«Ол - Имам Әбу Ханифа. Толық аты-жөні: Нұғман ибн Сәбит әт-Тәймий Мәуләһумуль Куфий.
Ирак өңірінің фәқиһы (фиқһ білгірі). Исламның алдыңғы қатарлы көшбасшыларының бірі. Көрнекті мырза. Ғұламалардың тіректерінің бірі. Халық ұстанатын төрт мәзхаб имамдарының бірегейі. Ол төрт мәзхаб имамдарының ең үлкені әрі ең әуелі қайтыс болғаны. Және Ол сахабалардың дәуірін көрген адам.
Сахабалардан Әнәс ибн Мәлікті көзі көрген. Кей мәліметтерде одан да басқа сахабаларды көргендігі айтылады. Кейбір айтылғандарға қарағанда, Әбу Ханифа жеті сахабадан хадис риуаят еткен, Алла біледі. Олар - Әнәс ибн Мәлік, Жәбір ибн Абдулла, Абдулла ибн Үнәйс, Абдулла ибн Әбу Әуфә, Абдулла ибн әл-Хәрис ибн Жүз-и әз-Зүбәйди, Мәъқал ибн Ясәр, Уәсилә ибн әл-Әсқаъ және Айща бинт Ъажрад Алла баршасынан разы болсын. Бізге "Әбу Ханифа жеткізді" делініп аталмыш сахабалардан көптеген риуаяттар жеткен, алайда ол риуаяттардың денінің Әбу Ханифаға барып тірелетіндігі күмәнді, өйткені, біразының риуаятшылар тізбегінде белгісіз адамдардың есімі орын алған, ал кей риуаяттардың мәтінінде ақаулықтар кездеседі. Алла білуші.
Сахабалардан бөлек тәбиғиндердің біразынан хадис жеткізген, мысалы, әл-Хәкәм, Хаммад ибн Сүйлейман, Сәләмә ибн Күһәйл, Ъамир әш-Шаъби, Ъикрима, Ъата, Қатәда, әз-Зүһри, Ибн Омардың азаттысы Нәфиъ, Яхя ибн Сәъид әл-Аңсари, Әбу Исхақ әс-Сәбиъий.
Және Оның өзінен көптеген ғалымдар хадис риуаят еткен, мысалы: баласы Хаммад, Ибраһим ибн Таһман, Исхақ ибн Юсуф әл-Азрақ, Әсәд ибн Амр әл-Қазы, Хасан ибн Зияд әл-Лүлү, Хамза әз-Зәйиәт, Дәуід ат-Таий, Зүфәр, Абдурраззақ, Әбу Нуъәйм, Мұхаммед ибн Хасан әш-Шәйбәни, Һүшәйм, Уәкиъ, Қазы Әбу Юсуф (Имам Әбу Юсуф).
Яхя ибн Мәъин1 ол жайында былай деген: «Әбу Ханифа сиқа тұғын (сенімді) және ол шыншылдардан (әһл сыйдқ) болатын. Ол өтірікпен айыпталған емес. Оны Ибн Һүбәйра қазылық қызметін қабылдатамын деп ұрып, соқты, бірақ ол қазы болудан бас тартты... («Сиқа», «әһли сыйдқ», «өтірікпен айыпталмаған» деген сөздер құр мақтау сөздер емес, хадис ғылымында әлдебір сенімді хадисші ғалымға тағылар айдарлар, мұндай бағаға ие ғалымның келтірген хадистері алынады).
Абдулла ибн Мүбәрак былай деген: «Егер, Алла Тағала мені Әбу Ханифамен және Суфиян әс-Сәуримен құтқармағанда, мен де өзге адамдар сияқты болар едім».
Имам Шәфиғи былай деді: «Кім фиқһ ілімін қаласа, ол - Әбу Ханифаның баласы, кім сира ілімін қаласа, ол - Ибн Исхақтың баласы, кім хадис ілімін қаласа, ол - Мәліктің баласы, кім тәпсір ілімін қаласа, ол - Мұқатиль ибн Сүлейманның баласы».
Абдулла ибн Дәуід айтқан: «Адамдар Әбу Ханифаға күнде намаздарынан кейін дұға етіп тұрулары керек, себебі ол фиқһ ілімін және сүннетті аман сақтап, қалдырды».
Суфяну әс-Сәури және Абдулла ибн Мүбарак былай деген: «Әбу Ханифа өз заманында жер бетіндегі ең фиқһ білгірі еді»...
Хатиб әл-Бәғдәдидің Әсәд ибн Амрден жеткізген мәліметі бойынша, Әбу Ханифа түнімен намаз оқитын, Құранды күнде түнде оқитын және дұға жасап, қатты жылайтыны соншалықты, көршілерінің жандары ашитын болған. Ол қырық жыл бойы құптанға алған дәретімен таң намазын оқыпты. Және ол қайтыс болған орнында Құранды жеті мың рет қатым еткен. Сөйткен ғалым Хижри 150 жылы, Ражаб айында бақилық болды. Ибн Мәъин жүз елу бірінші жылы қайтыс болды дейді, одан тағы біреуі жүз елу үшінші жылы қайтыс болды деді. Алайда, дұрысы - біріншісі (150 жыл).
Әбу Ханифаның туылған жылы Хижри сексенінші жыл болатын. Жетпіс жыл ғұмыр кешті. Оның жаназа намазы Бағдад қаласында жеті мәрте оқылды, өйткені жаназасына келушілердің қатары көп еді. Қабірі де сол жақта (Бағдадта) орналасқан. Алла оны мейіріміне бөлесін!»
Ибн Кәсир (миләди 1301-1373 ж), «әл-Бидәя уән-Ниһәя».
Ықшамдап аударған А. Қасым.
1Яхя ибн Мәъин (хижри 158 жылы туылды) өз уақытындағы хадисшілердің шейхы, хадисте «хафиз» және «жәрх уәт тәъдил» ғылымының алдыңғы қатарлы ғалымы болған. Суннит жолындағы ұлы хадисші ғалымдардың бірі.