Құдайдан үміті бар пенденің тәубе жасап, Құдай Тағалаға бет бұрмағы ләзім. Өкінішке орай, зина жасап, арақ ішіп, құмар ойнап, ұрлық істеп, біреудің ақысына кіріп т.б. күнәға белшесінен батып жүрсе де бес күндік өмірдің қызығына алданып, опық жеп жататындар баршылық. Алла Тағала бізге күнә істеген жағдайда бірден тәубе жасап, күнәдан тыйылуды бұйырады. «Ей, мүмін-мұсылмандар! Аллаға шын ниетпен тәубе жасаңдар» деп бұйырады Құранда және аяттың жалғасында: «Сонда Алла күнәларыңды өшіруі ғажап емес» деп келіп, аяттың соңында: «(О дүниеде) сендерді астарынан өзендер ағатын пейіштеріне кіргізеді» дейді. («Тахрим» сүресі, 8 аят). Алла Тағала шынайы тәубе жасаған пендесінің күнәсін кешіріп, оны пейіш бақшаларына кіргізетіндігін бұйырып тұр.
Әрине, тәубе еткенде келесіде қайталамау ниетімен тәубе жасау керек және ол күнәсінан ұзақ тұрмағы ләзім, осыны «тәубә насуха» дейді. Құранда: «олар білетұра істеген күнә істерін табанды түрде істемейді..» деп айтылған. Бұл да сол істеген күнәсіна тәубе еткеннен соң, әдейі біле тұра күнәсін жалғастырмау керек екендігіне дәлел. Егеряки, күнәсін қайталап қойған болса, қайта тәубе етуі шарт болмақ.
Бірақ пенденің ертеңі таусылмайды ғой. «Ертең», «ертең», «ертең» деп жүріп, өлім қалай келіп жеткенін байқамай қалады. «Бірақ адам баласы күнәні жалғастыра бергісі келеді» делінеді Құранда. («Қиямет» сүресі, 5 аят). Яғни, күнәсін алдымен істеп, ал тәубені кейінге қалдырады, осылайша «кейін тәубе етемін» деп жүргенде күнә істеп жатқан сәтінде өлім келіп, тәубесіз қайтқан болады. Сондықтан, «Мүсәууифтер құрыды» деген Пайғамбарымыз (с.а.у.). «Мүсәууиф» деп «ертеңі таусылмайтын» пендені айтады. «Кейін тәубе етемін, ертең тәубе етемін» деп жүретіндер.
Ал пендеге міндеттелгені, ол - әр кезде тәубекәр болып жүруі, бүгін, ертең ажалы келіп қалса, тәубе етіп кеткен болуы үшін. «Алла пенделерінің тәубелерін қабыл етіп, олардың жамандықтарын кешіреді» делінеді Құранда. («Шура» сүресі, 25 аят). Яғни, егер тәубеге келіп, күнәсінан қайтса, Алла оның күнәсін кешеді дегендік.
Тәубенің үш негізі бар:
- Іштей жүрегімен күнәсіне өкіну;
- Тіліміне ауызша истиғфар айтып, Құдайдан кешірім тілеу.
- Істеген күнәсіне ешқашан оралмайтындығына іштей бекіну.
Ендеше, қандай да бір күнә істеп қойған болсақ, артынша тәубе етуді ұмытпайық, ағайын. Өйткені күнәсіна тәубе ету мүмін үшін уәжіп (міндет) болмақ. «Шынында Алла Тағала тәубешіл пенделерді және тазаланушы пенделерді жақсы көреді». («Бақара» сүресі, 222 аят).