң Мәшһүр атамыз сөзін жалғап олардан құтылудың жолын айтады: «Кежірліктің тамыры желкеде болады. Кежір кісінің желкесінен тартып, қаңтарып қойған қырық  қаңтаруы  болады. Бірі жіберсе де, бірі жібермей, ішетұғын астан, алатұғын олжадан  құр  қалдырады. Жалқаулықтың  тамыры  жерге  отырарлық  дүнбенің  алақан аясындай  айналасында  болады. Орнынан қозғалып тұрғысы  келмейді,  шайқалып  отыра береді. Ұйқының  тамыры  шынтақта  болады. Ұйқышы болатұғын қу шынтағын жерге тіреп жата береді. Тілалғыш, елгезек болып үйрен, кежірліктен құтыласың. Тіпті дәнеме қылмасаң да, жаяу аяңдап, олай-былай жүріп үйрен, жалқаулықтан құтыласың! Дүние-ақыреттің бірі  болмаса, бірінің уайымын ойлап: «Қалай қыламын, қайтіп  есебін табамын?!» – деген ойға түс, ұйқышылықтан құтыласың. Бұл үшеуінен құтылсаң, әр нәрсеге жетеді. Бұл үшеуі: бірі желкеңнен тартып, біреуі дүнбе құйрығының жерге қарай жабыстырып, бірі шынтағыңнан қисайта құлатып жібермей, табандап жатқан соң, қолың қайда жетсін?! Өзіңнен-өзің құйрығыңнан кейін қарай кетіп, қор боласың».

0 пікір