«Бүгінде бір-біріне тілімен зиян тигізіп жатқандар баршылық...»
«Бүгінде бір-біріне тілімен зиян тигізіп жатқандар баршылық...»
3 жыл бұрын 4161
Абдусамат Қасым
"Нағыз мұсылман - өзге мұсылмандарға тілімен де, қолымен де зиян тигізбеген мұсылман"[1]. Хадис сахих.

Бүгінгі қоғамда "қолымен" зиян тигізгендерді қайдам, бірақ бір-біріне "тілімен зиян" тигізіп жатқандар баршылық. Әлеуметтік желілерге кіріп қалсаңыз болды, сөз қуысып, жаға жыртысып жатқан біреулерді көресіз. Бір-бірімен сөз таластыру, біреулерді балағаттау, ауыр сөздер сөйлеу, тіл тигізу, біреулердің жер-жебіріне жету деген нәрселер қазіргі қоғамда белең алып тұрған құбылыс. Бұл - жақсылық емес.

"Сөз сүйектен өтеді" деп, қазақ бекер айтпаған. Сондықтан да, біреудің жазбасының астына пікір жазарда, он ойланып барып жазғаныңыз жөн. Немесе үндемеңіз. Өйткені сіздің бір ауыз ауыр сөзіңіз - тозаққа түсуіңізге бірден-бір себеп. Өйткені бір ауыз ауыр сөз себепті, ол мазлұм орнында, ал сіз залымның орнында болып қалуыңыз бек мүмкін. (мазлұм - зұлымдыққа ұшыраған адам, залым - зұлымдық жасаушы). «Алла залымдарды жақсы көрмейді». («Әли имран» сүресі, 140 аят).

Әр таластан қашқаныңыз үшін, сіз үшін пейіште үй тұрғызылып жатыр деп есептеңіз.

Және де, жасыратыны жоқ әлеуметтік желілерде, соның ішінде фейсбукте кілең "білгірлер", "даналар" отыратыны рас. Қанша адам болса, сонша пікір бар екенін ұмытпаңыз. Сол себепті, олармен сөз таластырып отырудың қажеті жоқ. Сіздікі дұрыс болып тұрса да үндемеген абзалырақ. Сонда ұтасыз. Жазу керек болып жатса, бір рет жазыңыз, түсінгісі келмей жатса, қоя салыңыз.

"Кім өзінікі дұрыс бола тұра үндемесе ол үшін пейіштің ортасында үй тұрғызылады" -

- дейді Алла елшісі (ғалейһиссәләм)[2]. Ендеше, әр таластан қашқаныңыз үшін сізге пейіште бір үй тұрғызылып жатыр деп есептеңіз.

Бір күні бір адам сахаба Әзіреті Әбу Бәкірге тіл тигізеді. Әзіреті Әбу Бәкір алғашында жауап қатпай үндемейді. Қасында Пайғамбарымыз (с.а.у.) отырған еді. Ол (с.а.у.) таңданып, жимия бастады.

Алайда, әлгі адам тілдеуін үдеткеннен кейін Әзіреті Әбу Бәкір оның кейбір сөздеріне қарсы жауап береді. Сол мезетте, қасында отырған Алла елшісі (с.а.у.) ашуланып, орнынан тұрып кетіп қалады. Әбу Бәкір артынан қуып жетіп:

- Уа, Расулаллаһ! Ол адам сіздің қасыңызда мені тілдеп жатты, сіз отырдыңыз. Ал, оның кейбір сөздеріне қарсы жауап қатқан едім, сіз ашуланып тұрып кеттіңіз, – деп айтады, себебін білгісі келіп. Сонда Алла елшісі оған:

- Сен үндемеген сәтінде сенің қасында періште бар еді, Ол сенің орныңа жауап беріп жатты. Ал, сен оның кейбір сөздеріне қарсы жауап берген едің, шайтан пайда болды. Мен шайтанмен бір жерде отырмаймын, - деп түсіндірген екен[3].

Әрине, Әзіреті Әбу Бәкір күнә іс істеген жоқ. Ол өзіне қарай жөнелтілген жөнсіз сөздерге қарсы жауап қатып, өзін ақтап алғысы келді. Онысы күнә емес. Бірақ, сөзге сөзбен жауап беру әрдайым оңтайлы бола бермеуі мүмкін. Кейде үндемей жеңген пайдалы. Пайғамбарымыз (с.а.у.) соны ұқтырғысы келсе керек. Өйткені сөз түсінбейтін адаммен сөз таластырсаңыз, арты ұрысқа ұласады. Ал, ұрыс-керіс туындаған жерден періште қашады, оның орнына шайтан келеді. Ондайда үндемеген абзал. Мәуләнә Руми айтқандай: «Наданның қасында үнсіз кітап секілді бол».

«Өйткені талас-тартыс қоғамның адасу жолына түсуіне себеп».

Оның үстіне талас-тартысқа ден қойған қауымның ақыры жақсы болмайтындығы хадистерде білдірілген. Талас-тартыс, ұрыс-керіс, сөзге тоқтамау – қоғамды бұрыс жолға жетелейді. Бұрыс жол – азғындыққа, ал азғындық – рухани тоқырауға алып келеді. Бұл жайында ардақты Пайғамбарымыз (с.а.у.) өзінің асыл сөздерінің бірінде былай деп өтеді:

«Бір қауымның Һидаятта болып келіп, кейін адасуының себебі – талас-тартысқа ден қоюынан басқа ештеңе емес»,

дейді де артынан мына аятты оқиды: 

«Олардың саған бұны айтулары, жанжал үшін ғана. Өйткені олар, қиқар ел»[4].  

Хадистен де байқағандарыңыздай, һидаят тапқан қоғам егер, талас-тартысқа көп түссе, һидаяттан ажырап, далалатқа (адасушылық) тап болатындығын ескертіп отыр. Ал «Барлық адасушылық – тозақ отына жетелейді!»[5] дейді Алла елшісі (с.а.у.). Ендеше, тілімізге ие болайық, ағайын!


[1] Имам Бұхари: «Сахих Бұхари»; Имам Мүслім: «Сахих Мүслім».
[2] Имам Тирмизи: «Сүнән». Хасан хадис.
[3] Имам Ахмед: «Сүнән»; Әбу Дәуід: «Сүнән».
[4] Құран Кәрім: «Зухруф» сүресі, 58 аят.
[5] Нәсәи: «әс-Сунәнуль Кубро»; Имам Мүслім: «Сахих Мүслім».

0 пікір