Оқудан жазғы демалысқа ауылға келген бойда әке-шешем бірден "ана атаңа, мына әжеңе барып сәлем беріп кел" - деп ауылдың ақсақалдары мен үлкендеріне жіберетін. Ауылды аралап жүріп, әлгі кісілерге арнайы барып сәлем беріп, кешкі уақытқа оларды түгелдей үйге қонаққа шақыратынмын. Тапсырма солай. Қой сойылып, дастархан жайылатын. Сөйтіп кешкісін үйде ауылдың бар ақсақалдары мен әжелері бас қосатын. Әке-шешемнің ондағысы аман-есен келгеніме шүкір еткені әрі үлкендердің маған деген батасын алу болатын. Оқуға қайтар алдында да дәл осылай жасалатын. Иә, ол кезде ақсақалдар ардақты, қарттар қадірлі еді. Бір ауыз сөздеріне ел тоқтайтын. Киген киімдері өздеріне жарасымды. Айтқан әңгімелері ірі, әзілдері әдемі еді. Дүниелік сөздері кем болатын. Төрдің сәні болып отырушы еді. Құмғанмен дәрет алғандары қандай әдемі сурет. Ауыл кемпірлерінің ақ кимешектерін киіп, ұршық иіріп отырғандары ше? Арадан ары кетсе он бес, жиырма жыл өтті. Қазір сол санамда қалып қойған қадірлі ақсақалдардың бейнесін айналамнан, барған жерімнен іздеймін. Бірақ таппаймын. Таппаймын емес, аз кездестіремін.
Қазіргі жетпістегі кейбір шалдар: "Баяғы үлкен кісілердің бәрі кетті ғой, ешкім қалмады" - деп қояды. Сол ақсақалдың жасына жетсе де, өздерін әлі жас сезінеді. Әңгімелері өсек, қалжыңдары арзан. Ойлағандары дүние, ойнағандары қарта. Құлшылыққа құлықсыз. Тіпті ер кісілерді былай қойғанда, кейбір жетпіске жеткен апалардың да арақ ішетінін қайтесіз?! Осындай өз қадірін кетіріп жүргендер ұрпағына қандай тәрбие бере алады? Мұндайлардың қай сөзі өтімді болмақ? Ұрпағы оларға тиісті құрметін көрсете ала ма?
Осыдан бір неше жыл бұрын мен мінген автобусқа бұтына тырыстырып шалбар, үстіне жабыстырып қызыл кофта киген, шашы бояулы, ерні шиедей бір әйел кісі де отырды. Түріне қарап ары кетсе "қырықта" шығар дерсіз. Автобуста отырарға бос орын жоқ. Әлден уақыттан кейін әлгі кісі айғайға басты. Екі жас жігітке: "Сендер неге маған орын бермейсіңдер, мен алпыстың нешеуіне келдім ғой" - демесі бар ма? Мен өзімді әрең ұстап тұрмын. "Апа, киген киіміңіз мынау, тырыстырып шалбар киіп, қызша боянып алыпсыз. Ал жастардан үлкендерге көрсетілетін құрметті күтесіз. Осыңыз орынды ма?" - деп айтуға неше рет оқталдым. Бірақ айта алмадым.
Иә, әдемі қартаю оңай емес. Ұрпақ алдында сүйкімің кетпей, қадіріңді сақтай білу үлкен сын. Ақсақал болу жетпіске жетумен келе салмайды. Қазірден бастап соған дайындалуымыз ләзім. Ғұмырың түзу болуы тиіс. Әйтпесе, бүгінде төрде отыратын жасқа жетсе де, бір ауыз бата білмейтін, ұрпағына айтар бір ауыз өсиет сөзі жоқ талай шалдарды көзіміз көріп жүр. Алла Елшісінің (с.а.у.): "Жастардың ең қайырлысы үлкендерге ұқсағаны, ал егде тартқандардың ең жаманы жастарша әрекет ететіндері" - дегені, осы айтылғандарды меңзесе керек.