Үмму Сәләмәның Мұхаммед пайғамбармен (ғ.с.) хор қыздары жайындағы диалогы
Үмму Сәләмәның Мұхаммед пайғамбармен (ғ.с.) хор қыздары жайындағы диалогы
3 жыл бұрын 8050
А. Қасым

«Осы дүниедегі әйелдер абзал ма, әлде Хор қыздары абзал ма?...»: Үмму Сәләмә мен оның жұбайы Мұхаммед пайғамбар (ғ.с.) арасында болған әңгіме.

Имам Табаранидің «Мұъжәмуль Кәбир» атты хадистер жинағында мүміндердің анасы Үмму Сәләма өзінің жұбайы Мұхаммед пайғамбармен (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) хор қыздары жайында әңгімелескен риуаят келтіріледі. 

Ол риуаятт  Үмму Сәләмә (Алла одан разы болсын) былай дейді:

«Мен Пайғамбарымыздан (с.а.у.):

- Алла Тағаланың «(حُورٌ عِينٌ﴿ Көзді хор қыздары...»[1]  деген аяты жайында айтып беріңізші! – дедім.

Пайғамбарымыз (с.а.у.):

-(Аяттағы) "Хор" сөзі – «өте пәк» деген мағынада (немесе «ақ түсті») [2]. «Көзді...» дегені болса: «көздері үлкен» дегенді білдіреді. Кірпіктері – қыран бүркіттің қанаттарының ұзындығы сияқты (яғни, көздері үлкен, кірпіктері ұзын)[3] - деді.

Мен:

- Алла Тағаланың «(Хор қыздары) Жасырын інжу іспетті»[4] деген аятын түсіндіріп беріңізші! – дедім.

Пайғамбарымыз (с.а.у.):

- Олардың сафтығы – адамдың қолы тимеген қабыршақ ішіндегі інжулердің сафтығы іспетті, - деді.

Мен:

- Алла Тағаланың «( فيهن خيرات حسان ) Пейіштерде хайырлы жандар әрі асқан сұлулар бар»[5] деген аятын түсіндіріп беріңізші! – дедім.

Пайғамбарымыз (с.а.у.):

-«Көркем мінезді әрі сұлу жүзді (хор қыздары) бар» деген мағынада, - деді.

Мен:

- «(كأنهن بيض مكنون) Олар – жұмыртқаның ішкі жағы сияқты» [6]деген аятты түсіндіріңізші! – дедім.

Пайғамбарымыз (с.а.у.):

- Олардың нәзіктігі –жұмыртқаның қабығынан кейінгі тұратын жұмыртқаның ішіндегі «Ғирқи» (الغِرْقِئُّ) деп аталатын, бір қабат үлдірдің нәзіктігі іспетті, - деді.

Мен:

-«(عُرُبًا أَتْرَابًا ) Жұбайларына ғашық, тең жастағылар» деген аятты түсіндіріңізші! – дедім.

Пайғамбарымыз (с.а.у.):

- Ол аятта, бұ дүниеде шаштары ағарып, сүйектері қаусап қартайған шақтарында жан тапсырған әйелдер (жайында айтылып тұр). Алла Тағала оларды кәріліктен кейін қайта жаратып, оларды тұрмысқа еш шықпаған бойдаққа айналдырады. Аяттағы «Ъурубән» сөзі - күйеулеріне ғашық, аяулы деген мағынада. «Тең жастағылар...» дегені - күйеулерімен тең жаста (33 жастағы) болады деген мағынада, - деді.

Мен:

- Уа, Расулалла! Осы дүниедегі әйелдер абзал бола ма, әлде Хор қыздары абзал бола ма? – деп сұрадым.

Пайғамбар (с.а.у.):

- Киімнің беткі жағы астарынан абзал болғаны сияқты, осы дүниедегі әйелдер де хор қыздарынан абзалырақ болады!» – деді.

Мен:

–Не себепті олай? – дегенімде, 

Пайғамбар (с.а.у.):

– Оқыған намаздары себепті. Тұтқан оразалары, Аллаға жасаған мінәжаттары себепті. Алла Тағала олардың жүздерін нұрға бөлеп, тәндерін жібектей жұмсақ етеді. Реңдері - ақ, киімдері жап-жасыл, әшекейлері - сары, асыл тастары – інжуден, тарайтын тарақтары алтыннан болады. Олар былай дейтін болады: «Біліп қойыңдар! Біз мәңгі жасаймыз, ешқашан өлмейміз. Әрдайым нығметке бөленіп, еш қайғыланбаймыз. Біз пейіште тұрақтаймыз, ешқашан бұл жақтан кетпейміз. Біліп қойыңдар, біз шаттықта бола береміз, ешқашан қартаймаймыз. Бізді алған ерлерге және бізбен бірге болған ерлерге неткен қуаныш!» (деп қуаныштарын жар салады)», - деді.

Мен

–Уа, Алла елшісі! Кейбір әйелдер осы дүниеде екінші рет, үшінші рет, тіпті төрт рет тұрмысқа шығып жатады. Өлгеннен кейін онымен бірге күйеулері де жәннатқа кірсе, олардың қайсысы оның жұбайы болмақ?- деп сұрадым.

Сонда Пайғамбарымыз (с.а.у.):

–Уа, Үмму Сәләмә! Оған таңдау еркіндігі беріледі. Ол күйеулерінің арасынан көркем мінездісін таңдап, Раббысына былай дейді:  «Уа, Раббым! Мына күйеуім өткен дүниеде маған көркем мінез көрсететін еді. Мені соған қоса гөр!» – деп сұрайды. (Алла сұрағанын береді).  Уа, Үмму Сәләмә! Көркем мінезділік - екі дүниеде жақсылықты алып кетпек!» - деп айтты, дейді мүміндердің анасы Үмму Сәләмә[7].

islam.kz


[1] «Әл-Уақиға»сүресі, 22 аят.
[2] Хадистің арабшасында «بِيضٌ» сөзі қолданған. Ол аппақ деген мағынада және өте таза деген мағынада қолданылады.
[3] شفر الحوراء - بالفاء مضافا إلى الحوراء ، والمراد به هدب العين. (امام السيوطي)
[4] «Әл-Уақиға»сүресі, 23 аят
[5] «Рахман» сүресі, 70 аят.
[6] «Саффат» сүресі, 49 аят.
[7] Имам Табарани: «әл-Мұъжәмуль Кәбир». №3141 хадис.

1 пікір