Батыс ойшылдары: Ислам әйелдің дәрежесін көтерген
Батыс ойшылдары: Ислам әйелдің дәрежесін көтерген
4 жыл бұрын 3031
Тәржімалаған Сәбит Ибадуллаев

ЭМИЛЬ ДЕРМИНГЕМ

Эмиль Дермингем (Emile Dermenghem, 1892-1971 ж) – франсуз шығыстанушысы. Парижде туылған. Алжир кітапханасында директор болған. Басты еңбектері:

  • «Мұхамметтің өмірі» (бұл Пайғамбарымыз (с.а.у.) туралы европалықтардың жазған кітаптардың ішіндегі ең шынайылысы. 1929 жыл, Парижде жарық көрді).
  • «Мұхаммед және сүннет» (1955 жыл, Париж).

Сонымен қатар: «Африка журналында», «Шығысты зерттеу институтының айлық шығарылымдары», «Араб зерттеулері» сынды т.б. көлемді зерттеу жазбалары, мақалалар жариялады.

Эмиль Дермингемнің Исламдағы әйелдің рөлі жөнінде айтқан сөздеріне назар аударалық:

«Ислам дінінің араб жұртындағы әйелдің дәрежесін көтеріп, жағдайын жақсартқандығына ешқандай дау жоқ. Омар ибн Хаттабтың: «Әйелдер туралы аяттар түскенше біз оларды мүлік ретінде санап келдік» деген сөзі бар. Мұхаммед пайғамбар да бір өсиетінде: «Иман келтіргендердің ең иманы толығы - мінез-құлқы жақсы болғаны. Сендердің ең қайырлыларың әйелдеріңе - қайырлы болғандарың», - дейді. Иә, Пайғамбар әйелдерге күйеулеріне мүлтіксіз мойынсұнуды да өсиет етті. Сонымен бірге ерлерге әйелдерге жұмсақ болуды бұйырды. Жас қыздарды өз еркінен тыс күштеп күйеуге беруге, жетім қыздардың мал-мүліктеріне қол сұғуға, талақ еткенде қиянат жасауға қатаң тыйым салды. Исламнан бұрын әйелдерге қайтыс болған әкесінің, туысының мұрасынан ештеңе де берілмейтін. Ислам діні келгеннен соң әйелдердің мұрадан үлес алу құқы туралы арнайы аят түсті. Сонымен бірге Құран Кәрім қыздарды тірідей көміп өлтіру қылмысын әшкере етіп, қатаң тыйды. Әйелдер мен жетімдерге әділ болуға үндеді. Мұхаммед пайғамар уақытша некеге, күңдерге қиянат жасауға тосқауыл қойып, төрт әйел алуға рұқсат берді. Алайда көп әйел алудың басты шарты олардың арасында әділдік сақтау екендігін баса айтып, ескертті. Сонымен қатар ажырасуға, яғни талаққа да рұқсат бере отырып: «Алла Тағалаға ең ұнамсыз нәрсе, ол – талақ», - деп ескертті. Соған қарамастан бір әйелмен шектелу ер адамның табиғи құқына кереғар. Тіпті христиандар қолданатын «Көне өсиет» кітабында да ондай шектеу жоқ. Көп әйел дәстүрі христиан дінінде бұрыннна бар болған болса, онда бұл үрдіс Шығыстан бұрын Батыста да болған ғой... Ендеше қайсысы көңілге қонымды: заңды түрдегі көп әйел алу ма, әлде астыртын түрдегі көп әйелмен көңіл қосып жүру ме? Расында, көп әйел алу қоғамда бұзықтықтың жайылуына әрі «кәрі қыздардың» көбеюіне жол бермейді». («Мұхамметтің өмірі» атты кітабынан, 329-331 беттер).

«Бізде таралған қате түсініктердің бірі – әйел затының христиан дініндегідей «күнә-қателіктердің қайнар көзі, қарғысықа ұшыраған мақұлық» деп есептелетіні сияқты, Ислам дінінде де әйел затын жұбайылық, аналық ықпалынан, кей құқықтарынан мақұрым етілген деген дүдәмәлді пікір бар. Ондай пікірмен жүргендер шығыс елдеріне барып, олардағы отбасы әдебінің қандай берік екендігін көрсін. Сонда олар ондағы әйелдердің біздің қысқа киім киіп, аяқ-қолдарын жалаңаштап жүретін немесе зауыттарда ауыр еңбек ететін әйелдерімізге еш қызығып та, қызғанып та қарамайтындығын көрер еді. Расында, Ислам әлемі отбасылық сүйіспеншілікті, рухани үйлесімділікті қаперінен еш шығармайды. Ислам діні ержүректік пен адал махаббат сезімдерін естен шығармайды. Осы қасиеттерді кезінде біз де Исламнан алғанбыз». («Мұхамметтің өмірі» атты кітабынан, 329-331 беттер).

