Төрт нәрсе бақыттан және төрт нәрсе бақытсыздықтан (хадис тағылымы)
Төрт нәрсе бақыттан және төрт нәрсе бақытсыздықтан (хадис тағылымы)
6 ай бұрын 4457
А. Қасым

Сахаба Саъд ибн Әбу Уаққас (Алла оған разы болсын) жеткізген бір сахих хадисте Алла елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай деген: 

أربعٌ من السعادةِ : المرأةُ الصالحةُ ، والمسكنُ الواسعُ ، والجارُ الصالحُ ، والمركبُ الهنيءُ . أربعٌ من الشَّقاءِ : الجارُ السوءُ ، والمرأةُ السوءُ ، والمركبُ السوءُ ، والمسكنُ الضَّيِّقُ

«Төрт нәрсе бақыттан, (олар):

  • салиқалы әйел,
  • кең баспана,
  • жақсы көрші
  • және жүрісті мініс. 

Төрт нәрсе бақытсыздықтан, (олар):

  • Нашар көрші.
  • Жаман әйел.
  • Нашар мініс.
  • Тар баспана»1.

Сайып өтілген дүниелердің маңыздылығы мен адам өміріне тигізер әсері орасан зор.

Жақсы көрші

«Жақсы көрші - саяң, жаман көрші - шаян» деп атам қазақ айтқандай, көршісі жақсы болса ол да бір, туысың дабір, ал көршіңіз нашар болса, күнде айқай, ұрыс, шағым. Сондықтан да, араб ұлтында «үйден бұрын, көршіңді ізде» деген мақал қалған.

Жақсы әйел

«Жақсы әйел - бақытың, жаман әйел - сарқытың» деген де сөз бар. Үйдің ұйытқысы, берекесі әйел екені даусыз. Сол себепті, отағасы үйіне келгенде, жарқырап жары күтіп алса, таң ертең жұмысқа асын беріп шығарып салса, еркек үшін бұдан артық ештеңе керек емес. Ал егер әйелі «ә десе, мә деп» бетіңнен алып, төсіңнен шауып тұрса, күнде күйеуінің кемсін тұсын бетіне басып, оның еңсесін түсіріп отырса, еркек үшін одан артық тозақ жоқ. Сол себепті де Пайғамбарымыз (с.а.у.) «салиқалы әйелді» бақыттың бір нышаны ретінде сипаттап отыр. Басқа хадис шарифтае осы өткінші өмірдегі ең абзал несібенің салиқалы әйел екендігін баса айтып кетеді.

Жақсы көлік

Ер қанаты ат деп жатамыз. Сол көліктің де жақсысы - жақсы, ал жүрмейтін, бұзыла беретін көлік сор. Сондықтан да, пайғамбарымыз жүрісті міністі дүние бақыттарының бірі ретінде есептеп отыр, ал жаман көлікті бақытсыздық, жол болмаушылық деп сипаттап отыр.

Жақсы баспана

Пайғамбарымыздың (с.а.у.) баспанасы тар болған. Көршілес патшалар секілді зәулім сарайы, алтынмен көмкерілген тағы, жібек матадан тігілген төсегі болған емес. Өте қарапайым күн кешті. Сондықтан да, «тар баспананың» зарын Алла елшісі бір адамдай біледі. Әрине, Алла елшісі (с.а.у.) қаласа сарай тұрғызып алар еді, қаласа Құдай оған таусылмайтын байлық берер еді, алайда Пайғамбарымыз (с.а.у.) ақыретті таңдап, дүниеге қызықпады. Осылай өзінен кейінгі патшаларға жақсы өнеге бола білді. Ендеше, Пайғамбарымыз (с.а.у.) өзі тар баспанада өмір кешіп жатса да, сахабаларға «кең үйдің жақсы» екендігін де айтып кетті. 

Хадистен шығар үкім: мұсылман адамның жақсы мініске мініп, кең үйде тұруы күнә емес, мубах амал екендігін ұғамыз, және де, әлдебір мұсылманның өзінің жағдайын жасап бақытты өмір сүруге ұмтылуына болатындығын түсінеміз.


1Ибн Хаббан, риуаят еткен. Сахих хадис.

0 пікір