Бір ауыз сөз
Бір ауыз сөз
10 жыл бұрын 27261
Роман Бұрқаш

Бір ауыз сөз қасіретті тияды,

Бір ауыз сөз айықпас дерт жияды.

Бір ауыз сөз əлемге əйгі еткізсе,

Бір ауыз сөз жаман атқа қияды.

 

Бір ауыз сөз мұхиттарды жалғайды,

Бір ауыз сөз ұран болып самғайды.

Бір ауыз сөз ұшса бақыт құсы боп,

Бір ауыз сөз арсыз жандай алдайды.

 

Бір ауыз сөз жан тетігін табады,

Бір ауыз сөз мың əуреге салады.

Қимас жандар көз жұмарда қоштасып,

Бір-ақ ауыз сөз айтысып қалады!

 

Кəкімбек Салықовтың бар қазаққа əйгілі осы өлеңі оқыған адамын бей-жай қалдырмайтыны сөзсіз. Мағынасы терең, мəні зор осы бір қысқа өлеңді оқығаннан кейін еріксіз ойға кетесің. Бір ауыз сөз. Ғаламат күшке ие бір ауыз сөз. Шынайы көңілмен жүректі жарып шыққан бір ауыз лебіз немесе бір ауыз қарғыс. Адамның атын көкке самғатады немесе адами аттан мақұрым қалдырады. Тіпті кей сəттерде адамдар тағдырында шешуші рөл де атқарады. Қала берді бір ауыз сөз адамды не жұмақтық не тозақтық та қылады. Сіз өмірде қандай да бір сəтсіздікке ұрынып, опық жеген, тағдыр талайын көріп, жігері мұқалған жақыныңызға бір ауыз сөз арқылы демеу беріп, аяғынан нық тұруға да себеп бола аласыз. Ол адам үшін сын сағатта демеу ретінде шынайы көңілден шыққан бір ауыз сөзіңіз қаншама материалдық көмектен де артық болуы мүмкін. Иə, 'бір ауыз сөз' біздің өмірімізде ерекше орын алады. Осылайша 'бір ауыз сөздің' қадірі жайлы 'мың ауыз сөз' жазуға болар.

Ал ендігі кезекте 'бір ауыз сөздің' барша адамзаттың ұстазы, сүйікті Пайғамбарымыздың (с.а.у.) өнегеге толы өмірінде қалайша көрініс тапқанына бір мысал келтірейік. Бірде қос дүние сардары, ардақты елшіміздің (с.а.у.) жұмсауымен оның (с.а.у.) сүйікті сахабасы Ибн Масғұд бір талға өрмелеп шығады. Ибн Масғұд өте арық кісі болатын. Сол жерде ерсілі-қарсылы жүрген жүргіншілер талда тұрған Ибн Масғұдтың арық аяқтарын меңзеп мазақ ете бастайды. Олардың бұл мазақ сөздерінен Ибн Масғұдтың көңілі жасып қалады. Сүйікті досының мұң шалған қабағын байқаған Пайғамбарымыз (с.а.у.) жүргіншілерге қаратып:  "Қара да тұрыңдар қиямет күнгі таразыда Ибн Масғұдтың əрбір аяғы Ухуд тауынан да ауыр болады", - дейді (Ахмад ибн Ханбал, Муснад, 1/114). Кімге, қай жерде, қашан, қалай жəне не сөйлейтінін жақсы білетін дана Пайғамбарымыздың (с.а.у.) 'бір ауыз сөзі' көңіліне қаяу түскен ардақты сахабасына қалай əсер етті десеңізші. Осыдан кейін ол ғаламның рақым нұры Пайғамбарымызды (с.а.у.) бұрынғыдан да бетер жақсы көріп кеткен шығар сірə.

Сүйікті елшілерінен (с.а.у.) өнеге алған замандастарымыздың мына бір оқиғасы 'бір ауыз сөздің' ғаламат күшіне керемет мысал секілді. Көңіл жарастырып, шаңырақ құрған екі жастың өмірлерінде бір күні мынадай бір қызық жəйт орын алады. Күйеуін күн сайын жұмысқа жылы шыраймен шығарып сап, кешке ас-қамын уақытылы дайын қып отыратын əйелі үй шаруасынан қолы қалт еткен кездері қаладағы танымал психологтың тренингіне қатысып жүретін. Күндердің күнінде психолог жетекшілері оларға өздеріне ең жақын адамдарынан өздерінің бойларындағы кемшіліктерін жаздырып алуды тапсырады. Содан не керек тапсырманы алған келіншек кешке жұбайы жұмыстан келгенде мəн-жайды түсіндіріп айтады. 'Отағасы, сіз маған өмірдегі ең жақын адамсыз ғой. Психолог жетекшіміз бізге өзіміздің ең жақын деп есептеген адамымыздан өзіміздің кемшіліктерімізді жаздырып əкелуімізді тапсырды. Сондықтан менің бойымнан қандай кемшілік көргеніңізді жазып берсеңіз',-дейді келіншек. Оған күйеуі өтінішін таңда жұмысқа бара жатып орындап кететінін айтады. Содан не керек өтінішін айтарын айтып ап келіншегі 'отағасым менің бойымнан қандай кемшілік байқады екен' деп таңның атуын күтіп, өзіне ең жақын кісінің тарапынан кемшіліктері жазылған парақты оқуға асықты əрі толқу үстінде еді. Сонымен тағатты тауыса таңда атты. Отағасы əдеттегідей жұмысқа кеткен. Бірақ жұбайы үстел үстінде кемшіліктері жазылуы тиіс парақты көрмеді. Неге? Таңда орындаймын деген еді ұмытып кеткен бе?! Жоқ! Бəлкім... Осы сəтте үйдің қоңырауы соғылды. Есікті ашса бір құшақ раушан гүлін ұстаған жас бала: «Ағайымның сізге жолдаған сыйын қабыл алыңыз», - деп қып-қызыл раушан гүлдерін ұсына береді. Дүниедегі ең қымбат жан күйеуі атынан күтпеген жерден сыйланған тосын сый шынында ерекше əсер қалдырады ғой. Шаттықтан аяғы жерге тимей тұрған əйел өзіне сыйланған гүлдерді құшарлана иіскеп жатса гүлдің арасынан 'бір ауыз сөз' жазылған хатты алады. Хатта былай делінген еді: «Қымбаттым! Сен маған кемшіліктерімді жазыңыз депсің. Шынын айтсам мен сіздің бойыңыздан оғаш ештеме байқамадым. Сіз дəл қазір қандай болсаңыз мен сізді дəл солай жақсы көремін!» Міне керемет! Мен тағдырымды қолына сеніп тапсырған, өмірлік жан жарым, маған ең қымбат жан менің бойымнан қандай кемшіліктер байқады екен деп түні бойы толқып шыққан əйелге жұбайының шын жүректен айтқан 'бір ауыз сөзі' жүрегіне қуаныш сыйлап, бақыт бақшасына ендіріп жібергені сөзсіз. Мұндай бақытты сəттерден соң жас отаудың берекесі тасып, түтіні түзу шыға бастамайды ма?! Сондықтан да əрбір адам күнделікті өмірлерінде 'бір ауыз сөздің' таңғажайып күшін пайдаланып Хақтың да халықтың да ризалығына бөленуіне болады.

4 пікір