Түкірудің кәффәраты (хадис тағылымы)
Түкірудің кәффәраты (хадис тағылымы)
1 ай бұрын 10423
А. Қасым

 Ардақты пайғамбарымыз Мұхаммед (ғалейһиссәләм) былай деген:

 قالَ النبيُّ صَلَّى اللهُ عليه وسلَّمَ: البُزَاقُ في المَسْجِدِ خَطِيئَةٌ وكَفَّارَتُهَا دَفْنُهَا

«Мешітте түкіру – қателік. Оның кәффәраты (кешірімі) – түкірікті көміп тастау». («Сахих Бұхари». (189) 229).

Хадистің түсіндірмесі:

«Мешітте түкіру – қателік»: Пайғамбарымыз (с.а.у.) мешіттің ішіне болсын, мейлі ауласына болсын, жалпы мешіт аумағына түкірудің о дүниеде Алланың жазасына ұшыратар күнә екендігін білдіруде.  

«Оның кәффәраты – түкірікті көміп тастау»: Кім осындай күнәға әдейі немесе байқаусызда барып қойса, оның кешірімі, яғни, қателігін жуып-шаюдың жолы – түкірген түкірігінің көзін жою. Егер, топырақты жер болса, топырақпен көмеді. Ал, мысалы, асфальтты жер болса, су құйып тазартады. (Кәффәрат сөзі - істеген күнәсін Алла алдында жуып-шаю деген ұғымда айтылып отыр).

Аталмыш хадис – Имам Бұхаридің «Сахих Бұхари» атты хадис жинағында және Имам Мүслімнің «Сахих Мүслім» атты хадис жинағында орын алған. Сондай-ақ, Имам Әбу Дәуідтің «Сүнәнінда» да келтіріледі.  

Хадистен алынатын тәлім:

  1. Мешітке түкіруден сақтану. Өйткені, ондай әрекет – істеушіні жазаға душар етер күнә болып табылады. Тіпті, Ибн Ъиммад (ابْنُ الْعِمَادِ) сынды ғалымдар: «Кімде-кім күнә екенін елемей мешітте түкірер болса, кәпір болады», - деп тұжырымдаған, Алла сақтасын!
  2. Мешітте түкірудің кешірімі – сол түкірікті қалай болса да кетіру болып табылады. Мысалы, қара жерде болса топырақпен көму, ал асфальтты жерде болса жуу арқылы түкірігін кетірер болса, түкіргені үшін жазылған күнәсі кешіріледі[1].
  3. Мешіттен тыс жерлерде де лаж болса түкірмеген жөн. Мысалы, көшеде түкіруге мәжбүр болып тұрса, қағаз майлыққа түкіріп, артынан қоқысқа тастағаны жөн, ал майлық болмаған жағдайда топырақты жерге түкіріп, онысын топырақпен көміп тастасын.

Ғибрат хикая:

Әбу Әли ад-Даққақ мынадай бір оқиғаны әңгімелейді:

«Әбу Язид әл-Бистәми күндердің бірінде әулиелікпен сипатталатын (жүрт әулие деп жүрген) бір шейх адаммен жолығу үшін жолға шығады. Әулиенің мешітіне барып, оның шығуын күтіп отырады. Біраздан кейін күткен адамы да шығады.  Алайда ол мешіттің ішінде (ауласына) түкіреді. Оның бұл қылығын байқап қалған Әбу Язид оған сәлем де бермей, дереу орнынан тұрады да ол жерден кетіп қалады. Содан кейін Әбу Язид: «Алла елшісінің әдебін дұрыс орындай алмай жүрген адамға хақтың сырлары жайында қалай сенім артуға болады» деген екен»[2].

[1] Хамза Мұхаммед Қасым: «Мәнәруль Қари Шарху Мұхтәсари Сахих әл-Бұхари».
[2] Имам Жәләлуддин әс-Суюти: «Мифтәхуль Жәннә филь Ихтижәж бис сүннә».

0 пікір