Батыс мәдениеті немесе теледидардағы жарнамалардың ұлттық санамызға тигізер зияны
Батыс мәдениеті немесе теледидардағы жарнамалардың ұлттық санамызға тигізер зияны
2 жыл бұрын 2269
Батыс мәдениетінің, басқаша айтқанда салт-дәстүрінің жақсы жақтары да бар шығар, дегенмен біздің тәлім-тәрбиеге теріс тұстары одан да көп. Және көп нәрсесі қанымызға сіңіп үлгерді. Сол себепті, біздер үшін біраз нәрсенің терістігі байқалмай кеткен.

Батыс мәдениетінің бірден-бір насихатшысы - теледидар. Теледидар арқылы күнде көріп жүргеннен кейін, бұрын біз үшін бұрыс көрінетін біраз дүниелер қазіргі таңда қалыпты жағдайға айналған. Әсіресе батыстық жарнамалар санамызды улауда.

Мысалы, көк жәшіктен әр сәт сайын беріліп тұратын "M&M's"-тің мына бір жарнамасын алалық (суреттегі). Бұл жарнамада нанды лақтырып, нанды рәсуаға айналдырады. Мұнда нанға деген құрметсіздік бар. Ал қазақи тәрбиеде қалай? Қазақ - нанды құрмет тұтқан халық. Нанды лақтырып аяқ асты ету түгілі, бір қолмен үзудің өзі кесір саналған. Ата-әжелеріміз, әке-шешеміз жерде жатқан нанды алып жоғары қой деп үйрететін. "Астан үлкен емессің" деп айтатын. "Нанмен ойнама" дейтін. Пайғамбарымыздың да "Нанды құрметтеңдер!" деп бұйырған хадисі бар. Енді мына жарнамаға қарасақ, онда нанға деген, асқа деген құрметсіздік насихатталуда.

Бұл жарнаманы алғаш көргенімде жағамды ұстамасам да, іштегі қынжылысымды жасырмағаным рас. Балаларыма " мына жерде нанды лақтырып жатыр, олай жасамау керек, нанды құрметтеу керек" деп жиі еске салып айтып отырдым. Қашанғы айтасың? Уақыт өте келе, ол жарнамаға да ет үйренді. Оны көргендегі бұрынғы іштей қынжылысым да қазір жоғалған. Яғни, сананы улау дегеніміз сол. Бұл бір ғана мысал. Біздің тәлім-тәрбиемізге қайшы, дінімізге теріс көрсетіліп жатқан мұндай дүниелерді айта берсек көп (мәселен, мүшеқап жарнамасы (кешіріңіздер), жігітті тыржалаңаш шешіндіретін дезодарант жарнамасы, сүйісу, аймаласу т.б.). Оның көпшілігі бүгінде қалыпты жағдайға айналған. Байқамаймыз да. Осындайда Мұхтар Шаханов ағамыздың "Батыстың цивилизациясын аламыз деп, канализациясына түсіп кетпейік!" деген сөзі ақылға оралады.

Тоқ етерін айтқанда, теледидардағы мультфильм, кино, реклама бәрі - еуропа мәдениеті мен түсінігін және дүниетанымын біздерге насихаттауда. Қазір мәдениет шайқасы. Кім жеңеді? Оны уақыт көрсетеді. Әзірге біз жеңіліп жатырмыз.

Абдусамат Қасым

2 пікір
  • Автор мына айтылып жатқан нәрселеріңнің ешқайсысы да батыстың мәдениетіне жатпайды.
    1 жыл бұрын
  • Егер мұндай жиіркенішті нәрселерді батыстың мәдениетіне жатқызатын болсаң, онда діни экстремизм мен терроризмді ислам мәдениетіне жатқызатындарға өкпелеме
    1 жыл бұрын