МАРСЕЛЬ БУАСАР

Марсель Буасар – қазіргі заманғы франсуз ойшылы әрі заңгері. 1939 жылы Швейцарияның Женева қаласында туылған. Біріккен Ұлттар Ұйымында қызмет еткен. Халықаралық байланыстар мен адам құқықтары мәселелерімен шұғылданып, осы екі тақырыпқа байланысты өткен конференциялар мен семинарларда бірнеше зерттеу жұмыстарын жазды. Оның жеке қызығушылығымен жазған «Ислам гуманизмі» атты кітабы батыстағы Исламтану саласында жазылған сүбелі еңбектердің бірі болып табылады. Буасар бұл еңбегінде Ислам дінін шынайы түрде, терең зерттеп, сыңаржақ көзқарасқа ұрынбай, салмақты толғамдар жасаған. Ол үшін осы тақырыпта жазылған батыстық және мұсылман дереккездерін молынан пайдаланған.

Ол Исламдағы әйелдің орны жайында өз көзқарастарын былайша паш етеді:

«Испанияны мұсылмандар билеп тұрған заманда Омеядтар халифатының қол астындағы бүкіл әйел заты ізет-құрметке, бостандыққа ие болды. Сол кездері әйел тіршіліктің қоғамдық және мәдени салаларына етене араласа алатын. Ал ерлер әйелдердің алдында абырой-құрметке ие болуға тырыстатын. Расында, мұсылман ақындары Исмпания арқылы христиандық Европаға әйелді қалай сыйлау керектігін үйретіп кетті...». («Ислам гуманизмі» атты кітабынан, 108-бет).

«Шынында, Ислам діні ерлер мен әйелрге тең дәрежеде үндеу тастап, ол екеуіне бірдей қарым-қатынас жасайды. Ислам шариғаты жалпы алғанда маңызды бір мақсатты – құқықты қорғауды көздейді. Шариғат әйелге  оның құқықтары туралы айқын әрі нәзік анықтамаларды ұсынып, ол құқықтардың қорғалуын өз кепілдігіне алады. Құран мен сүннет әйелмен әділ түрде жұмсақ әрі жылы қырым-қатынаста болуға бұйырады. Исламның осы екі қайнар көзі әйелге үйленуден жоғары меншікті, жеке тұлғалық, мұрагерлік сияқты заңнамалық талап-тілектерін қанағаттандырып, жаңа құқықтар сыйлау арқылы мүмін әлйедің заң алдындағы абыройын биіктетіп, ардақтады». («Ислам гумаизмі» атты кітабынан. 109-110 беттер).

«Пайғамбар хадисінде айтылған «әйелдер ердердің сыңарлары» деген тіркес әрбір жаратылыстың жұп-жұп болып жаратылғаны туралы айтатын Құран тағылымдарымен сәйкес келеді. Құранда Інжілдегідей әйелдің ер адамды «негізгі күнәға» итермелегендігі туралы сөз жоқ.  Мұсылман танымында да шіркеудегі «әкейлердің» «шайтани істі» айтқан сайын «әйелдің күнәсін» еске ала беретіні сияқты әйелдің дәрежесін төмендететін сөздер қолданбайды. Керісінше, Құран екі әйелге - «Перғауынының иман келтірген әйелі Әсия мен Иса пайғамбардың анасы Имран қызы Мариямға толықтай аяттар арнаған». («Ислам гуманизмі»).

«Құран тәлімдерінде қазіргі заманда Ислам әлемінде қалыптасқан әйелдің бейшара бейнесі мүлде жоқ. Тек сауатсыздық, оның ішінде мұсылман әйелдің өз құқықтары туралы білімсіздігі ғана сондай бейненің қалыптасуына себепші болған...». («Ислам гуманизмі»).

«Құран тәлімдері және Мұхамметтің тәлімдері әйел құқықтарын жалықпай қорғайтынын нақтылап айтып өткен». («Ислам гуманизмі»).

«Иман» журналы, №1 (114) 2014 ж.

 

0 пікір