Шәкірт әр уақытын пайдалы өткізуі қажет
Шәкірт әр уақытын пайдалы өткізуі қажет
1 жыл бұрын 2539

Шәкірт көп ілім үйрену үшін әр уақытын пайдалы өткізуі қажет. Ал пайдалану жолы дегеніміз – өзімен бірге үнемі қалам алып жүру. Осылайша әрбір естіген пайдалы нәрселерді жазып алып жүру.

«Жаттаған ұмытылады, жазылған сақталады» деп бекер айтылмаса керек.

«Білім ғалымдар аузынан алынады. Олар естігендерінің ең жақсысын жаттап алады және жаттап алған дүниелерінің ең жақсысын айтады» дейді.

Таңдаулы әдебиетші атымен танымал шейх имам, әдебиетші ұстаз Рукнаддин Һилал ибн Ясардың былай дегенін айтады:

«Алла елшісі (с.ғ.с.) сахабаларына білім мен даналық жайлы бірер сөз айтып тұр екен. Мен жақындап барып: «Пайғамбарым, айтқаныңызды тағы да қайталаңызшы», – дедім. Ол кісі (с.ғ.с.) «Қолыңда сиясауытың бар ма?» деп сұрады. Мен «Жоқ» дедім. Сонда Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Һилал, сиясауытты тастама. Қиямет күніне дейін жақсылық сиясауытта және оның иесінде», – деген еді».

Садр Шаһид Хусамаддин баласына күн сайын білім мен даналықтан аз ғана дүние жаттауды насихат еткен. Бұл бір жағынан оңай, және де бұл аз дүние жуық уақытта көпке айналады. Өмір қысқа, ал білім көп. Сондықтан уақытты зая кетірмеу керек. Түн мен бос уақыттың қадірін білу қажет. Яхия ибн Муъаз Рази:

«Түн ұзақ, оны ұйықтап қысқартпа.
Күндіз жарық, оны күнә істеп тұнжыратпа», – деген екен.

Шейхтарды ғанибет тұтып, олардан барынша пайдалану керек. Өйткені жоғалған дүниенің барлығын қайтару мүмкін емес. Ұстазымыз шейх Ислам (р.а.): «Қаншама үлкен шейхты көріп, олардан жақсылық үйрене алмадым», – деп өкініп отырушы еді. Мен де жоғалтқан осындай дүниелерім жайлы өлеңдетіп:

Қандай өкініш, жолығып жоғалтқаныма,
Әрбір кеткен дүние кері қайтарылмас, – дер едім. Хазірет Әли (р.а.):

«Егер бір іспен шұғылданып жатсаң, сол ісіңмен бол», – деген екен.

Алла тағаланың ілімінен теріс айналудың өзі бақытсыздық және қорлық. Одан сақтану үшін күні-түні Алла тағалаға сыйын. Шәкірт ілім жолында ауыртпалық пен қиындыққа төзе білуі керек. Білімнен басқа нәрсе үшін жалыну жаман мінез. Шәкірт ұстазына, білім жолындағы серіктеріне және басқа кісілерге білімін пайдалану үшін жағымпазданса ештеңе етпейді. Сондықтан болар бұрынғылар «білім қадірлі, онда ешбір қорлық жоқ. Бірақ қорлық көрмей білімге қол жетпейді», – дейтін еді. Мына бір өлең жолында да:

Қадірлі болуға құмартқан,
Көремін әзиз жаныңды.
Сен оған жетпейсің бірақ та,
Нәпсіңді қор етпей кәдімгі, – деп айтылған1.


1  Бұрхануддин Зарнужи: «Тәлімгер тағылымы». Қазақша аударма. Астана-2011 ж.

0 пікір