Қазақ күресінің тарихы тереңде жатыр
Қазақ күресінің тарихы тереңде жатыр
9 жыл бұрын 22136 kk.wikipedia.org, kitap.kz

Күрестің ұлттық түрі «қазақ күресінің» даму тарихы қазақ халқының тамыры тереңнен тартылатын тарихымен тұтасып жатыр. Түрлі басқосулар мен мереке тойлар спорттың осы түрінің сайысынсыз өткен емес. Күші басым түсіп, жеңіске жеткен балуандар халықтың төбесіне тұтар құрметті адамына айналған. Қазақтың ұлы батыры Қажымұқан есімі қазақ халқының тарихына ғана еніп қойған жоқ, сонымен бірге спортшылардың әлемдік элитасының қатарына кірді.

«Қазақша күрес» бойынша бірінші ірі жарыс 1938 жылы ауыл шаруашылығы аймақтары арасындағы спартакиада аясында өткен. Сол сәттен бастап жарыс дәстүрлі түрде республика қалаларында тұрақты өткізіліп келеді. Ірі Халықаралық турнирлер 1952 және 1975 жылдары Азия аймағы спортшыларының қатысуымен өткізілді. Ұлттық күрестің дамуы Қазақстан егемендік алғаннан кейін жаңа серпін алды. 1991 жылдан бастап республикалық чемпионаттар мен біріншіліктер жыл сайын өткізілетін болды.

2004 жылы қазақтардың Берлиндегі Бүкіләлемдік Құрылтайында конференция болып, сонда «Қазақша күресі» бойынша халықаралық федерация ұйымдастырылды. Федерацияның президенті — Түкиев Серік Адамұлы.

2005 жылы Ресейде (Алтай өлкесі) «Қазақша күрес» бойынша І Азия Чемпионаты өтті. 2005 жылы қарашада Астанада ҚР Президентінің жүлдесіне «Қазақша күрес» бойынша ірі халықаралық турнир болды. Оған әлемнің 25 елінен 100-ден аса спортшы қатысты. Олардың қатарында ГерманияТүркияГолландияФранция және басқалары бар. Биылғы жылдың шілдесінде Монғолияда «Қазақша күрестен» ІІ Азия Чемпионаты өтті. 2011 жылы тамызда қазақша күрестен Қазақстан біріншілігі болып өтті.

 

Қазақша күрестің ерекшелігі

Бұл ойын адамның денесін ширатып, бұлшық еттерді қатайтады, төзімділікке, батылдылыққа, ептілікке, керек кезінде тез ойланып, әдіс таба білуге машықтандырады. Қазақша күрес күш жетілдіретін спорт. Сонымен қатар ол қорғанудың ұлттық өнері («Самбо»). Қазақша күресте адам өзін еркін ұстап, өз бойындағы күшін, әдісін түгел пайдалана алады, мұнда шалу, жата тастау, арқалай тастау, қол байлап күресу, салмақпен басу, тіресу, ашадан алу, аяқтың басымен іліп тастау, жамбасқа алып иіре лақтыру, белінен қысып, тірсектен шалу сияқты әдістердің бәрін де қолдануға болады. Палуандар кілем үстінде; арнаулы жазық жерде, тегістегі қар үстінде белдесіп күресе береді. Ойынның ережесі бойынша қимыл үстінде адамға зақым келтіре күш жұмсауға, дөрекілік жасауға болмайды. Күрес бір жақтың талассыз жығылуымен және жауырыны жерге тигізілуімен аяқталады.

Күресетін палуандар жаңадан енгізілген ереже бойынша жасына қарай 3 топқа, салмағына қарай 8 категорияға бөлінеді. Күрес мерзімі ересектер үшін 10 минут, жас өспірімдер үшін 5 минут. Кейде жығылған адамды басып жатып, жауырынын жерге тигізу шарт емес. Бұл күрестің басты шарты — күшін, әдісін асырып, талассыз жығу. Кейде жыққан адам жығылған адамның басынан аттап «күш алу» деген байырғы жеңіс белгісі жасалады. Қазақша күрес аудандың, облыстық, республикалық спартакиадалардың программаларына кіргізілген, спорттық командалары бар ресми түрде жұрт таныган өнер.

 

"Қазақ күресі" ме, әлде "Қазақша күрес" пе?

Саясаттанушы Ерлан Қарин: Бұл жөнінде «Қазақстан барысының» басы-қасында жүрген Сәрсен Құранбек жауап бергені дұрыс шығар. Немесе Арман Шораев. Біраз уақыт бұрын Сәрсен Құранбек, Арман Шораев үшеуміз отырып, осы мәселені талқылаған едік. Қазақша күрес пе, қазақ күресі ме, әлде басқа атау болуы керек пе? Неге? Егер біз осы спорт түрін насихаттап, әлемдік деңгейде дамытамыз десек, оның «аты-жөні» жөнінде де қазірден ойлануымыз керек. «Қазақша» деген атау 1927 жылы енгізілген екен. Оған дейін бірде-бір жыр-дастанда батырлардың «қазақша күреспен» айналысқаны жөнінде дерек жоқ. Яғни, атау кейін пайда болған. Қазақша дегеннен кейін насихаттау қиын болады. «Қазақ» деген сөздің жазылуының өзінің ортақ келісілген нұсқасы жоқ. Ағылшынша үш түрлі жазамыз. Сәрсен Құранбектің сөзінің жаны бар, «қазақша» деп тұрғаннан кейін ол басқаларды тежеуі мүмкін. Оған тек ұлттық ойын ретінде қарауы мүмкін. Сондықтан, белдесу, жекпе-жек деген сияқты бір атты қолдану керек сияқты. Әйтпесе, олимпиадалық ойындар тізіміне енгізу қиын болады. Үлкен олимпиаданы айтпасақ та, Азия ойындарына қазақ күресін енгізуге бәрі дайын. Бірақ, бізден бұрын өзбектің «курашы» енгізілген. Олар ұлттық атауды пайдаланбағандықтан өтіп кетті деп ойлаймын. Мұнымен мамандар айналысуы керек. Ережелерін де қайта бір пысықтаған жөн. Өзім каратэмен айналысамын. Үш-төрт жыл сайын ереже өзгеріп отырады. Сол секілді күрестің де ережесі өзгеруі мүмкін. Бұл тек Арман Шораев немесе Сәрсен Құранбек айналысатын шаруа емес. Бүкіл қазақ алаңдайтын мәселе.

0 пікір