«Әр жаңа туған ұл бала үшін ақиқа құрбанын шалыңдар...» (Хадис тағылымы. Ақиқаның үкімі)
«Әр жаңа туған ұл бала үшін ақиқа құрбанын шалыңдар...» (Хадис тағылымы. Ақиқаның үкімі)
25 күн бұрын 7570
Абдусамат Қасым

Сахаба Сәлмән ибн Амир ад-Дыббий (р.а.) былай деген:

عن سلمان بن عامر الضبي - رضي الله عنه - قال : سمعت رسول الله - صلى الله عليه وسلم - يقول «مع الغلامِ عقيقتُه ، فأهرِيقوا عنه دمًا وأميطوا عنه الأذَى»

 «Мен Пайғамбарымыздың (с.а.у.) былай айтқанын естідім: Әр жаңа туған ұл баланың ақиқасы бар. Ол үшін қан ағызыңдар (яғни, құрбан шалыңдар). Сондай-ақ, ол баланың бойынан зиянды нәрселерді (немесе жайсыз, жағымсыз нәрселерді) алып тастаңдар». «Сахих Бухари».


Шариғатта жаңа туған балаға арнап мал сою рәсімі бар. Оны «ақиқа құрбаны» немесе «нәсикә» деп атайды. Кей хадистерде айтылғандай, шамасы келсе, ата-ана ұл бала үшін екі қой сояды. Оған қалтасы көтермей жатса, бір қой да жеткілікті. Қыз бала үшін бір қой шалынады.   

«Ақиқа» құрбаны - перзент сыйлаған Алла Тағалаға шүкіршіліктің нышаны ретінде шалынады.

Ақиқа құрбанының үкімі:

Ханафи мазхабында ақиқа құрбанын шалудың үкімі – мұстахаб (мубах деп айтқандар да бар). Өзге үш мәзхабта – сүннет. Ал, Заһирия мәзхабында ақиқа құрбанын шалу - уәжіп. Ханафи мәзхабында «ақиқа құрбанының үкімі жойылған» деген де мәлімет бар. Бірақ, ол оның үкімінің «мубах» немесе «мұстахаб» болуына кедергі емес. Өйткені, көптеген хадистерде ақиқа құрбанын шалудың ұнамды әрекет екендігін білдірген. Содан келіп, көптеген Ханафи ғалымдары ақиқаның мұстахаб амал екендігін жоққа шығармаған. Мысалы Ханафи мәзхабының бетке ұстар ғалымдарының бірі Имам Құдуридің мынадай бір сөзі бар:

قال أصحابنا [رحمهم الله]: العقيقة مستحبة، وليست بسنة»

«Біздің мәзһаб ғалымдары ақиқаны сүннет емес, мұстахаб деген». (Имам Құдури: «әт-Тәжрид»).

Имам Тахауи да өзінің «Мұхтәсар» атты фиқһ кітабында былай дейді:

«والعقيقة تطوع، من شاء فعلها، ومن شاء تركها»

« Ақиқа, ол – нәпіл (ғибадат). Қалаған адам істейді, қаламаған адам істемейді».

Имам Кәсәни «ақиқаға» қатысты Имам Мұхаммедттің «Қалаған адам істесін, қаламаған адам істемесін» деген сөзін келтіргеннен соң: «Бұл сөз ақиқаның мубах екенін көрсетеді» деп өтеді. (Имам Кәсәни: «Бадаиъ).

Ал Имам Мұхаммедтің «әл-Жәмиъус Сағир» атты кітабындағы «Ұл бала үшін де, қыз бала үшін да ақиқа шалынбайды» деген сөзіне орай Ханафи ғалымы Ибн Ғабидин: «لَا يَعِقُّ عَلَى سَبِيلِ السُّنِّيَّةِ - Сүннет ретінде ақиқа шалынбайды...», - деп Имам Мұхаммедттің сөзіне түсіндірме жасаған (бірақ, мұстахаб ретінде шалына береді). Ибн Ғабидин өз сөзін әрі қарай былай жалғастырады:

وَمَا مَرَّ يُؤَيِّدُ أَنَّهَا تَطَوُّعٌ. عَلَى أَنَّهُ وَإِنْ قُلْنَا إنَّهَا مُبَاحَةٌ لَكِنْ بِقَصْدِ الشُّكْرِ تَصِيرُ قُرْبَةً، فَإِنَّ النِّيَّةَ تُصَيِّرُ الْعَادَاتِ عِبَادَاتٍ وَالْمُبَاحَاتِ طَاعَاتٍ

«Жоғарыда айтылғандар оның (ақиқаның) «нәпіл» (ғибадат) екендігін нақтылайды (яғни, мұстахаб екендігін). Біз оны «мубах» деген күннің өзінде, «шүкір ету» ниетімен шалынғаннан соң, ол – құлшылыққа айналады. Өйткені, ниеттер – ъадат нәрселерді ғибадатқа айналдырады, ал мубахтарды «нәпілдерге (мұстахабтарға) айналдырады», - дейді ғұлама. (Ибн Ғабидин: «Раддуль Мұхтәр»).

Ақиқа құрбанының уақыты:

Ақиқа құрбанын баланың туылған күнінен бастап балиғат жасына толғанға дейінгі аралықта шала беруге болады. Десе де, малды жаңа туған нәрестенің жетінші күні, басындағы үлпілдек шашы алынып ат қойыла салысымен шалған абзал. Хадисте сәбидің жетінші күнінде шашы алынып, ат қойылып, ақиқасы сойылатындығы айтылған. (Әбу Дәуід «Сүнән»). Ақиқа құрбанының етін өздері де жеуіне болады, өзгеге де таратып беруіне болады.

Осы тұрғыда, біздің қазақ халқында «Қалжа» деген нәрсе бар. Жас босанған әйелге арнап, мал сойылып, сәбидің анасын сорпалап жатады. Сондықтан да, қалтасы онша көтермейтін мұсылмандар «ақиқа құрбаны» ниетімен мал шалып, сосын оның етін «қалжа» ретінде қолдануларына болады.

Жетінші күні сәбидің шашын алудың пайдасы

Жоғарыдағы хадисте «Әмитуу анһу ал-Әзә» деген жері бар. «әл-Әзә» сөзінің мәнін кітаптарда «жаңа туған баланың шашын алу» деп жорамалдаған. «Әзә» сөзінің тілдік мағынасы: «жайсыздық», «ұнамсыздық», «зиянды нәрселер» деген мағыналарға саяды.

Баланың басындағы шашын неге «Әзә» деген? Пайғамбарымыздың жаңа туған баланың шашы үшін «Әзә» сөзін қолдануы бекер емес. Мұны, қазіргі медицина тұрғысынан түсіндіруге болады. Медицина бойынша, жаңа туған баланың шашын 40 күнде алса, бұл – баланың көру қабілетін арттырып, кейіннен өсіп шығатын шаштарды қуаттай түседі екен. Сергектілік, зеректілік пайда етеді екен. Әсіресе, шашты баланың жетінші күні алса, аталмыш пайдалар екі есеге артатынға ұқсайды. Демек, Хадистегі шаштың орнына «әзә» (жайсыз, жағымсыз) сөзін қолдануының өзінде үлкен мән-мағына жатыр, ал оны жетінші күні алудың пайдасы өз алдына.  

Алла Тағала перзенттерімізге иман, денсаулық, парасаттылық бергей!

 

0 пікір